1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №104 (15458) 31 желтоқсан, бейсенбі 2009
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
31 желтоқсан 2009
Жас оқырмандар қатары көбейiп келедi

Тiлек. Ұсыныс. Арыз. Шағым. Өтiнiш. Сыр бөлiсу. Алғыс... 2009 жылы редакция­мызға келген хаттардың басым көпшiлiгiн шартты түрде осылай топтауға әбден болар едi. Сонымен бiрге бiзде мынадай «қызық» жайттар да болып тұрады. Бiр-ақ мысал келтiрейiк. «Мақа­таев-22»-де Алматы облысының бiр аудан орталығындағы қазақ мек­тебiнiң ұстаздарының хаты жарияланды. «Айлығымыздан банктегi несиенi ұстап қалады. Қалған ақша шайлығымызға да жетпейдi. Банктен алған несиеге жарқырап киiн­генiмiз де жоқ, астымызға көлiк те алған жоқпыз. Ол ақшаға жоғары оқу орнында ұл-қыздарымызды ақылы оқыттық... Мұғалiм болғандықтан, оқушылар алдында бе­делiмiз түспесiн, аты-жөн­дерiмiздi өзгертсеңiздер» дей келе, тығырықтан шығатын жолды iздейдi. Сырға толы, мұңға толы хат. Ешкiмдi даттамаған. Мақала жарияланып, арада 2-3 күн уақыт өткеннен кейiн редакциямызға жылап-сықтап әлгi ұстаздардың бiрi келдi. «Кеше мектепте жиналыс болды. Сiз­дерге хатты кiм жазғанын бiлмекшi. Бiлсе, жұмыстан шығарады. Хатты өзiме қайтарып берiңiздершi...» – дейдi апай. «Не үшiн шығарады?» – деймiз бiз дал болып. «Бiздiң мектепте несиеге батып қалған мұғалiмдер жоқ. Хат өтiрiк жазылған. Бұл хат бiздiң мектептiң атына кiр келтiрiп тұр» деп директор жиналыс ашты», – дейдi әлгi мұғалiм. «Сiзбен бiрге хат жазған ұстаздар не дедi?» – деймiз бiз етегi толып еңiреген мұғалiмге. «Олар да «бiз ондай хат жазған жоқпыз» деп қол қойып бердi», – дейдi дап-дардай адам жерден көзiн алмай. Ұстаз осындай екiжүз­дi болса, шәкiртi қандай болмақ?

2009 жылдың iшiнде редакцияның хатқоржынына, әсiресе, зейнеткерлердiң (Алматы облысынан: М.Көкебаев,­ Т.Дәулетбақов, С.Смайылова, Т.Әсеров, т.б., Жамбыл облысынан: Б.Қарагөзова, Г.Бақбергенова, Д.Алматов, т.б., Қызылорда облысынан: Е.Сатова, М.Көбеев, Л.Мақымова, т.б., Қарағанды облысынан: П.Асылов, Ш.Базарбаев, Л.Құлмаханова, т.б., Қызылжардан: Р.Майкөзов, Ж.Райова, т.б. Ақмоладан: Б.Қайысов, К.Болат, М.Майханова, т.б., Шығыс Қазақстан облысынан: П.Аяпов, К.Досмырза, С.Ғаядатхан және тағы тағылар) зейнетақыларына көңiлi толмайтыны туралы шағым хаттары көп келiп түстi. Барлығының айтатындары: «Бiз белiмiз қайысып, соғыс кезiнде еңбек еттiк. Ал сол кездегi еңбекөтiлiмiздi неге зейнетақыға қоспайды? Қартайған шағымызда сол адал еңбегiмiздiң жемiсiн неге көрмеймiз? Алатын 16 – 18 мың теңге көлемiндегi зейнетақымыз қай жыртығымызды жамайды?»
Аталарымыз бен әже­лерiмiз­дiң осы тақылеттес хаттары бiздiң де жүрегiмiздi ауыртады. Бiрақ, барлық арыз-шағымды газетке жариялау мүмкiн болмағандықтан, мұндай хаттардың кейбiреуiн ғана газетке жариялаймыз. Оған құзырлы органдардан жауап та келедi. Бiрақ... баяғы жартас сол жартас. Еш нәтиже жоқ.
Тағы бiр көзiмiздiң жет­кенi, осы жылдың iшiнде бiр-бiрiнiң үстiнен арыз жазғандардың денi мұғалiмдер екен. Институт, колледж, мектеп директорларына немесе оның көмекшiлерiне көңiлi толмайтындар түрлi деректер кел­тiрiп арыз хаттарын жiбередi. Оқып отырып, арызшыл мұ­ғалiмдерден немесе өзiнiң iс-әрекетiмен арыз жаздыртуға мәжбүр болған директор-ұстаздардан бiлiм алып жүр­ген оқушыларды аяйсың. Мұндай оқу ордаларында қандай бiлiм, қандай тәрбие бар дейсiз? Дүрдараз ұжымда қандай көңiл-күй болмақ? 
Редакциямызға «Менiң хатымды газет бетiне қашан жариялайсыздар?» деп қайта-қайта телефон шалатындар да бар. Бiздiң: «Арыз жазған екенсiз, аты-жөнiңiздi растайтын куәлiгiңiздiң көшiрме­сiн хатпен салып жiберiңiз. Онсыз арызыңыз газетке жарияланбайды», – дегенiмiзден кейiн, бiздi мазалауды қояды. Бұдан шығатын қорытынды: демек, редакцияға жазған арыз-хаттың авторлары бұл хатты өз атынан жазып отырған жоқ! 
 «Сәлеметсiздер ме, құрметтi «Жас Алаш» га­зетiнiң ұжымы! – деп бастапты хатын Балнұр Қожагелдi (М.Ғабдуллин атындағы орта мектеп, Балуан Шолақ ауылы, Шу ауданы, Жамбыл облысы). – Сiздерге бiрiншi рет хат жазып тұрғаным болмаса, өзiм газеттiң тұрақты оқырманымын. Мен 8 «а» сыныбында оқимын. Бiздiң сыныпта «Жас Алашты» жақсы көрмейтiн адам жоқ. Себебi, сiздер тек шындықты жазасыздар...», «Есенғали Раушанов ағайдың өлеңдерi ұнайды. Осы кiсiнiң Сырбай Мәуленов туралы жарық көрген «Жанның жұпар жаңбыры» (№77, 27 қыркүйек, 2009 жыл) атты сыр-толғауын екi-үш рет қайталап оқып шықтым. Маған қатты әсер еттi», – дейдi өз хатында 10-сынып оқушысы Ақмарал Озанова (Көкшетау қаласы). Ал Қарқаралыдан (Қарағанды облысы) хат жазған 6-сынып оқушысы Бақтыбек Еркiнұлы: «Мен «Жас Алашты» ата-анаммен жарысып оқимын. Кроссворд, сөзтiзбек, криптограммаларды көбiрек бер­сеңiздер екен», – деп өтiнiш бiлдiрiптi. Жас оқырмандарымыздың күннен-күнге көбейiп келе жатқаны бiздi де қуантады.
Келер жылға өзi ғана емес, тағы да бiрталай оқырманды жаздырған Б.Қарабатыровқа (түбiртегiн редакцияға салып жiберiптi) ризашылығымыз шексiз. «Жас Алашқа» мақалаларын үздiксiз жiберiп тұрған М.Сапармұратовқа, М.Өтебайұлына, М.Нығметуллаевқа, М.Оразұлына, А.Қайназаров­қа, Т.Сәрсеновке, А.Базарбайұлына, С.Лепесовке, М.Уақтегiне, С.Өтебайұлына, тағы да басқа Қазақстанның түкпiр-түкпiрiндегi оқырмандарымызға алғысымызды айтамыз. Газетке жанашыр жандардың осындай қолдауларының әр кезде-ақ жалғасын табарына сенемiз.
Сәлима ЫСҚАҚОВА
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті