1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №50 (15820) 27 маусым, бейсенбі 2013
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
27 маусым 2013
Өтiнiшiмдi аяқсыз қалдырмасаңыз екен

Астана әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтың назарына

Мен бес балалы анамын. Бәрiн тәрбиелеп, өсiрiп жеткiздiм. Бұлармен қоса қайныларым мен қайын­сiңлiлерiмдi, жиендерiмдi де жеткiздiм. 
Менi толғантатын жайт – балаларым мен немерелерiмнiң жағдайы. Екi балам да 2007 жылы Астанада құрылыс қарқын алған кезде ақша табамыз деп Астанаға қоныс аударды. Үлкенiм қазiргi кезде Талапкер ауылында тұрып жатыр. Екiншi балам Дулат алты баламен пәтер жалдап жүр. 2007 жылдың басында Астанада баспана кезегiне тiркелген екен, сол кездегi кезектерi 5 мыңның үстiнде едi, ал қазiргi кезде екi мың бес жүзiншi. Балам Дулат Шәкiрұлы Астанаға барған соң, бiр құрылыс компаниясында тракторда да, экскаваторда да жұмыс iстедi. Үш жылдан соң бұл құрылыс компаниясы жабылып қалды. Осы компанияда жұмыс iстеген жылдары жағдайлары жаман емес едi. Қазiргi күнi тұрақты жұмысы жоқ. Әр жерде жалданып жұмыс iстейдi. Қолы қалт еткенде жеңiл көлiгiмен адам тасып, күнiн көрiп жүр. Жанталасып отбасын асыраймын деп жүрiп ұйқысы қанбай, бiрдеңеге ұшырап қала ма деп қайғырамын. Балалары ержетiп қалды. Оларды аяқтандыру керек, кiшiлерiн өсiрiп, жеткiзу керек. Мұны балалары бар ата-аналар жақсы бiледi деп ойлаймын.
Балам Астанаға көшiп кеткенде оның үлкен қызы Қымбат бiздердi, сыныптастарын қимай осы Әулиекөлде, менiң қолымда қалды. Мектеп ұжымы немеремнен үлкен үмiт күтiп едi, былтыр ҰБТ-ның салдарынан математикадан жоғары балл алды да Қостанайдың А.Байтұрсынов атындағы Мемлекеттiк университе­тiне түсу грантына ие бола алмай, ақылы информатика бөлiмi­не оқуға түстi. Жолдасым екеу­мiздiң осы күнге дейiн тiрнектеп жиған қаржымызды   немеремiз­дiң бiрiншi оқу жылына және жатақхана төлемiне жұмсадық. Жолдасым екеумiздiң зейнет­ақымыз 60 мың теңгеге әзер жетедi. Алла жар болып, бiрiншi жарты жылдықтан соң-ақ Қымбатым мемлекет тарапынан бөлiнетiн қосымша грантқа өзiнiң талабының арқасында iлiгiп, оқуын әрi жалғастырып жатыр. Бағалары – үздiк. Қазiр жазғы демалыста, үйде. Бұл ненi көр­сетедi? ҰБТ балалардың шынайы бiлiмiн көрсете алмайды деген сөз.
Теледидардан үш балалы, немесе төрт балалы болғандарға отбасының кiлтiн табыс етiп жат­қандарды көрсетедi. Қарап отырсам, ол отбасылардың бiреуi мемлекеттiк қызметкер болып шығады. Ал менiң балам сияқтылар сонда не iстеуi керек?
“Қол жетiмдi баспана – 2020” бағдарламасына құжат тапсырайын десе, “тұрақты жұмысың болуы қажет, айлық табысың 140 мың теңгеден кем болмауы керек” дептi. Балам мұндай құжаттарды қайдан алмақ? Баламның отбасында үш студент бар. Қалғандары әлi кiшкентай. Балам мен келiнiм 38-ге де келген жоқ. Келiнiм Гүлнарға “бала тууды доғар” деп айтуға Алладан қорқамын. Баспаналары жоқ, егер баспанасы болса, әлi де туады ғой деп ойлаймын. Осыны ойлағанда, көңiлiм құлазып, жүрегiм езiледi.
Құрметтi Иманғали Нұрғали­ұлы! Сiзден менiң балам Ағадiл Дулат Шәкiрұлына “Қолжетiмдi баспана – 2020” бағдарламасы бойынша баспанаға ие болуына көмектесуiңiздi өтiнемiн. Өтiнi­шiм­дi аяқсыз қалдырмассыз деп үмiттенемiн.
Гүлбараш ЖОЛМҰХАМБЕТОВА,
Әулиекөл ауылы, Әулиекөл ауданы, Қостанай облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті