1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №20 (15790) 14 наурыз, бейсенбі 2013
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
14 наурыз 2013
ҰБТ-дағы келеңсiз жағдайларды болдырмауға бола ма?

Бiр тақырыпқа екi хат

ҰБТ-ға ғылыми тұрғыдан талдау жасап, ендi соны жұртшылықпен бөлiскендi жөн көрдiм. Ғылыми талдау­лар мынаны көрсеттi: 1) әрбiр пән бойынша шамамен 8-10 мың сұрақ құрастырылады екен. Және сұрақтар осы пәндердiң 5-11 сыныптардағы бағдарламасы негiзiнде құрастырылады. Сонда бес пән бойынша 40 мыңдай сұрақ құрастырылады екен. Осы сұрақтарды әрбiр оқушы қарап шығуы керек. Бұл оқушының миына қандай салмақ түсiредi десеңiзшi! Оның үстiне, бұл сұрақтардың мазмұны кейде орта мектеп бағдарламасына сай келмей жатады және т.т.
Тестiнiң мәнi мынада екен­дiгi белгiлi: әр сұраққа бес жауап дайындалады, оқушы соның тек дұрыс болатын бi­реуiн ғана белгiлеуi керек. Сол себептен де көптеген жағ­дайда оқушы сұрақ нөмiрi мен оның дұрыс жауабының нөмiрiн жаттаумен айналысады. Сонымен қатар тест сұ­рақтары оқушының 7 жыл бо­йына алған пәндiк бiлiм деңге­йiн дәл анықтауға мүм­кiндiк бермейтiнiн көр­сеттi. Тест нә­тижесiнде пәндiк ба­ға­ны белгiлеу ережесi де түсiнiк­сiз.
Қорыта келгенде, ҰБТ оқу­шы бiлiмiн сырттан анықтауға мүмкiндiк бергенiмен, дайындығы нашар оқушыға сырттан көмек iздеуiне көп уақыт бередi және оқушының пәндiк бiлiм деңгейiн нақты анықтай алмайды деген қорытынды жасауымызға болады.
Жоғарыдағы пiкiрлерiмнiң дұрыс екенiн негiздеу үшiн Қазақстанның Еңбек Ерi, Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия директоры А.Т.Мирзоянның “Алматы ақшамы” газетiнде осы жылдың 16-шы тамызында жарық көрген “ҰБТ нәтижесi мектеп рейтингiсi­нiң көрсеткiшi бола алмайды” деген мақаласына сiлтеме жасағанымыз артық болмас. Мақала авторы ҰБТ жайында сөз ете отырып, былай деп жазады: “Ендiгi аса бiр өзектi мәселе – тестiлердiң бiлiм мазмұны арасындағы алшақтықтың болмауына қол жеткiзу. Ол үшiн орта бiлiм беру стандарттары мен оқу бағдарламалары негiзiнде жалпыға ортақ базалық тест дайындалса деп ойлаймын. Бұл базалық тест – қатаң түрде Ұлттық Бiрыңғай Тестiнiң негiзiне сәй­кес­тендiрiлiп, оқу жылының басында алдын ала жарияланса. Бұл арқылы бiз мектеп бiтiру­шiлердi шексiз түрде басылып шығып жататын дайындық тестi­лiк сұрақтар жинақтары бойынша беталды дайындалудан, оларды сатып алудан, сөйтiп, шәкiрт уақытын босқа шығындаудан және денсаулыққа күш түсiруден сақтар едiк”.
Жоғарыда аталған жағдайлар болмау үшiн бiлiмiн тексерту кезiнде оқушының қосымша уақытының болмауын қамтамасыз етуiңiз керек. Ал бұл үшiн бiлiм тексертудiң ұлттық бiрың­ғай жазбаша емтихан (ҰБЖЭ) деп аталатын түрiн енгiзуiмiз керек деген сенiмдемiн. Осы ар­қылы бiз оқушыға берiлген сұрақ­қа жазбаша жауап беру уақытын ғана беруiмiз керек. Әрине, бұл кезде әрбiр оқушыға әрбiр пән бойынша 1-3 сұрақ берiледi. Сұрақ санын оқушының өзi таңдайды. Мысалы, пән бо­йынша төрттiк баға алғысы келген оқушыға екi, ал бестiк баға алғысы келген оқушыға үш сұрақ берiледi. Оның үстiне, берiлген сұрақтарға жауап беру уақыты да әртүрлi. Мысалы, бiрiншi сұраққа жауап беру уақыты – 5, екiншi сұраққа – 10, үшiншi сұраққа – 15 минут. Сонда әрбiр оқушы барлық пәннен бестiк баға алғысы келсе, онда оған 2,5 сағат, ал егерде төрттiк баға алғысы келсе – 1,25 сағат уақыт берiледi. Оның үстiне, егерде бiз қазiргi компьютерлiк техниканың жетiстiктерiн толығынан қолданатын болсақ, онда оқушының пәндiк бiлiм деңгейiн сырттан дәл анықтауға мүмкiндiк аламыз.
Айту Ағатаев,
педагог-ғалым,
Алматы қаласы.
 
ҰБТ АРҚЫЛЫ ЖАСТАРЫМЫЗДЫ ӨТIРIК АЙТУҒА БАУЛЫП ЖҮРГЕН ЖОҚПЫЗ БА?!
Жыл сайын көктем мен жаздың аралығында мектеп оқушылары әбiгерге түсетiн шақ басталады. Ұлттық бiрыңғай тест тапсыруға дайындық кезi бұл. Ұстаз ретiнде осы бiр науқанда бiздегi бiлiм жүйесiнiң айлакер, өтiрiкшi, жанын сатқыш ұрпақты тәрбиелеуге ықпал етiп отырғанын байқадым. Алдыңғы жылы үлкен немерем тест тапсыруға дайындалды. Қалай дейсiз бе? Ұялы телефонына әлдебiр жауаптары жазылған шпорлар көшiрiп, онысына iшкиiмiне тығатын арнайы қалташа тiктiрiп әбiгерге түстi. Ал ендi былтыр жиендерiмнiң “ойлап тапқан” айласына ерiксiз таңғалдық. Етегi қысқа белдемшесiнiң тiгiс жүрген тұсына ұсақ жазылған шпор қағаздарын тығып, сынаққа кiрдi. Әу бастан баланың мұндай әрекетiне қарсы шығып жүрген маған сол немерелерiм мұндай “тапқырлықтың” түр-түрiн айтып бергенде, шалқамнан түсе жаздадым...
Жаздың шiлiңгiр ыстығында шалбарының iшiнен қабаттап тағы шалбар киiп, сол жаққа шпор тығатын, шашының iшiне парақтар тығып кiрушiлер, сандарына дұрыс жауаптар жазатын, тiптi сырттағылармен байланысу үшiн көзге әрең ғана көрiнетiн наушникпен тест тапсыратындар жеткiлiктi екен. Бiздегi бiлiм жүйесi оқушыларды айлакер, әккiлiкке, өтiрiк айтуға, жалтаруға баулып отырған жоқ па? Баланың бұлай мәжбүр болуына себеп те жоқ емес. Ол өзiнiң бұлай жанталаспаса, әлдекiмнiң пысықтық жасап сынақтан сырғып өтерiн бiледi. Оның үстiне бөлiнетiн оқу гранты теңiзге тамған тамшыдай, өте аз. Осылайша айласы асқан талай оқушылар грантты иемденiп, сүйретiлiп студент атанып жүр. Керiсiнше, бiлiмiне сенген мыңдаған оқушыларымыз шет қалғаны рас.
ҰБТ – ұлтты бiрыңғай таптауға айналмасын десек, осындай “майда-шүйде” тұстарына да мән бергенiмiз артық болмас.
 
Ә.КЕРIМТАЙҚЫЗЫ,
Қарағанды қаласы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті