1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Шешенстандағы қираған халыққа қол ұшын созған біздің ағайындар. Грозныйдың төріндегі көпқабатты зәулім үйдің құрылысына қаржыны да берген қазақтар. Сол үшін де Рамзан Қадыровтың қолынан алғас алған Иманғали Тасмағанбетовтің күйеу баласы Кеңес Рақышев. Дәл сол марапаттау кезінде ақкөңіл, дархан қазақ жігіті шешенстанның «Терек» футбол клубына автобус, өзінің астында мініп жүрген ұшағын сыйлап және Грозныйдағы аурухананың құрылысын толық көтеретінін айта кетті. Бұл қайдан тасыған байлық, қай көңілден кеткен кеңшілік екенін біле алмадық.
Автор: alaman.kz, 19.06.2010 ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №15 (15681) 23 ақпан, бейсенбі 2012
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
23 ақпан 2012
Бодық шешеннiң Алшынбай мен Құнанбайға айтқаны

Кешегi кеңес заманында жазықсыз жазаға ұшыраған ақын-жазушылардың бiрi марқұм Хамза Абдуллин едi. Ол қазақ әдебиетiнiң классигi Мағжан Жұмабаевқа жерлес әрi туыс болып келедi. 1980-жылдары Х.Абдуллин бiздiң жерлес ақынымыз Зейнолла Тiлеужановқа iлесiп Ақсуатқа бiрнеше рет келдi. Хамза – қазақ әдебиетiне грузиннiң ұлы ақыны Шота Руставелидiң “Жолбарыс терiсiн жамылған батыр” атты шығармасын аударып, сүбелi үлес қосып кеткен қарымды қаламгер. Өзi қазақтың шешендiк сөздерiн де көп бiледi екен. Уақ Бодық шешен туралы көп әңгiме айтты. Арада ұзақ уақыт өтсе де оны оқырмандарға жолдауды жөн көрдiм.

Бодық шешен бойы аласа, арық, сақал-мұрттан жұрдай көсе адам екен. Бiр күнi ол Қарқаралы қаласының көшесiнде арғын, қаракесек Алшынбай би мен аға сұлтан, тобықты Құнанбайға кезiге кетедi. Алшынбай би Бодықпен ертеден таныс болса керек, көрген бетте соқтыға сөйлейдi. “Бөке, алты ай жаздай ел кезсең де иегiңе түк бiтпептi ғой”, – деп көселiгiн бетiне басады. Сонда Бодық жұлып алғандай: “Е, шырағым Алшынбай-ай, құстың мұрнындай қусырылған иектi қойшы, Сарыар­қаның жазығындай басқа да түк шықпай жүргендер бар ғой”, – деп Алшынбайдың таздығын мегзеп қалады. Әзiлдiң арты зiлге айналып бара жатқанын сезе қойған Алшынбай би: “Бөке, менiкi сiздi сөйлету ғой, мә, мынаны алып, батаңызды берi­ңiз”, – деп 25 сом ақша ұсынады. Ол кездегi Николай ақшасы бо­йынша бұл ақша бес жылқының құны екен. Бодық ақшаны қалтасына салып жатып: “Е, шырағым Алшынбай, мұның жөн ғой, жүйрiк боздан шығады, ақылды дәл өзiңдей таздан шығады”, – деген екен.
Бүкiл қаракесектi ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған құдасы, азуы алты қарыс Алшынбай бидi бiр ауыз сөзбен асты-үстiн жездей қақтаған Бодық шешенге аға сұлтан Құнанбай риза болып, қыбы қанып қалады. Оны сезген Алшынбай: “Қой, бұдан да бiрдеңе iлдiрейiн” деген ниетпен: “Әй, Құнеке-ай, сенiң де қалтаңның түбiн тесiп жатқан бiр жиырма бес сом бар-ау”, – дейдi. Құнанбай мына пә­леге берiп құтылайын деген ниетпен қалтасынан жиырма бес сомды алып Бодыққа ұсына бередi. Сонда Бодық ақшаны алып жатып: “Шырағым Құнанбай, көзiң соқыр болса да, көңiлiң соқыр емес екен”, – дептi.
Сөйтiп Бодық шешен әйгiлi Алшынбай би мен атақты аға сұлтан Құнанбайдан он жылқының құнын қалтасына басқан екен.
 
АҚЫНДАРДЫ НӨМIРЛЕУ АҚЫЛҒА СЫЯ ҚОЯР МА ЕКЕН?!
Көзiнiң тiрiсiнде-ақ ерен талантымен елiн мойындатса да, лайықты бағасын ала алмай кеткен ұлы ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың туған күнi 9 ақпан екенi белгiлi. Қазақ телевизиясының 9 ақпан күнгi “Сонымен, солай дейiк” хабарының Мұқағалиға арналуы да заңды. Хабардың сол күнгi құрметтi қонағы, мемлекет қайраткерi, әдебиетшi-ғалым Мырзатай Жолдасбеков ағамыз «Мұқағали Абайдан кейiнгi нөмiр екiншi ақынымыз» деген пiкiрiн кесiп айтты.
Мұқағали мен ұлы Абайдың арасында ақындардың үш биiк шыңы тұр. Оның алғашқысы – нәзiк сыршыл лириканың асқан шеберi Мағжан Жұмабаев болса, екiншiсi – поэ­ма жанрының дүлдүлi, қазақ әдебиетiнiң “Құлагерi” атанған Iлияс Жансүгiров, үшiншiсi – өлеңi өртке тиген дауылдай дауылпаз Қасым Аманжолов екенiне ешкiмнiң дауы жоқ шығар. Осы үш ақынды “марксизмнiң үш қайнар көзi” деген секiлдi Мұқағали поэзиясы нәр ал­ған үш қайнар десек, қателеспеген болар едiк.
Мұқағалида Мағжанға тән сыршыл да мұңды лирика бар ма? Бар. Iлиясқа тән кең құлашты поэмалар бар ма? Әрине, бар. “Мавр”, “Ақ­қу­лар ұйықтағанда”, “Райымбек, Райымбек” секiлдi кең құлашты дүниелерде Iлиястың әсерi жоқ деп қай сыншы айта алады?! Ал Қасым мен Мұқағалидың бүкiл болмыс-тiршiлiгi ұқсас, екеуi де ер жасы елуге жете алмай, қырықтың қырқасынан ас­қанда өмiрден озды. Тiптi екеуiнiң ақындық мұңымен қоса, өмiрдегi адами мұңдары да егiз қозыдай ұқ­сас­тығын қайтерсiз.
“Жас Алаш” газетiнiң 2012 жылдың 2 ақпанындағы санында батысқазақстандық айтыскер ақын Бауыр­жан Қалиолла бауырымыздың “Айтпайын десең айтқызады” деген көлемдi жанайқай мақаласы жария­ланды. Онда Мырзатай ағамыздың айтыс ақындарын қалай тасаяқтай қағыстырғанын бүкпесiз баяндаған. Айтқандары кейде жүрекке жететiн, кейде құлақтан ағып кететiн айтыс ақындарын Мырзатай ағамыз қалай нөмiрлесе олай нөмiрлесiн, ал поэзия­мыздың iнжу-маржанын тудырған ақындарды нөмiрлеу ақылға сыя қояр ма екен?!
 
Мейрам Оралов, журналист,
Ақсуат ауылы,
Тарбағатай ауданы,
Шығыс Қазақстан облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті