1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №39 (15705) 17 мамыр, бейсенбі 2012
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
17 мамыр 2012
Жұбайымды кiнәлай алмаймын

“Оқырман хаттарынан” «Әйелдiң бақыты далада, сахнада емес, отбасында» (№33, 26 сәуiр, 2012 жыл) деген атпен жарияланған оқырманның мақаласын оқыдым. Ендi осыған ой қоспақ ниетiм бар.

Менiң жасым 34-те, отбасымда 3 балам бар. Әйел болсам да, шағын бiр елдiмекенде шағын бiр кәсiп­орынды басқарып отырмын. Шынымды айтсам, бұл лауазымға мен арнайы дайындықпен, мақсатпен, немесе мансап қуу арқылы келген жоқпын. Жоғары оқу орнын бiтiрген соң екi жылдай уақытша жұмыстар iстедiм де, сонан кейiн бiр кәсiпорынға қатардағы маман болып орналастым. Менiң бiр қасиетiм, жасаған жұмысымды бар ынтамен, ықыласпен атқарамын және маған дейiнгi бiреулердiң жаттанды жолымен жүрмей, өз жолымды жасауға ұмтыламын. Басшымыз, әрi құрылтайшымыз осы қасиеттерiмдi бағалады ма, лауазымымды өсiре келе дербес бiр серiктестiктiң директоры етiп тағайындады. Әрине, ол кiсiнiң менi бағалағаны үшiн ризамын, еш туыстығымыз да, таныс­тығымыз да жоқ, сырттан келген маған сенiм артқанын үлкен жауапкершiлiкпен қабылдаймын.
 Менiң айтайын дегенiм бұл емес едi, әрине. Мен де бiр әйел адам болып үйде балаларымды бағып-қағып, тәрбиелеп, отбасымның қамын жасап, еш алаңсыз отырғым келедi. Қазiргi жағдайымда отбасыма уақытым шектеулi, үйге келгенде де жұмыстағы шешiлмей жатқан шаруаларым ойымнан шықпай, түсiме де кiретiн кездер болады. Балаларымның сабағын да қарауға қол тие бермейдi, үй шаруасы тағы бар, балаларым қолқабыс қылуға кiшкентай, әйтеуiр, бiтпейтiн бiр арпалыс. Демалыс, құрбылармен қыдыру, әңгiме-дүкен құру, теледидар қарау дегендер менде жоқ. Жұбайымды да кiнәлай алмаймын, лауазымым өсер кезде келiсiмiн сұрадым, сонда ол: “Өз жетiстiгiң, еңбегiң ғой, неге бас тартасың” деп маған қолдау көрсеткен-дi. Ол да бос жүрген жоқ, тұрақты жұмысы, табысы бар. Әзiрге Аллаға шүкiр деп айтайын, балаларымның терiс қылығын байқамадым, бiрақ жұбайым қажыған сияқты. Соңғы кездерi сәл ұсақ нәрсеге сөзге келiп қала беремiз. Екеумiздiң арамыз күннен-күнге алшақтап бара жатқандай. Оның себебiн мен жұмысымнан көремiн, шаршап келген соң ашуланшақ та болып барамын, көзқарастарымыз да алыстап кеткендей. Бiрақ жұмысымды дәл қазiр тастап кетуге жауапкершiлiгiм жiбермейдi. Қаншама еңбек, күш-жiгерiмдi жұмсадым, орта жолда қалдырып кету өзiме де ауыр. Екi оттың ортасында күй кешiп жүрмiн.
 Шындығын айтқанда, мен жұмыс iстейтiн серiк­тес­тiктiң жұмысы – ер азаматтарға лайық сала. Бiрақ басшы тұрмақ, қарапайым маман iздеген кезде ла­йықты азамат табу өте қиынға соқты. Бiлiктi мамандарға өте зәрумiз. Менiңше, қазiргi адамдар тек бүгiнгi күнмен ғана өмiр сүретiн сияқты, жұмысқа келiп-кетiп, айлығын алса болғаны. Ал бiр жыл, бес жыл, он жылдан кейiн өзi не болады, кәсiпорын не болады, оған ешкiм бас ауыртпайды. Оған кiнәлi адам ба, заман ба, бiлмедiм. Бiлетiнiм, жұмысқа жаны ашып, өзiн-өзi жетiлдiрiп отыратын адам жоқтың қасы. Ер-азаматтар бiлiмдерiн жетiлдiрейiн, бiлiктiлiгiн арттырайын деп еш ұмтылмайды. Егер менiң орныма лайықты азамат болса, мен мұнда отырмас едiм. Кетер едiм ғой. Оқырман ойлайтын болар, “өзiңнiң таңдауың ғой” деп. Менiң таңдауым бұл емес едi, бiрақ... жағдайым осы. 
 
Гүлмира С.,
Жездi ауданы,
Қарағанды облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті