1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №86 (16272) 26 қазан, бейсенбі 2017
26 қазан 2017
Қостанайға көш келсе мектептер жабылып, ғимараттар бұзылмас еді

Аймағымызда халық санының күрт азаюына ауылдар азып-тозып барады. Сондықтан солтүстік аймақтағы әкімдердің еңбегін, депутаттардың белсенділігін өңірдегі демографиялық ахуалдың жақсаруына қарап бағалау қажет. Олар өз ауылдық округінде, ауданында, облысында халық санының артуына мүдделі болуы тиіс. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, жайлы ауылдан, ауданнан, облыстан халық үдере көше қоймасы анық. «Жайлы» дегеніміз – «алма піс – аузыма түс» деген сөз емес, ауылдың жолы, байланысы, интернеті, мектебі, ауызсуы болса, мал ұстауға, кәсіп ашуға қолайлы болса болғаны.
Солтүстікте тұрмысқа қолайлы жер бар, бірақ халық саны жылдан-жылға кеміп барады. Совет заманында күшпен көшірілген неміс, орыс, украин бауырлар өздерінің атажұртына көше бастағанда ауыл мектептері мен учаскелік ауруханалар жабыла бастады. Жергілікті билік және депутаттар тарапынан ауылдағы мектеп, балабақша, аурухана, кеңсе, кітапхана, мәдениет үйі, ауыл моншасы, өндіріс т.б. ғимараттарын сақтап қалу туралы шұғыл шешім қабылданбады. Дәл сол сәтте, мәселен, әкімдер мен депутаттар тұрғындарға ақыл-кеңес айтып, оңтүстіктен халықты солтүстікке көшіру мәселесін көтергенде, шетелден оралғысы келетін қазақтардың солтүстіктегі облыстарға қоныстануына мүдделі болатындай бағдарламалар қабылдау қажеттігін ескеріп, үкіметке мақұлдатып алғанда жағдай басқаша болар ма еді... Әттеген-ай дейміз. Кеңес заманынан қалған ауыл техникасы мен совхоздың малы талан-таражға түсті: ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.
Жергілікті биліктен қайыр болмайтынына көзі жеткен ауыл адамдары өз үйіне қосымша бөлме салып алу, тозығы жеткен мал қораларын жөндеу, өзіне жеке монша салып алу үшін бос тұрған ғимараттардың тақтайын, есік-терезесін бұзып ала бастаған. Бір-бірінен қалыспады. Халық саны кеміген сайын, бұрынғы тұрғын үйлерді сатып алып, оларды да бұза бастады.
Ауыл жағдайы нашарлай бастаған соң, оң өзгерістер байқалмағаннан кейін, тұрмысына бір өзгеріс енгізу үшін қалаға көшіп жатыр. Мұның бәрі ауылдағы, аудандағы, облыстағы демографияның нашарлауы салдарынан болып жатыр. Қазір көшіп келушілерге қарағанда көшіп кетушілер саны анағұрлым көп болып тұр.
Мәселен, Қарабалық аудандық әкімдігінен келген хат мазмұнына назар аударайық: «2007 жылы аудандағы 41 мектепте 4321 білім алушылар, 2017 жылы 35 мектепте 3087 білім алушылар білім алғанын көрсетті». Яғни оқушылар саны соңғы 10 жыл ішінде 1234-ға балаға кеміген. Оқушылар осылай кеми берсе, 15-20 жылдан соң аудан мектептері қаңырап бос қалатын түрі бар. Мектептер бірінен соң бірі жабыла берсе, мектептердің типтік ғимараттары бұзылып, орнын сипап қалмаймыз ба? Соңғы жылдары ауданымызда мектеп, мектеп-интернат ғимараттарының бұзылуы «дәстүрге» айналды. Победа, Жаңаауыл, Мағынай, Тастыөзек, Бөрілі ауылдарының мектеп ғимараттары берісі – 15-20 жыл, әрісі 30 жыл ғана пайдаланылғаннан кейін бірінен соң бірі қиратылды. Мұның бәрі ауданымызда демографияның нашарлауы салдарының нақты көрінісі. Осы мәселе солтүстіктегі өзге аудандарда да, өзге облыстарда жоқ деп кесіп айта алмаймыз.
Мәселен, Победа ауылында екіқабатты орта мектеп-интернаты 1974 жылы салынып, қолданысқа берілген. Бірақ 1991 жылдан бастап бұзыла бастады. Қазір оның орнын арамшөп басқан. Орта мектеп бос тұрған балабақша ғимаратына көшірілді.
Жаңаауыл мектебі жабылып, небәрі 20-25 жылдай қызмет еткен типтік ғимараты ауыл тұрғындарының, мектеп түлектерінің есінде ғана қалды. Қазір мектеп орнында мал жайылып жүр. Бала саны көп болса, мектеп жабылып, ғимараты да бұзылмас еді.
Мағынай ауылындағы мектеп жабылған соң, мектеп ғимаратының тағдырын жергілікті әкім емес, құрылыс материалдарын іздегендер шешті. Мағынай үлкен колхоз болған, соғыс жылдары және одан кейін мектеп-интернат болған. Мағынай мектеп-интернатында Аққұдық, Жамбыл, Еңбек ауылдарының балалары оқып, білім алған. Жүз жылға жуық тарихы бар мектепті жабылудан аман алып қалуды ойлаған жан болмағаны өкінішті. 2005 жылы мектеп жабылды.
Бір кездері аудан орталығы болған Бөрілі ауылына 1978 жылы жаңа мектеп-интернат ғимараты салынған, бірақ 12-13 жыл өткенде ғимараттың есік-терезесі, кірпіш-тасына әлдекімдердің көзі түскен сыңайлы. Мектепті салуға қарағанда, бұзып алу әлдеқайда жеңіл екені тағы бір дәлелденді.
Тастыөзек ауылында мектеп-интернат 1986 жылы салынды. Совет өкіметінің соңғы жылдары ауданымызда салынған екі мектептің бірі де осы – Тастыөзек орта мектебі. Екіқабатты жаңа мектеп-интернат ауылдың сәні еді. Іші жарық, кең, жылы болатын. Білім беруге барлық жағдай жасалды. Бала көп, жоғары білімді, жоғары санатты мұғалімдер де жеткілікті еді. Амал нешік, 2007 жылы аудан орталығы Қарабалық кентінде қазақ мектебі ашылып, аудандық білім бөлімі Тастыөзек мектебінің мұғалімдерін осы жаққа жұмысқа шақырды. Тастыөзек мектебін жаппаса, Қарабалықта қазақ мектебін ашу мүмкін болмады.
Мұғалімдер білім бөлімінің «көңілін қимай», амал жоқ, өз мектебін тастап кетті. Мектеп жабылған соң, ізінше бала-шағасын шұбыртып, жас отбасылар да мектебі бар елді мекен іздеп, көшуге мәжбүр болды. Ауылда халық саны күрт азайды. Қазір Тастыөзекте 5-6 отбасы ғана қалған. Ауылдың бұрынғы тұрғыны Асқар есімді азамат: «Әкем ауылда тұрады, мал ұстайды. Ауыл мектебі қаңырап бос тұр. Тым болмаса бұзылмаса игі. Ауылды қайта түлету үмітіміз бар ғой», – деп еді. Бірақ ел үміті мен мектеп ғимаратының тағдырын қолына алғандардың мақсаты қиыспайтын сияқты: мектеп ғимараты биыл аукцион арқылы сатылды. Сатып алғандар, әрине, Тастыөзекте мектеп немесе сауда орталығын аша қоймас, бірақ мектеп-интернаттың кірпіш-тасы қалада салынатын коттедждің не сауда орталығының бір қажетіне жарайтын сияқты. Әкімдер мен депутаттар қызметінің басты бағыттарының бірі – демографияны жақсарту болса, жоғарыда аталған мектептер жабылмас еді, ғимараттары қиратылмас еді.
Сөз орайы келіп тұрғанда айта кетейік, Кеңес өкіметі кезінде әр кеңшарда учаскелік аурухана болатын. Қызметінің сапасы қазіргі аудандық орталық ауруханадан бір мысқал кем емес-тін. Дәрігер мамандар да көшіп кетті. Учаскелік ауруханалар жабылып, ғимараттары бұзылды. Жұрт «басшылар өздері біледі» десті. Бірақ аурухана ғимараттары сұраусыз кетті. Сол жағдай сабақ болуы тиіс.
Біздің мақсатымыз – учаскелік ауруханалар сияқты мектеп ғимараттарын бұзылудан аман сақтап қалу. Демография үнемі нашарлай бермесе керек, шегіне жеткенде, уақыты келгенде еліміз аяғынан нық тұрып, солтүстікке жұрт ағыла бастайды. Сол кезде осы мектептерді қайта салуға тура келеді. Сондықтан қазіргі мектептер мен ғимараттар бұрынғы учаскелік ауруханалардың кебін кимесе екен, сақтап қалсақ екен деген тілек бар. Демографиялық жағдайды жақсартып, ауылдарды сақтап қалу үшін ойласып, аудан халқы, облыс тұрғындарының санын арттыру ісіне титтей болса да шама-шарқымызша үлес қосуымыз керек. Демографияны жақсарту мүмкіндіктерінің бәрін жіпке тізіп, нәтижеге жету үшін нақты шаралар жоспарын жасауды ұсынамыз. Ішкі миграцияны жандандырып, шетелдегі қандастарды солтүстіктегі ауылдарға шақырсақ болар еді.
Тек Қостанай облысы емес, СҚО, Ақмола, ШҚО, Павлодар облыс, аудан әкімдерінің еңбегін, мәслихат депутаттарының қызметін де бағалау осы аймақтардағы демографиялық өсімге тікелей байланысты болатындай, ал ОҚО, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Қарағанды облыс, аудан әкімдерінің еңбегін, мәслихат депутаттарының қызметін бағалау осы аймақтағы халық санын солтүстік пен шығысқа қоныстануына мүдделі болатындай кешенді бағдарламалар тізбесін анықтауды сұраймыз.
Солтүстік пен оңтүстік әкімдері мен депутаттары қоян-қолтық жұмыс атқарып, облысаралық, ауданаралық «көпір» орнатып, демографиялық ахуалды реттеуге атсалысуға мүдделі болуы тиіс. Алла тағала тірлігіміздің сәні әрі негізі – бірлігіміз бен ынтымағымыздан айырмағай!
 

Төлен РАМАЗАНҰЛЫ
Қарабалық ауданы
Қостанай облысы
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Сарыағаш | 27 қазан 2017 08:01
Дұрыс қой, бірақ ол жақ СУЫҚ қой!
Төлен РАМАЗАНҰЛЫ | 1 қараша 2017 14:34
бәлендей суық емес, қайта пысисыз, жас қалпыңызда жүресіз қартаймайсыз, себебі қол қусырып қарап отырмайсыз, таза ауада аязды күні еңбек етесіз, ағаш отын жаздырып алып, кесу, жару әркімнің қолы жете бермейтін арман ғой!
Соғым семіртіп, ет жейсіз, тоңбайсыз. Шынымды айтам, әлі ешкім де үсіп өлген жоқ Қайта таза ауада еңбек еткеннің дені сау болады. Жер кең, келіңіздер!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті