1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №6 (15776) 24 қаңтар, бейсенбі 2013
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
24 қаңтар 2013
Бiр iнiм аштан өлдi, екiншi iнiмнен қара қағаз келдi...

Мен нағашым Махамбетов Ғабдолланың үйiнде жатып 6 класс бiтiрдiм. Ауылда ашаршылық, тамақ жоқ, бұл 1931-32 жылдары едi. 6 кластан әрi қарай оқи алмадым. Әкем өлсе де, шешем бар. Екi iнiм, бiр қарындасымды ертiп, бесеумiз жаяу-жалпылай Жайық бойына кеттiк. Жолда бiр iнiм мен қарындасым аштықтан әлсiреп жүре алмады, оларды бiр моланың қасына қалдырып кеттiк. Шешем iнiм екеумiздi бiресе арқалап, бiресе жетелеп, нағашым Мысағалиға жеткiздi. Нағашым екеумiз арбамен iнiм мен қарындасым қалған жерге келдiк. Қарындасымның кеудесiнде жаны бар екен, iнiм өлiп кетiптi. Оны шұңқыр қазып көмдiк. Нағашымыздың арқасында шешем, iнiм, қарындасым төртеумiз аштықтың зардабынан өлмей, аман қалдық. Бұл 1933 жыл едi.

Осы жылдың ақпан айында Таңдай селосындағы “Гурьев” қой совхозына жұмысқа орналастым. 16 жастамын. Егiс бригадирiмiн. Қарауымда 30 қыз-келiншек бар. Ашаршылық жылдары елде безгек ауруы көп болды емес пе, мен де безгек болып қатты ауырдым. “Мына, байғұс бала өлiп қалады-ау, мұны қорқытайық, мүмкiн тәуiр болар” деген әйелдердiң сыбырын естiп жаттым. Безiлдеп жатқан менiң қойныма, байқатпай жылан салып жiберiптi. Мұздай, суық жыланнан шошыған мен безгектен айықтым.
Совхоздағы саяси бөлiмнiң секретары, одан кейiн жұмысшылар комитетi төрағасының орынбасары, 1940-41 жылдары төрағасы болдым. Соғысқа кеткенше ел үшiн талай еңбек еттiм. 1942 жылдың басында майданға аттандым. Соғыста жүргенде Мәскеу­ге оқуға жiбердi. Соғыс бiткен соң училище тарап, менi Мәскеу гарнизонындағы немiс­тен түскен барлық әскери техниканың көрмесiне экскурсовод болуға жiбердi. Көрмеге бүкiл шетелден қонақтар келетiн едi. Мен қонақтарды соғыс техникаларымен таныстырдым. Мәскеуде тұңғыш өткен Жеңiс парадына қатыстым. Сонда айбынды, атақты Г.К.Жуковты ат үстiнен екiншi рет көрдiм. Майданнан жауынгерлердi елге қайтара бастады. Солармен бiрге мен де 1945 жылдың мамырында елге оралдым.
Елге келген соң, Жаманқаладағы (Махамбеттегi) отбасымды Мұқырға көшiрдiм. “Гурьев” совхозында жұмысшылар комитетi­нiң төрағасы болып жұмыс iстедiм. Көп адамдар соғыстан оралмаған, қартайған кемпiр-шалдар, жетiм балалар, же­сiрлер. Тұрмыс жағдайлары төмен, көңiлдерi қаяу, қайғы жұтқан. Әр адамның, әр отбасының жүрегiне жол тауып, жұмыс iстеуге кiрiстiм. Соғыс жылдарында шаруашылық күрт төмендеген, қаракөл қойының да сапасы кемiген. Алдымызға қалай болғанда да шаруашылықты қалпына келтiру мiндетi қойылды. 1946-47 жылдың қысында совхоздың №1 фермасында асыл тұқымды қошқарлар қотыр болып және мал шығыны көп болды. Сондықтан 1947 жылдың тамыз айында ферма меңгерушiсiн жұмыстан босатып, орнына менi қойды. Бұл менiң бiрiншi рет тiкелей шаруашылыққа басшы болғаным едi. Олай ойлап, былай ойлап, малды қыста дәрiлеттiм. Таңбалауға, дәрiлеуге, бағылуына мән бердiм. Ойлағанымдай, ферма көлемiндегi мал басы қотыр да, еш шығын да болмай 100 пайыз аман шықты. Сол жылы 100 саулықтан 130 қозы алынды, қаракөл елтiрiсiнiң сапасы 76%, 1-сорт болды. Алдыңғы қатардағы шопандар Кенжебаев Жақсы 100 саулықтан 152 қозы алды, елтiрiсiнiң сапасы 85%, 1-сорт болды. Иманғалиев Наурыз, Оңаев Хисма, Мермахметов Меңдеш, Мүтiшев Дәулетияр және тағы да басқа шопандар жақсы нәтижелерге жеттi. 1948 жылдың қорытындысы бо­йынша менi “Еңбек Қызыл Ту” орденiмен, Иманғалиев Наурызды “Ленин” орденiмен марапаттады. Кенжебаев Жақсы “Социалистiк Еңбек Ерi” атанды.
 Мен 3 жыл соғыста болып, зейнеткерлiк жасымнан асқанша жұмыс iстеп, 49 жыл аянбай еңбек етiп, 1985 жылға дейiн жұмыс iстедiм. Зейнеткерлiк­ке шыққан соң совхоздың ардагерлер кеңесiнiң төрағасы болдым. “Қызыл Жұлдыз”, “Отан соғысы”, “Еңбек Қызыл Ту” ордендерiмен, екi рет Бас қолбасшының “Ал­ғыс грамотасымен” марапатталдым, бiрнеше медальдар, мақтау қағаздарым, алғыс хаттарым бар.
 1991 жылы кенеттен әйелiм қайтыс болды. 1997 жылы тамыз айында отбасы жағдайыма байланысты Атырау қаласына қоныс аудардым. Өткенге көз жiберсем, мен өмiрдiң қызығынан гөрi қиыншылығын көп көрiппiн. Олай дейтiнiм, аз ғана малы бар әкем асыра сiлтеудiң құрбаны болды. Орал қаласының түрмесiнде өлдi, өз қолымнан топырақ та сала алмадым. Iрi денелi, аққұба, бұйра шашты, үнемi әдемi киiнiп жүретiн кiсi едi. Қасында болған адамдар сол киiмiн кебiн қылып көмiптi. Кейiн сүйегiн де таба алмадым. Аш-жалаңаш болдым, дұрыс оқи алмадым. Бiр iнiм аштан өлдi, екiншi iнiм Жалғас Сталинград майданында қаза тауып, қаралы қағаз келдi. Екеуiнен де ұрпақ қалмады. Мен соғысқа кетерде шешем Рахима (оның туған жерi Бақсай) және қарындасым қал­ған. Қарындасым аурушаң болып, тұрмыс құра алмады. Өзiмнiң 11 баламның 4-еуi қайтыс болды, қазiргi кезде, Құдайға шүкiр,         4 ұл, 3 қызым, 13 немере, 20 шақты жиен-жиеншарлар бар. Бәрi де отбасылы, әрқайсысы әр салада еңбек етiп жүр. Мен дүние-мүлiк, мал жинамаған адаммын. Бар байлығым – балаларым, ұрпағым.           
              
 Жолдас Жолмұқанұлы,
 Атырау қаласы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті