1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №53 (15615) 7 шілде, бейсенбі 2011
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
7 шілде 2011
Басы да, жаны да сұраусыз кеттi

Алаш жұртшылығы үшiн жанын пида еткен қазақ баһадүрлерiнiң басының алынуы хан Кенеден (Кенесарыдан) басталды. Ханның 1847 жылы басы алынып, сүйегi шоң байекелер, яки қырғыз жерiнде қалды. Бұрын Санкт-Петербордың Кунсткамерасында тұрған ханның басы соңғы жылдары iзiм-қайым жоғалды. Әумин... Үндемедiк...

Тап осылай басы да, тағдыры да тәлкекке түскен жауын­гер­лердiң бiрi – атақты Бөке батыр (1846–1904). Ол құмырс­қадай қаулаған Қытайдағы қазақ елiн жақсы, жайлы жерлерге орналастыру үшiн басын тауға да, тасқа да соқты. Қара қытайдан еш қаймықпады. Бөке батыр 1904 жылы кенеттен ауыр сыр­қаттанып, мерт болды. Сүйегi Тибет автономиялы ауданында жерлендi. Қара жердiң бетiне сыймай жүрген Қытай әскерлерi батырдың көрiн ақтарыстырып, оның басын кесiп апарып, Үрiмжi қаласының орталығына iлiп қойды. Ал, әйтпесе!!! Араға бiрқыдыру уақыт салып, батырдың баласы Рабай намысқа тырысып, әкесiнiң басын алып, оны байырғы отаны Алтай өлкесiне әкелiп, қара жердiң қойнына тап­сырды. Сөйтiп, Бөке Жырғалаңұлының басы Алтайда, денесi Тибетте қалды.
Сонау қиырдағы Алтай жерiнде жеке әскер құрып, дербес билiк жүргiзген Зұқа батыр Сәбитұлының басын 1921 жылы Қытай үкiметi кесiп алып, Үрiмжi қаласындағы ел көп жүретiн үлкен көпiрге iлiп қойды(!). 1928 жылы Қобда жерiнде өмiр сүрген қазақтың биi Қылаңның басын тағы да қытай жендеттерi қанжығаға бөктердi.
Орыстар Кейкi батыр Көкембайұлының басын 1922 жылы кесiп алып, Торғай қаласының орталығында бағана басына 7 күн бойы iлiп қойып, жұрттың зәресiн қашырды. Бас сүйегiн Д.Букинич деген “шаш ал десе, бас алатын” жандайшап бiреу Санкт-Петербордың Антропология және этнография мұражайына тапсырған. Қазiр сонда тұр.
Сол сияқты орыс әскерлерi Жанқожа батырдың денесiн оқпен паршалады. Бекболат батырды жазалаушылар бiр қауым елдiң алдында дарға асты...
Сатқындардың былапыт “ойыны” мен харам пиғылы (өкiнiшке қарай) жүзеге асып, Махамбеттiң басын өз үйiнде кесiп алды. 1903 жылғы Арал, Мұғалжар аймағындағы көте­рiлiс басшысы Мырзағұл Шыманұлын да түрмеде шiрiттi. Үлкен оқымысты, ақын, қажы, “Құранды” тұңғыш рет қазақ тiлiне аударған Ахыт Үлiмжiнi (1866–1940) Қытайда өлтiр­дi. Атақты Оспан батырды (1889–1951) Қытай өкiметi дарға асты.
Қарқара көтерiлiсiнiң басшылары Ұзақ пен Жәмеңкенi жендеттер у берiп шейiт қылды. Қарқара батыры Жақыпбердiнi Шығыс Түркiстанда 1932 жылы қолға түсiрiп, 24 досымен бiрге ату жазасына кестi. Отаршылдардың жоғарыдағыдай тас­жүректiк iсiнен өзбектер де қалыс­қан жоқ. Ташкент құшбегi Кенесарының ағалары Саржан мен Есенкелдiнi, оның баласы Құдаймендiнi туыс-туғандарымен қырып тастап, олардың бетiн жаппастан далаға тастады, олардың сұлбасы, мәйiттерi бұзылып кеткеннен кейiн табылды.
Байқасаңыз, қазақтың алып тұлғаларының тағдыры қасiретке толы болғанын аңдау қиынға соқ­пайды. Иә, ел намысы таразыға түскен кезде ұлттың ұлтарақтай жерiне дейiн асқан жанкештi­лiкпен қорғаған баһадүрлерi­мiздiң тәлкекке толы тағдыры кiм-кiмге болмасын ой салуы керек. Кәрi тарихтың бұралаңға толы соқпағында қаншама батырларымыздың басы да, жаны да сұраусыз қалды. Бұл өткенге сыни көзбен қарайтын бүгiнгi ұрпаққа сабақ болса, қанеки?!
 
Табиғат АБАИЛДАЕВ,
Тараз қаласы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті