1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №21 (15687) 15 наурыз, бейсенбі 2012
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
15 наурыз 2012
Ақиқатты айтпаған айтыс емес

Қазақ айтыс өнерiн үш үлкен кезеңге бөлуге болады. Алғашқысы – Қазақстан төңкерiсiнен бұрын­ғы “бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ” дейтiн шындықты бетке айтатын заман. Екiншiсi – ақындардың тiлiне тұсау салынған кеңестiк дәуiр. Үшiншiсi – елiмiз егемендiк алған соңғы жиырма жылдан бергi кезең.

Халықтың жүрегiнде көп сақталған айтыс, әрине, бетiң бар, жүзiң бар демей шындықты көзге айтқан Қазан революциясына дейiнгi айтыстар. Қазiргiдей телевизор, радио жоқ, тiптi қағазға жазып алынбаса да сол заманның Шөже, Орынбай, Түбек, Жанақ, Кемпiрбай, Сүйiнбай секiлдi ақындарының ақиқатты тiлiп айтқан семсер сөздерi атадан балаға ауызша жеттi.
Кеңестiк дәуiр ақындардың тiлiне тұсау салып, айтарын айтқызбады десек те, бұл кезде де бiрнеше рет ақындар айтысы өткiзiлдi. Тiптi Екiншi дүниежүзiлiк соғыстың қысылтаяң жылдарында да ақындар айтысы өткiзiлдi. Сол кезеңдегi айтыста сөз көрiгiн қыздырушылар Иса Байзақов, Нұрлыбек Баймұратов, Майасар Жапақов, Сапарғали Әлiмбетов, Қалихан Алтынбаевтар екенi белгiлi. Бұлардың арасында ХIХ ғасырдың “Гомерi” атанған Жамбыл бабамыз Алатаудың шыңындай болып бөлек тұрды.
Суырып салма ақындардың дауылпазы атанған Иса Байзақов халық ақыны Нұрлыбек Баймұратовпен болған бiр айтыста “мен сенiң Құдайың­мын” деп кеуде­ленiп қоймапты. Сонда Нұрлыбек жұлып ал­ғандай:
Мен-дағы сөзден есе бергенiм жоқ,
Тiлiне сендейлердiң ергенiм жоқ.
Аспанда жалғыз Құдай бар деушi едi,
Бөрiк киген таз Құдай көргенiм жоқ, – деп жауап берiптi. Сөзден тосылған Иса ежелгi әрiптесiне ерiксiз екi қолын көтерiптi.
Әрiптесiн күтпеген жерден өз сөзiмен өзiн сүрiндiрiп кету Қалихан Алтынбаевтың сөздерiнде де кезiгедi. Мәселен, атыраулық ақынға:
Мақтаны ауылыңның балық шығар,
Тереңнен салаңдатып алып шығар.
“Балықпен бақа туыс, егiз” деген,
Құлағың бала кезден қанық шығар.
Сiздiң жақ қолға түссе бекiренi,
Қуанғаннан аспанға секiредi.
Бiздiң жақ қой соймаса қонағына,
Үhiлеп түнi бойы өкiнедi.
Көкшетаулық әрiптесiне:
Сексен көл, тоқсан көлдi түгел қоссаң,
Ертiстiң жұғын болмас көмейiне! – дейдi.
Тыңдар­ман­ның құлағына құйыла кететiн ай­шық­­ты шу­мақ­тар кеңес­тiк дәуiр айтыстарында да көп­теп кез­деседi. Қанша тiлге тұсау салынды десе де, сол кездiң ақындары да ебiн тауып ақиқатты айта бiле­тiн. Сондықтан да бұл кезеңнiң ақын­­дарының айтыс үстiнде айтқан айшықты шумақтарын көптеген оқырман жатқа бiлетiн. Қы­рық жылға созыл­ған журналистiк қызметiмде ондай адамдарды көптеп кездестiрдiм.
Ал ендi елiмiз еркiндiк алған үшiншi кезең өз заманымыздың айтысына келейiн. Жиырма жыл iшiнде жоқ дегенде 40-50 айтыс өттi. Ақындардың алды отыздан машина мiндi. Бiрақ есiмiзде сақталып қалған жоғарыдағыдай отты шумақтар бар ма? Мыңдаған жолдарды жатқа бiлетiн өз басымда ештеңе жоқ. Е,е менiң миым тоза бастаған шығар деп, ел арасындағы құймақұлақтардан сұрап көрiп ем, олар да жарытып жауап бере алмады.
Күрделi сұрақтың күрмеуiн таба алмай жүргенде “Жас Алаш” газетiнiң 2012 жылдың 2 ақпан күнгi 9-санында жарияланған айтыскер ақын Бауыржан Халиолла бауырымыздың “Айтпайын десең айт­қызады”деген мақаласынан iздеген жоғымды тапқандай болдым. Ба­уыржанның жанайқайынан байқағаным – бүгiнгi айтыс сахнада қо­йылатын спектакльге айналған. Оның сценарийi күнi бұрын жазылып, әзiрленiп қойылған. Ал ақын өзiне бекiтiлiп берiлген рөлдi ғана ойнайтын қуыршаққа айналған. Әйтпесе, айтыста жан алып, жан берiп жатқан ақынға 40 мың теңге, ұйықтап таяқша көтерiп отырған қазыға 500 мың теңге беру деген не деген сұмдық?!
Спектакльде ойнап жүрген ақындар өз еркi жоқ болған соң қай бiр шындықты айтып жарытсын, әйтеуiр бұтып-шатып өзiне берiлген “рөлдi” орындап шығады. Қадыр Мырзалиев ағамыз айтқандай “Жүректен шықпаған сөз жүрекке жетпейдi”. Машина мiнгiш ақындардың бiрде-бiр ауыз өлеңi құлақта қалмауы сондықтан. Қысқасы, айтыс ақиқат айтылғанда ғана айтыс, әйтпесе Алдаркөсенiң “Әләулайы” ғана.
 
Мейрам Оралов,
Ақсуат ауылы,
Тарбағатай ауданы,
Шығыс Қазақстан облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті