1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №83 (16269) 17 қазан, сейсенбі 2017
17 қазан 2017
Атырау ауа құрамын тексеретін құрал ала алмай отыр

Атырау қаласының аумағында химиялық реагенттер шығаратын зауыт салу жобасын оның қоршаған ортаға әсерін бағалау бойынша өткен қоғамдық тыңдауына жиналған ғалымдар мен белсенділер ту-талақай етіп сынап тастады. Жобаның жай-жапсарымен таныстырған «Caspian constractors trust» ЖШС филиалының директоры Павел Захаров оның бар-жоғы 140 жұмыс қолына лайықталғанын айтып, шағын цех ретінде көрсетуге тырысқанымен, көпшіліктің ондай уәжге көнетін түрі байқалмады. Жаңа өндіріс орны қала шетіндегі Химпоселок аумағындағы 2,5 га жерге салынып, тәулігіне 30 тонна өнім шығармақ екен. Қоршаған ортасына ешқандай зияны жоқ-мыс.
Дегенмен жобаны қорғаушылар академик Мұхтар Диаровтың қандай тәжірибелер жасалғаны, қандай химреагенттер қолданылатыны, олардың қосылыстарынан не шығатыны, ауаға, халыққа әсері жөніндегі нақты сұрақтарына мардымды жауап болмады. Ал Атырау мұнай және газ университеті Каспий зерттеу институтының директоры Қосан Тасқынбаев ел-жұрт тұрып жатқан жерде қандай да бір өндіріс ошағын ашуға тыйым салу керектігін айтып, зауытты шаһардан 60 шақырымдай қашықтықтағы Қарабатан зауытының санитарлық-экономикалық зонасынан ашуды ұсынды. Жергілікті тұрғындардың бұлайша ашынуы жай емес. Өткен тамыз айында мұнайлы өңірдің ауасы он шақты күндей бензин иісіне мүңкіп тұрды. Біреулердің қан қысымы көтерілді, мұрны қанады, берекесі кеткен жұртшылық есік-терезені жауып, қымтанып отырып жан сақтады. Атырау мұнай өңдеу зауыты бастапқыда жағымсыз иіске қатысы жоғын көлденең тартқанымен, қала тұрғындары мен табиғат қорғау прокуратурасының шағымы бойынша жүргізілген тексеріс бірнеше заңбұзушылықты анықтады. Зауыттың күрделі жөндеу кезінде қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасын жасақтамағаны үшін 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, қолайсыз ауа райы жағдайында жұмыс жүктемесін азайтпағаны үшін ескерту жасалды.
Бірақ осымен мәселе шешіле қалған жоқ. Қарадай қарап отырып тұншығатын болған тұрғындар арызданып, зауыт аумағындағы ауа құрамын зерттеген «Қазгидромет» сол кезде «ауадағы көмірсутектері концентрациясы белгіленген мөлшерден аспайды» деп айды аспанға бір-ақ шығарған еді. Ал осы мәселемен тікелей айналысуы тиіс экология департаментінде өндірістік қалдықтардың ауаға таралу деңгейін анықтайтын құрал да жоқ болып шықты. Мекеме басшысы Қабижан Қапанов құрал-жабдықтарының ескіргенін, жаңа бақылау құралын басты жеткізуші Ресей жиі-жиі бағасын өсіріп отырғандықтан, ала алмай отырғандарын айтқан еді. Қазіргі таңда қоғам белсендісі Арман Хайруллиннің бастамасымен тұрғындар өз еріктерімен бұл құралды алу үшін қаражат жинауда. Оған қол жеткізген жағдайда жұртшылық қоршаған ортаның ластану деңгейін дәл анықтап, әділ таразылайтын болады.
Қазір жағдайдың беті бері бұрылғаны байқалады. Жақында Атырау мұнай өңдеу зауыты қала аумағынан сегіз шақырым қашықтықта жаңа кәсіпорын ашты. Бұдан былай цистерналарды буландыру, құю, төгу жұмыстары да сонда жасалмақ. Мұның экологияны жақсартуға айтарлықтай себі тиеді деген үміт бар. Өндіріске ғана мән беріп, қалған жайға көз жұма қараудың соңы Атырауды «вахталық қалашыққа» айналдыратынын түсінетін уақыт әлдеқашан жетті.

Құралай ҚУАТОВА
Атырау облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті