1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №44 (15814) 6 маусым, бейсенбі 2013
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
6 маусым 2013
“Қазақта намыстан басқаның бәрi бар”

Ертеректе Кеңес одағының кезiнде республикалық газет-журналдардың бұрыштарында “Достық әзiл” деген айдар анда-санда жарияланып тұратын. Онда ақын-жазушылар, өнер адамдарының суреттерi салынып, астына оларға арналған бiр ауыз өлең, өткiр қалжың, қыжыртпалар жария­ланып тұратын. Бiрде осындай “Достық әзiлге” Қазақ ССР-нiң халық әртiсi, өзiнiң сүйiктi әнi “Алтайды” лекiте, тамсанта, тамылжыта, тамаша орындайтын Жамал Омарова апайымыздың суретi iлiнiп, астына: “Айта-айта “Алтайды”, Жамал апай қартайды” деп жазып қойыпты. Сол-ақ екен, ұшқыр ойлы журналистiң қаламынан шыққан осы қағытпа бүкiл Қазақстан баспасөзiн аралап жүре бердi. Бара-бара мә­телге айналып кеттi. Әсiресе, қазақ тiлi туралы айтқанда аға газеттен бас­тап бала газетке дейiн осы мәтелге бiр соқпай кетпейтiн болды. Сөйтiп, осы мәтел қазақтардың жадында сақталып қалды. (Кейбiреулердiң айтуынша, бұл мәтелдiң авторы Қайнекей Жармағамбетов көрiнедi). 

Қазiр де осы мәтел ойыма бекерден-бекер түсiп отырған жоқ. Дәл осы Көкпектi өңiрiне қазақ тiлiн айта-айта, қақсай-қақсай мен де қартайдым.
Таяуда ауданымызда кәсiпкер­лердiң жұмысы жөнiнде бiр жиын өттi. Тыңдаушылар соншама көп жинала қойған жоқ. Қаралатын мәселесi кәсiпкерлерге байланыс­ты болған соң солардың жұмыстарына қатысты төрт-бес баяндамашыға сөз берiлдi. Қатынасушылар – кiлең қазақтар, арасында арпа iшiнде бiр бидай дегендей үш-төрт қана басқа ұлт өкiлдерi отырды. Неге екенi белгiсiз, кә­сiп­кер оралман ағайындар мұнан көрiнбедi. Мiнбеге шыққан шешен шу дегеннен-ақ орысша сөйлей жөнелдi. “Қазақша айту керек қой” деп айтып жiбердi залдан бiреу. Сол-ақ екен Биғаш ауылынан келген кәсiпкер Бота Ахметова: “Мен қазақы ортадан келдiм, оқуды да қазақша бiтiр­дiм. Орысша бiлмеймiн, баяндамадан ештеңе ұқпадым. Мемле­кеттiк тiлiмiз – қазақ тiлi, жиналыс неге қазақша өтпейдi?” – дедi орнынан түрегелiп. “Мұнда өзге ұлт өкiлдерi де отыр ғой”, – деп қалды жиналысты жүргiзушi. “Осында отырған орыстардың бәрi де қазақтың тiлiн бiзден артық бiлмесе кем бiлмейдi, бәрi де қазақша түсiнедi”, – деп, ендi сөзге кәсiпкер Әмина Ескалмасова араласты. Осыдан соң қалған баяндамашылар қорытынды шығарған сыңай танытып қазақша сөйлей бастады. Амал қанша, олардың қазақшасы жөндi шықпай жатты. Ақсап, сылтып басып, тасырқап, жүрiсiнен жаңылған аттай кiбiртiктей бердi.
Менiң шығармашылықпен айналысқаныма он жылдан асты, қа­зақ­ша жазамын. Ал сол жазған қолжазбамды компьютерге тер­гiзетiн кiсi таппай қиналам. Са­уатты, қазақша қатесiз басатын адамды қолыңа күндiз шам алып iздесең де таппайсың. Бәрi де қазақ тiлiн оқыған, ал қазақ тiлiндегi материалды басуға келгенде ат-тондарын ала қашады. Осы жөнiнде әңгiмелеген кезде газет қызметкерi Дархан Бердi­бек: “Оны айтасыз, бiздегi қазақ газетiнде бiр орын бос тұр, қазақ тiлiнде жазатын бiр адам жоқ” деп наразылығын бiлдiрдi. Бұл да – Көкпектi ауданындағы қазақ­тiлдi кадрға деген тапшылықтың тағы бiр көрiнiсi.
Қазiр қазақ мектебiнiң есiгiн ашсаң, орыс мектебiне кiргендей әсерде қаласың. Мұғалiмдерiнен бастап оқушыларына дейiн орысша сөйлеп жүредi. Бұған тыйым салады дейтiн басшылардың өзi орыстiлдi. Бұған балық басынан шiридi демеске лажың қалмайды.
Көкпектi орта мектебiндегi қазақ тiлiн оқыту жайы да осындай дәрежеде. Бұл мектептi бiтiрген­дер қазақ тiлiнде жазғанды қо­йып, екi сөздiң басын құрап сөйлей де алмайды. Бұрын орыс мектебi болған бұл ұжым – қазiр аралас мектеп. Бұлардың қазақ тiлiне көшетiн мезгiлi әлдеқашан өтiп те кеттi. Өйткенi Қазақстанның Тәуелсiз мемлекет, қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл болғанына жиырма жылдан асып кеттi ғой.
Белгiлi жазушы, қазақтiлдi Герольд Бельгердiң: “Қазақта намыс­тан басқаның бәрi бар” деген сөзi еске түседi. Терең ғой бiздiң Герағаң. Қазақта жер де, үстiнде мыңғырған мал да, астында бүкiл қазақты асырай алатын кен байлығы да бар екенi жасырын емес. Алайда бабаларымыз соның бәрiнен де НАМЫСТЫ жоғары қойған. Намыс – ауқымы аса кең, киелi сөз. Ол – қазақтың рухы, тiлi, қайрат-жiгерi, ар-ожданы, ұяты. Сол үшiн бабаларымыз “Итiң жаман десе, намыстан өле жаздадым”, “Жаным – арымның садағасы”, “Ердi намыс өлтiредi, қоянды қамыс өлтiредi” деген ұлағатты, асыл сөз қалдырған.
Жоңғарлар жерiмiздi басып алып, елiмiздi тонады. Сол кезде Қабанбай, Бөгенбай сынды батырларымыз намыс үшiн атқа қонды. Жоңғарларды жерiмiзден қуып шыққанша бел шешкен жоқ, аттан түспедi. Соның арқасында елiн, жерiн жаудан қорғап қалды.
Ал бүгiн бiздiң тiлiмiз тоналып жатыр. Тоналғаны емей немене, қазақтың тең жартысы ана тiлiнде сөйлей алмай, қазақ тiлi ұмытылып барады. Намысымыз қайда кеткен? Оу, ағайын, бiзге ешқандай соғыстың керегi жоқ, тiлiмiздi бейбiт жолмен қорғайық! Ол үшiн бойында намыс оты жалындаған өзбек ағайындар мен Балтық жағалауы елдерi бiзге үлгi бола алады.
Ратбек Арынұлы,
Көкпектi ауданы,
Шығыс Қазақстан облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті