1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №83 (16269) 17 қазан, сейсенбі 2017
17 қазан 2017
Әкімдер мінсе де, автобустың жағдайы жақсармады

Семейдегі қоғамдық көліктер қызметінің сапасы сын көтермейтіні туралы әңгіме «айтақтай-айтақтай қасқырдан да ұят болдының» керін келтіріп отыр. Қаладағы жолаушы тасымалымен айналысатын алты компания жолақыны көтермесе, халықтың тарапынан айтылған сын мен әкімдіктің ескертпе-талаптарын шыбын шаққан құрлы көрмейтінін аңғартып, өз дегендерімен жүре беретін. Қалалық әкімдік пен мәслихат депутаттары амалсыздан олардың айтқанына көніп, тамыз айынан бастап жолақыны 80 теңгеге көтерді. Бірақ мұның қала тұрғындарының қалтасына ауыр соғатынын жергілікті билік жатқа білгенімен, есесіне автобустар мен «Газельдердің» жүру уақытын сағат 22:00-ге дейін ұзартқандарымен жуып-шайып, екі жаққа да (халық пен жолаушы тасымалымен айналысатындарға) жақсы көрінгендей болып еді.
Алайда қоғамдық көлік қызметінің бағасы көтерілгенімен, сапасы жақсармағандығы туралы семейліктердің шағымы толастайтын түрі жоқ. Расында да, қараңғы түспей жатып қарасы сирей бастайтын қоғамдық көліктердің өзімбілермендігі жұрттың жүйкесіне тиіп тұр. Қаланың шет аймағын былай қойып, орталық көшелердегі аялдамаларда кешкілікте автобустардың келуі «Сағынғанда бір келерсің, сарғайғанда бір келерсің» деген ән қайырмасын еріксіз айтқызып тұрады. Сағат 21:00-ге жетпей «сағымға айналып кете баратын» қоғамдық көліктерден күдер үзген жұрт амалсыз такси тоқтатып, бірлесіп мініп, үйлеріне әйтеуір діңкелеп жетіп жатады.
Қоғамдық көліктер қозғалысының халықты ығыр еткенін өзі де сезсе керек, өткенде Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов орынбасары Н.Ушаков пен қалалық мәслихаттың хатшысы Б.Ақжаловты ертіп, БАҚ өкілдерімен бірге автобустарға кезек-кезек мініп-түсіп шықты. Алдымен әкімдік жанындағы аялдамадан 20-бағытта қатынайтын «Шаолинь» маркалы қытайы автобусқа «қарғып мінген» шенеуніктер Ертістің арғы жағындағы қаланың сол жақ бөлігіне дейін халықпен иін тіресіп бірге барды. Тап осы сәтте мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов әңгімесін былайша сабақтады.
– Қоғамдық көліктерге қатысты сыни мәселе мәслихатта да талай көтерілгені белгілі. Бірақ халық тарапынан айтылып жатқан сындардан қорытынды шығатын емес. Мысалы, мына біз мініп келе жатқан автобустың әйнегі сынық. Оны өйтіп-бүйтіп жауып қойған болыпты. Кондуктор аялдама атауларын микрофонмен хабарлап отыруы керек. Ол аялдама сайын айғайлап тұр. Негізі, қожайындары бәрін біліп отыр. Біздің тарапымыздан мұндай мәселелерге орай ресми хаттар да жолданды. Бірақ олар кемшіліктерін жоюға асығатын емес. Ертең сыннан қорытынды шығармаған қожайындарын түсінік беруге шақырып аламыз. Мұндай жағдайға бірнеше рет куә болдық. Олар жолақыны көтеруін сұрап, себептерін айтты. Көтердік, ал олар қызмет сапасын жақсартса керек еді, өкінішке қарай, олай болмай тұр.
Мәслихат хатшысының айтуынша, алдағы жылдан бастап қоғамдық көліктер бағыты жаңа жүйеге көшеді. Бұған дейінгі төрт жылдық қолданысқа берілген бағыт мерзімі келер жылдың жазында аяқталатындықтан, ендігі қозғалыс ретін Алматы ғылыми-зерттеу институтының мамандары қазірден бастап зерттеп жатыр.
«Автомигди» ЖШС-іне қарайтын 20-бағыттағы автобустан «Жаңа құрылыс» аялдамасына келгенде бір-ақ шыққан қала әкімі автобус жүргізушісін қоса алып түсті. Терезесін целлофанмен бүркеп алған жүргізуші мұндай кемшілігі үшін әкім алдында қысылған сыңай танытпады.
– Сіз таңертең жұмысыңызға шығарда дайындығыңыз тексерілді ме? – деді әкім.
– Иә, тексерілді.
– Ешқандай ескерту айтылмады ма?
– Жоқ, айтылмады...
– Сонда мына сынық әйнекпен қыста да жүре бересіз бе?
– Жоқ, оған дейін жөндейміз, – деп күмілжіді жүргізуші. Қала әкімі аты-жөнін қадала сұрағанда барып «Марат» деп әрең айтқан азаматтың сынға жүрдім-бардым қарайтындардың «сортынан» екені байқалып тұрды.
Жолдың қарсы бетіндегі аялдамаға келгенде әкім де аң-таң, біз дең аң-таң күйде қалған көріністің куәсі болдық. Қала ішінде аялдама аумағын жалға алып, шағын дүкен ашатындар аз емес еді. Бұл аялдамаға жапсарластырып бірнеше үстел-орындығымен дәмхана ашылғанын көрген Ермак Сәлімов мұндай заңсыздыққа қалай жол берілгенін өзі де түсіне алмай, қасындағы орынбасары Николай Ушаковқа аңтарыла қарады. Н.Ушаковтың айтуынша, қаладағы 505 аялдаманың 260-ына сауда павильондарын ашуға рұқсат берілген екен. Бірақ қоғамдық орын саналатын аялдамадан мұндай бизнес көзін ашу заңға қайшы келетіндіктен, алдағы уақытта тексеруге уәде беріп құтылды.
Айтпақшы, қазір қала ішіндегі аялдамалар ауыстырылып жатқанын да айта кеткен жөн. Бұрын көзге шыққан сүйелдей ерсі көрінетін алабажақ жарнамалардан түгелдей тазартылып, әйнекті аялдамалар орнатыла бастаған. Дегенмен аялдама атауларына қатысты мәселе де қалтарыста қалып келеді. Мәселен, Шәкәрім университеті бас ғимаратының жанындағы аялдама әлі күнге дейін «Технологиялық институт аялдамасы» болып аталады. Бұл – кеңестік кезеңдегі оқу орнының атауы. Бүгінде институт атымен жоқ. Шәкәрім университеті көз тартып тұр. Демек, «Университет аялдамасы» деген атауға сұранып тұр. Орталықтағы қалалық мәдениет сарайының дәл қасындағы «30-шы гвардияшылар аялдамасы» қай соғыстың қаһармандарының құрметіне қойылғанын қайдам, бірақ «Мәдениет сарайы аялдамасы» деген әдемі атау дәл келетіні анық. Әкім Сәлімов келер жылғы өзгерістерде аялдама атауларының да жаңартылатынына уәде берді.
Қала билігі қанша жерден қоғамдық көлік қозғалыстарын реттеп, сапасын жақсартуға күш салып жатқандай көрінгенімен, жұрт шағымы толастайтын емес. Әсіресе «Таксопарк» серіктестігіне қарайтын 35-бағыттағы автобуспен қатынайтындар қала шетіндегі Водный кентінен шығып, қала ішіне жеткенше бірінің үстіне бірі мініп, итшілеп жетеді. Дәл осы қоғамдық көлікте тұрғындармен тілдесудің сәті түсті.
– Сенбі, жексенбі күндері бұл автобус бізге таңертеңгі 10-ға таман бір-ақ келеді. Бұрын 50-бағыттағы шағын автобус та бірге жүріп тұрғанда айтарлықтай мәселе болмайтын. Неге екені белгісіз, қазір ол маршруттан алып тастады. Шығыс кентінен бастап, Водныйға дейінгі аралықтың өзінде кісі қарасының көптігінен қай жерде келе жатқаныңды біле алмайсың. Аялдама атаулары бірде айтылады, бірде жоқ. Жалғыз автобусқа таласа мінетін біздің бейнет қашанға дейін созылмақ? Тағы бір үлкен автобус қажет, – дейді Водный кентінің тұрғыны Қайрат Әбілов.
– Аялдаманы автоматты түрде хабарлау аппаратының қазақшасынан адам шошиды. Мысалы, 35-бағыттағы автобус Шығыс кентіндегі 1-7 саяжай аялдамаларын басып өтеді. Тап осы тұстарда «Бірінші саябақтар аялдамасы, келесісі екінші саябақтар аялдамасы» деген қойыртпақты естиміз де отырамыз. Кондукторға дұрысы саяжай екенін айтсақ, «оны аударған мен емес, басшылық арнайы тапсырыспен жасатқан» деп өз сөзін өзі сөйлейді. Сонда тапсырыспен жасатқан аудармасының сиқы осы ма? – дейді көпбалалы ана Динара Ахатова.
Қоғамдық көліктерге қатысты пілдің терісіндей қол батпайтын қордалы мәселенің қай-қайсысы да алдағы жылдың өзгерістерінде түгелдей жөнге келетінін айтып отырған қала билігінің уәдесі көңілді семірткенімен, көпшіліктің сенімін күшейтуі неғайбыл. Өйткені алда қыс келе жатыр. Қазірден кешкілікте қара көрсетпейтін автобустар аязға қарамай аялдамада тұратын жұртқа дер кезінде жететіні күмәнді. Оның үстіне мұндай рейд айына бірнеше рет жүріп тұрады. Тіпті көктемде облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі де автобусқа кіріп, халыққа қызмет көрсетуді дұрыс жолға қою керектігін қатаң ескерткен болатын. Қала әкімі Сәлімовтің 45-бағыттағы автобусты бір сағат күткенін де ел ұмыта қойған жоқ. Демек, бұл жолғы рейдтің де қоғамдық көлік қожайындарының желкесін қасытып, бетін қызартуы екіталай.
....Алдағы уақытта кешкілік тексеруге де шығатынын айтып ақталған қала басшысы әкімдік тұсындағы «Орталық алаң» аялдамасына келгенде нөкерлерін ерткен қалпы автобустан түсіп кетті.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Семейлік | 18 қазан 2017 12:19
Бұл айтылған сын рас. Бірақ одан да сорақысы бар. Әсіресе базар аялдамасы. Қанша әкім ауысса да, біреуі осы жерді жөнге келтіре алмады, бүкіл қала тұрмақ. Кондукторлар рупормен айғайлағанда, шопырлар (Семейден ұзап шықпағандар) біріне бірі өте қатты үздіксіз сигнал (қытай автобуссымақтары) бергенде аялдамада автобус тосып тұру мумкін емес. Басқа қаладан келгендер - шок, қонақтарды аялдамадан алыс алып жүруге мәжбүрміз. Жалпы Семей қаласы тозды, адамдары мәдениеттен жұрдай қазір.
ДАРХАН | 19 қазан 2017 10:25
ОСКЕМЕННЫН АВТОБУСТАРЫДА КАРЫК БОП ТУРГАН ЖОК АСРЕСЕ 42 -55 АВТОБУСТАР АУНАП КАЛА ЖАЗДАП ЖУРЕТ АДАМДАР СЫЙМАЙДЫ ЫЛГЫЙДА СЫНЫП УАКТЫНДА КЕЛМЕЙДІ
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті