1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №62 (15624) 4 тамыз, бейсенбі 2011
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
4 тамыз 2011
Хатқоржын

...Менiң еңбекақым – 40 мың теңге. Қолыма таза 32 мыңдай тиедi. Аудан орталығында бұл ақша әрине, ақша емес. Дегенмен, жұмысымның барына қуанамын. Менiң бөлем “ҚазМұнайГазда”, Астанада жұмыс iстейдi. Өзiнiң айтуынша, айлығы – 2 мың АҚШ доллары! Оның осы ақшасы бiр басына жетпейдi. Ал менiң 32 мыңым отбасымдағы 3 адамға қалай жетсiн?!. Бiздiң ауданда еттiң бағасы ұшып тұр. Астанамен ары кетсе, айырмашылығы 300-400 теңге. Мейлi, бұған да шүкiр!..

Г.Шахарқызы, Шу ауданы, Жамбыл облысы.

***
 
...“Түстi жақсыға жору керек”, – дейдi бiлетiндер. Мен түсiмде көпқабатты үйлерден құлап бара жатамын немесе тауға шыға алмай, мықшыңдап жатып оянамын. Бұдан басқа да түстер көремiн, бiрақ олар есiмде қалмайды. Өтiрiк айтқаным емес, мына түстердi жиi көремiн. Өзiмше жақсыға жорып, “биiктен көрiнедi екенмiн” деп қоямын. Бiрақ биiктен әлi көрiнетiн түрiм жоқ. Әжем жарықтық “түсiнде шыбын-шiркей, құрт-құмырсқа көрген адам бай болады” деушi едi. Ал менi құрт-құмырсқа шағып жатады. Түсiмде, әрине. Әлi байитын түрiм жоқ. Көмiр де саттым, бiр облыстан бiр облысқа көкөнiс пен жемiс-жидек те тасыдым. Бiрақ “баяғы жартас сол жартас”...
Бақтияр Молдияров,
Мақтаарал ауданы,
Оңтүстiк Қазақстан облысы.
 
***
 
...Ата-әжеме көмектесiп, жаздай шөп ордым. Шөп жақсы шықты. Бiрақ жаңбыр қайта-қайта жауып, шапқан шөбiмiз кеппедi. Көбiсi шiрiп кеттi. Атам: “Есiл еңбек-ай далаға кеткен”, – дедi қамығып. Ал менiң сыныптас досым Ақши ауылына барыпты. Жаңбыр жаумағандықтан, ата-апалары көршi-қолаңмен бiрiгiп, мал сойып, тасаттық берiптi. Содан кейiн жарты сағат өтпей, жаңбыр құйып-құйып жiберiптi. “Бұл да бiр Құдайдың құдiретi”, – дейдi атам...
Бекарыс Алдамжаров,
9-сынып оқушысы,
Алматы қаласы.
 
***
“...Д.Қонаевты, Ж.Нәжiмеденовтi, Ә.Әлiмжановты, М.Мақа­таевты және тағы да басқа көптеген тұлғаларымызды, зиялыларымызды тiрiсiнде бағалай алмадық”. Соңғы кездерi осындай әңгiмелердi көп естимiн. Бағалай алмасаңыздар, қазiр тiрi зиялыларымызды неге бағаламайсыздар? Тарихтан сабақ алатын уақыт жеттi ғой. Айтатындарыңыздың бәрi – бос сөз. Мәселен, қазағым деп шырылдап жүрген Мұхтар Шахановты тiрi кезiнде неге бағаламасқа?! Ертең “Ой, Мұхаң сондай жақсы адам едi...”, “Мұхаң халқым деп еңiреп едi...” деп өтiрiк көлгiрситiн шығарсыздар. Бiрақ мұндай көлгiрсу бiздiң қазақ зиялыларының әдетiне айналды ғой...
Айжамал Құрал­баева,
Темiртау қаласы,
Қарағанды облысы.
 
“ЖАС АЛАШҚА” РИЗАМЫН
Мен 1975 жылы туғанмын. Ауылдың баласымын. Әйтсе де, 10-11 сыныпты Қарағандыда оқыдым. Университеттi де сонда бiтiрдiм. Мектепте, содан кейiн университетте оқып жүргенде газет бетiн анда-санда бiр ашатын едiм. Үш-төрт жыл болды, жұмысыма байланысты бiрнеше газеттердi жаздырып аламыз. Соның бiрi – “Жас Алаш”. Шындығын айту керек, жаздырып алатын басылымдардың iшiндегi қоғамда болып жатқан оқиғалардың ащысын да, тұщысын да ашып жазатын   – “Жас Алаш”. Оны мен басқа басылымдарды оқып, сайттарды қарай отырып, салыстыра жатып байқаймын. Сондықтан да дәл қазiргi кезде сiздердiң газетке ризамын.
С.Баймұратов,
Көкшетау қаласы.
 
Оқырман хаттарын екшеген – Сәлима Ысқақова, aika902007@rambler.ru
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті