1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №6 (15776) 24 қаңтар, бейсенбі 2013
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
24 қаңтар 2013
“Сөйлейтiн ескерткiш” немесе әже тәрбиесi

Менiң әжем – нағыз “кө­семшiл” адам. Сталин, Ленинге Құдайдай табынған, сенген. Сөйте тұра, отыз күн ораза тұтып, аузынан Алласын тастамаған кiсi. Олай дейтiнiм, жатар алдына “тiлiңдi кәлимаға келтiр, бiсмiллә деп жат” деп үйрететiн. Ал күндiз кеңсенiң алдында тұрған “күн көсемнiң” ескерткiшiн көрсетiп: “Мынау – Ленин атаң! Ол тентек болма, өтiрiк айтпа, үлкендi сыйла, кешiрiмшiл бол, әжеңнiң тiлiн алып жүр деген”, – дейтiн. Менiң де сәби санама мықтап қалыптасты ма, жоқ әлде “бала тiлi – бал” демекшi, тiлiмдi қызық көре ме, кiм бiлсiн, үлкендер “Ленин атаң не дедi?” деген сұрақты жиi қоятын. Ал мен iле-шала: “Тентек болма, өтiрiк айт­па, әжеңнiң тiлiн алып жүр дедi”, – деп тақылдай жөнеледi екен­мiн.

Бiрде әжем дүкенге кеттi. Есiктi бекiтiп кету деген ол кезде жоқ, кiшкене ағашты алып қыстыра салатын, кейде ол да жоқ. Неге екенiн, мен әжеме ермедiм. Үйдiң көлеңкесiнде ойнап қала бердiм. Жалғыз өскен­дiкi ме, көп ешкiммен араласпай, жападан-жалғыз ойнап отыра беретiнмiн. Қойшы, сонымен не керек, жон арқамнан көк шыбық сарт ете түскенiн бiлемiн. Әжем! Не бүлдiрiп қойғанымды бiлгенiм жоқ, бар қолымнан келгенi – қаша жөнелу.
Зымырап келемiн. Әжем қуып келедi. “Жаман кемпiр, жаман кемпiр!” – деп ызалана бақырып, қашып келемiн. Сол қашқаннан ауылдың ортасына дейiн қаштым. Ашуланып қуып келе жат­қан әжем ендi жалынып келедi. “Әкөнiм, тоқта ендi! Жарығым, үйге қайтайық! Тоқташы ендi!..”. Мен сол қашқаннан ескерткiштiң тұсына бiр-ақ тоқтадым. Себебi әжемнiң “Ленин атаң тентек болма, әжеңнiң тiлiн ал дедi” дейтiнi есiме түстi. Алқынып менi қуып келе жатқан әжем де жеттi. “Құ­лыным, Ленин атаң әжеңнiң тiлiн ал демеп пе едi...” деп жатыр. Мен үн-түнсiз әжемнiң алдына түсiп, үйге қайттым... Сонда мен тұғырда тұрған ескерткiш сөйлейдi деп ойлаппын. Расымен, тiл қатады деп қабылдайтынмын. Адамдық қасиеттi, өтiрiк айтпауды бар болмысыммен әжем арқылы бойыма сiңiрiппiн. Өз атамды көрмеген­дiк­тен бе (ерте дүние салған), сол ескерткiштi “сөйлету” арқылы әжем менi тәрбиелептi.
Жоғарыда таяқ жегенiмдi жаздым ғой, неге дейсiздер ғой... Ашық қалған есiктен үйге сиыр кiрiп, әжемнiң илеп қойған нанын жеген, әбден тойып алған соң жан-жағын былғаған, онымен қоймай бiраз ыдыс-аяқты қиратып барып, бөлменiң ортасына жапасын тастаған... Ала сиырға деген ашу-ыза әжемнiң таяғының ұшымен солқылдаған көк шыбық болып менiң денеме тидi. Мен әжемнен алғашқы және соңғы рет осылай таяқ жедiм...
 
Айгүл ӘБДРАХМАНОВА,
Алматы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті