1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Шешенстандағы қираған халыққа қол ұшын созған біздің ағайындар. Грозныйдың төріндегі көпқабатты зәулім үйдің құрылысына қаржыны да берген қазақтар. Сол үшін де Рамзан Қадыровтың қолынан алғас алған Иманғали Тасмағанбетовтің күйеу баласы Кеңес Рақышев. Дәл сол марапаттау кезінде ақкөңіл, дархан қазақ жігіті шешенстанның «Терек» футбол клубына автобус, өзінің астында мініп жүрген ұшағын сыйлап және Грозныйдағы аурухананың құрылысын толық көтеретінін айта кетті. Бұл қайдан тасыған байлық, қай көңілден кеткен кеңшілік екенін біле алмадық.
Автор: alaman.kz, 19.06.2010 ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №96 (15762) 29 қараша, бейсенбі 2012
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
29 қараша 2012
Асыл жеңешем менiң!

Көзiм iлiнiп барады екен, құлағымның түбiнен: “Мырза жiгiт-ау, менi ұмытайын дедiң бе?” деген өзiме таныс Ақкербез жеңешемнiң даусы естiлдi. Ұйқым шайдай ашылды. Жеңгейдiң о дүниеге озғанына да бiрталай уақыт бол­ған. Мұндайда жарықтық атам: “Балам, аруақ келiп сенi маза­ласа – Құран дәметкенi. Құран бағыштауды есiңнен шығарма...” деушi едi. Сол есiме түсiп, төсекте жатқан әйелiмдi жұлмалап: “Жетi шелпек пiсiре ғой тездетiп”, – дедiм. Ұйқысын қимаған әйелiм: “Байғұс-ай, көзiңе бiрдеңе көрiнген шығар. “Пiсмiллә...” деудi бiлмейсiң. Сөйте тұра аруақ... шелпек дейсiң-ау”, – деп қайдағыны көңiрсiттi. Сөзiнiң жаны бар. Шынында, Алланы есiме алуды бiлмейтiнiм рас ендi...

Бiздiң әулетте жан көп едi. Көптiгiмiздi әжемiздiң кей сөзiнен бiлушi едiк. Жарықтық әжемнiң мiнезi қызық едi. Бiреудi жұмсарда бәрiмiздiң атымызды атап шығатын. Кейде iздеген жанның атын ұмытып қалғанда Мәрзия апама: “Мәрзияжан, Санаттан кейiнгiнiң аты кiм едi? Жұмсайын десем, атын таппай қойдым....” деп, апамның өзiн жұмсап жiберетiн. Бiз болсақ әжемiздiң мұнысына күлетiнбiз.
Шамасы, 5-6 жаста болуым керек, үй iшiндегi дабырдан оянып кеттiм. Үнемi кеште әжемдi құшақтап жатушы едiм. У-шудан ұйқым бұзылған соң, қолымды олай-бұлай жүгiртiп ем, әжемнiң ыстық демi бiлiнбедi. Сондағы “әжелеп” жылағаным әлi есiмде. Әуден соң әжем де жеттi-ау. Неге жылағанымды сұраудың орнына: “Балапаным-ай, Төкен ағаң келiншек әкелдi. Содан есiм шығып... сенi ұмытып кетiппiн, кешiр күнiм!”– деп жатыр. Үйдiң бiр бұрышына шымылдық құрып қойыпты. Шымылдықтың арғы жағынан жас қыздардың сыбыры мен күлкiсi естiледi. Еркелiктiң кесiрiнен құйрығыммен жорғалай барып шымылдықтың шетiн көтерiп едiм, тiзесiн бүгiп, жүзiн төмен салған, басы әдемi орамалмен тұмшаланған бiреу отыр. Кенет әлгi жан маған жалт қарады да күлiмдеп: “Кел, келе ғой. Жаныма отыршы. Атың кiм?” – дедi. Шымылдықтың шетiн түсiре сала “әжелеп” далаға қарай жүгiрдiм. Қылығыма ел таңданды. Тек, әжем ғана: “Тiфә, тiфә! Қуанған қорыққанмен бiрдей. Күнiм не болды?” – дедi менi құшақтап. Екi қолым ербеңдеп, тiлiм әрең дегенде дегенiме көнiп: “Әже! Жеңешемдi көрдiм. Маған “Мырза жiгiт...” деп ат қоямын дедi”, – дей берем. Әжем жерден құм алып және ұшықтады: “Түу, саған жақсы “ат” қойыпты ғой. Демек, көргендi елдiң баласы десеңшi!” – дейдi бiр жылап, бiр күлiп. Сондағы маған “Мырза жiгiт” деп ат қойған жеңгем осы Ақкербез едi.
Соғыстан кейiнгi жыл. Елдiң жағдайы қиын. Баспанамыз қоржын там. Жауын жауса, төбеден тамшы сорғалайтын. Жарықтық атам: “Күн жаманы өтер, адам жаманы қалар дүниеде. Пейiлiңдi кеңге салыңдар. Көңiл сыйса, бәрi сыяды...” деушi едi. Төлен ағамнан кейiн Мәулен ағам үйлендi. Қоржын тамның бiр бұрышына шымылдық құрылды ғой. Бұл жаңа үйленгендердiң отауы едi. Ол заманда ешкiм ешнәрсеге таңданбайтын. Ел-жұрттың пейiлi көл-көсiр едi. Қайта “Үй iшiнен үй тiксең, одан да жылы болады...” десiп, ақ батасын беретiн.
Кейiн тұрмыс түзеле бастады. Күндердiң бiр күнi Төлен ағам – өз алдына шаңырақ көтердi. Ол кезде ағам ауылдағы жалғыз шопыр. Көбiне алыс сапарда жүредi. Ондай кезде Ақкербез жеңешем әжеме: “Әже! – дейдi күлiмдеп, – мына қайнымды бүгiн бiздiң үйге жiберiңiзшi... Балалардың көкесi сапарда. Балалар әлi жас қой. Ағасы барса, олар да мәз болады”, – дейтiн. “Алтыным, күнiм, ақылыңнан айналдым. Дұр-ес... Әй, бар ана ағаңның үйiне. Жеңешең жалғызбын, қорқамын деп тұр. Е, бұл жаманың да кәдеге жарап қалды”, – деп әжем маған бұйыратын. Барған соң жеңешем бар тәттiнi аузыма тосады. Заманына қарай адамы деген рас-ау. Қазiр ағайындының баласы түгiл, ата-анасы туысының үйiне барып қонар ма екен?! Осындайда басымнан өткен күндер елесi көз алдыма келедi. Төлен ағамның үш-төрт қара домалағы да мәз. Бiрi арқама шығады, бiрi үйдiң “ұрлығын” айтады, ендi бiрi: “Аға, көкемдiкiндей сенде сақал-мұрт неге жоқ...” деп жатқаны. Үйдегiнiң бәрiн еркелетуiң керек. Бiреуiн алаласаң, басың бәлеге қалды дей бер. Мұндайда Ақкербез жеңешем күлiмдеп тұрады. Әжем: “Ақкербез келiндi сыйлаңдар. Осы үйдiң алғашқы жарығы ғой. Жеңгенiң жолы ауыр. Бiр үйдегi жанның қас-қабағына қарау оңай деймiсiң” деушi едi. Жастықта көп нәрсенiң байыбына бармадық. Тегеш-тегеш қып кiр-қоңымызды жуатын. Ал осы күнгi келiн өзге түгiл, өз күйеуiнiң шұлығын, iш киiмiн жуар ма екен?! Бiрдеңе десең, бұртиып төркiнiне қашады...
Ақкербез жеңешем бiр әулеттiң емес, бүкiл ауылдың қамқоршысы едi. Ел-жұрты: “Бұл келiн ажырасқан жұпты қайта жарастырады. Сөзi киелi, аузының дуасы бар...” – дейтiн сыртынан. Шыны сол, мiнезi де қызық едi. Қартайған шағында да тыным таппайтын. Елдiң бiрлiгiн ойлайтын. Бiр күнi жеңешем таяғына сүйенiп ауылдың бiр шетiне бара жатыр. “Жеңеше, үш “таяқпен” қайда барасыз? Бiрдеңе керек болса, маған айтпайсыз ба?” – дедiм бiрде. Ол қабағын шытып: “Ауылда еркек қалмаған-ау, шамасы. Ал қалғаны аузынан бөзi түскен бiреу. Жарасбидiң баласы мен келiнi ажырасқалы жатыр дей ме? Соны табыстырайын деп ем... Әйтпесе, ел деген атамызға сын!” – деп қарап тұр. Ақ көңiл асыл жеңешем-ай! Сен де кеттiң, елдiң бiрлiгi де кеттi. Бәрiн өзiңмен бiрге алып кеткендей көрiнесiң де тұрасың. “Көңiлiмiз жараспады” деп жастардың жүрiсi анау. Ұйытқы болатын үлкен қалмаған-ау дейсiң осындайда. Әйел болсаң да жөнiң бөлек едi-ау. Ата жолын, ата ғұрпын сақтағанның бiрi едiң. Одан ұрпағың жаман болған жоқ.
Шынында да, ата жолын, ата ғұрпын ұмытып бара жатқан жоқпыз ба осы? Жо-жоқ. Ақкербез жеңешемнiң менi оятуы тегiн емес екен. Өткенiмдi есiме салды. “Менi ұмытқаның ба?” дегенi “Қайным, оян. Өткеннiң жалғыз куәсi сенсiң ғой. Ендi сен де ата жолын, ата ғұрпын ұмытып бара жатқан жоқсың ба?..” дегенi екен-ау.
Сағындым ғой, асыл жеңеше!
 
Төлеш Төребайұлы,
Қарағанды облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті