1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №50 (15820) 27 маусым, бейсенбі 2013
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
27 маусым 2013
Мұның бәрiн тас-талқан еткен...

Мен ата-бабаларым қасiрет шеккен 1930-жылдардың орта кезiнде дүниеге келiппiн. Мiне, содан берi талай жыл өттi. Өткен өмiрiме көз жүгiртемiн. Көңiлге түйгенiм де көп. “Қызға қырық үйден тию” деген мақалдың соңғысы бiз шығармыз” деген ойдамын. Бiздiң заманымызда қыз бейсауат жүрмейтiн. Ал күйеуге шыққан қыз төркiнiне себепсiз бармайтын. Тұрмысқа шыққан қыздың өмiрiне төркiн жағы араласпайтын. Сондықтан да барған жерiне судай сiңiп, тастай бататын. Қазақтың еш жерде жазылмаған бұл заңы ғасырдан ғасырға жалғаса бердi, жалғаса бердi. Мұның бәрiн тас-талқан еткен...

Адамды қоғам мен тұрмыс билейтiнi шындық. Орыс ұлтының уысына түскен соң олар өз тiлiн, әдет-ғұрпын бойымызға сiңiре бастады. Әсершiлдiгiмiз, елiкте­гiштiгiмiздiң салдарынан әдет-ғұрпымызды жоғалта бастадық. Ұл-қыздарымызды орысша оқыттық. Сөйтiп ұл-қыз, келiн, күйеубала өз мiндетiн бiлуден қалды.
Мен барлық сабақты “беске” оқыдым, ал орыс тiлiнен мұғалiм­дер өтiрiк “үштiк” қоятын. Институтқа құжат тапсырдым. Орыс тiлiнен шығарма жазуымыз керек едi. Сол жылы менiмен бiрге мектеп бiтiргендердiң бәрi орысша сынақ тапсыра алмай, ауылға қайтып келгенiмiз әлi есiмде. Қа­зiр ойлап отырсам, қазақ тiлiнiң жұтылуы сонау соғыстан кейiнгi, яғни 50-шi жылдардан кейiн бас­талған секiлдi. Несiн жасырайын, орыс тiлiн емiн-еркiн меңгере алмағандықтан, өмiр жолымда тос­қауыл көп болды. Орыс тiлiне “өшiккенiм” соншалық, “мен көр­ген қорлықты балаларым көрме­сiн” деген оймен алты баламды да орыс мектебiне бер­дiм. Жал­ғыз мен емес, сол кезде­рi көп ата-ана балаларын орысша оқуға бердi. Сөйтiп қазақ мектептерi бiртiндеп азая бастады. Ал орысша оқыған балалардың түрi қазақ болғанымен, барлық болмысы орысшаланып, қазақтың тәрбиесiнен мақрұм қалды. Ата-бабаның дәстүрi былай тұрсын, үлкендi де, кiшiнi де ойламайтын, өзiмшiл, ешкiмге жаны ашымайтын, қайырымсыз, қатыгез ұрпақты қазақ халқы 50 жыл бойы өсiргенiмiздi бiлмеге­нi­мiз ащы да болса шындық. Бұл “жемiсi­мiз­ге” кiмнiң кiнәлi екенiн айтудың өзi артық.
Қазiр тәртiпсiздiк, ажырасу, тастанды балалардың көбеюi, ұрлық-қарлық, тағы да басқа жантүршiгерлiк оқиғалар қоғамда көбейiп кеттi. Кейбiр баспа­сөз беттерiнде журналистер жеке адамдар кiнәлi дегенге сая­тын пiкiр айтады. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлерсiң” деген де пiкiрлер айтылуда. Бұл да шындық. Бiрақ бұған кiнәлi –­ қоғам. Бұл нәубет мемлекет көлемiнде шешiлмесе, әйелi азғындаған қоғам iрiп-шiритiнi сөзсiз.
Күйеуiм ата-анасынан 3 жасында тұл жетiм қалған, өмiрдiң теперiшiн көп көрген адам. Үй­ленген кезде менi ағайын-туысының үйiне түсiрдi. Жеңгесi менi қабылдамақ түгiлi, 2-3 күннен соң үйiн босатуды талап еттi. Жеңгесiнiң талабын орындап, бiреудiң қорасын паналадық. Әркiмнiң күңi бола жүрiп, он жылда бес балалы болдым. Адам төз­гiсiз қиыншылық пен жоқ­шылықта жүрсем де, табиғатымнан өнерге жақын едiм. Мә­дениет үйiнде еңбек етiп, сахнадан түспедiм. Қазiр күйеуiмiз екеумiздiң жұбайлық ғұмы­рымыз­ға 56 жыл толды. Қарттықтың қыл бұрауы екеумiздiң де мойнымызға оралған. Кейде жас кезiн­дегi қателiктерiн есiне алып, менен кешiрiм өтiнiп жалынады. “Алланың алдына менiң көз жасымды арқалап барасың, кеш­пей­мiн” деп, “қорқытып” қоя­мын...
Бiрдi айтып, бiрге кеттiм-ау. Сонымен алты баламды да орысша оқыттым. Орыстанған қоғамның құлы болдық. Қорытындысы – “өзiм бiлемiн”. Ана тiлiмiзден айырылу, жас шаңырақтың шай­қалуы, адамды адам қорлау, зорлау, алдау-арбау, өз ұпайын ғана ойлау – осының жемiсi. Тiлiмiз­ден айырылған соң, мұсылмандықтан, қайырымдылықтан, имандылықтан айырылдық. Жалпы қа­зақы болмысымыздың не екенiн бiлмейтiн ұрпақ өсiргенi­мiз ешкiмге де құпия емес.
Менiң үш қызым да “өз тағдырымызды өзiмiз шешемiз” деп кетiп қалды, артынан үшеуi де қайтып келдi. Екеуi қайыра тұр­мыс құрды, ал бiреуi жалғыз баланы өзi өсiрiп жатыр. Ал үш ұлдың бiреуi ғана бiздiң ақылымызға құлақ асып, үйленген едi. Қазiр жақсы тұрады. Қалған екi балам бiреудiң тастандыларын алды. “Өзiм бiлемнiң” жемiсiн өздерi көрiп жүр. Сондықтан мемлекетiмiз ана тiлiн қолға алмаса, жастардың болашағы бұлыңғыр.
 
Шәрбан РЫСМАҒАМБЕТОВА,
Атасу ауылы, Жаңаарқа ауданы, Қарағанды облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті