1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №33 (15595) 28 сәуір, бейсенбі 2011
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
28 сәуір 2011
Бiр тақырыпқа екi хат

АЛДЫН АЛУ КЕРЕК ЕДI

“Жас Алашта” Оңтүстiк Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Жеңiсбек Мәуленқұловтың “Балам – маскүнем, немерем – нашақор” атты шағын мақаласы жарияланды (№4-5. 20 қаңтар, 2011 жыл).
 
Елiмiзде маскүнемдiк пен нашақорлықтың қанат жаюы мемлекеттiк жүйенiң бұл мәселенi шешуге құлықсыздық танытуынан деп ойлаймын. Қазiргi кезде арақ пен сүттiң, тiптi минералды судың да бағасы бiрдей. Арысы – Қытай, берiсi – iргедегi елдерден сасық спирт әкелу кәдiмгi картоп пен қырыққабат тасымалдағаннан да оңай болып тұр. Бiрақ бiздiң қазаққа қасiрет әкелумен байып жатқандардың “көкесi” кiм екенiн шамалағанымызбен, қолынан шап берiп ұстап алып жазасын беруге құдiретiмiз жетпейдi.
Соңғы кезде арақ iшу, маскүнемдiкке салыну қайта үдедi. Мейрамханалар мен тойханаларда той өткiзу, кафелерде қонақ күту, туған күндi атап өту дәстүрге тереңдеп енгеннен берi дастарқанға қайыстырып арақ-шарап қоятын болдық. Екi жас некеге тұрса – шарап, нәрес­те дүниеге келсе – шарап, екi құдағи тәттi шай iшуге отырса – шарап, екi кәсiпкер келiсiмшартқа отырса – шарап... Халықтың қамын жейдi дейтiн билiк өкiлдерi сырт көзден тасаланып арақ-шарапты суша сiмiредi. Өкiнiштiсi сол, соңғы жылдары қазақ әйелдерi де маскүнемдiкке салынуда. Нәтижесiнде ұлтымыздың келешегi – жас ұрпақ ана жатырында жатып улануда.
Арақ iшуден бастап маскүнемдiкке салынуға дейiнгi дерттiң еш кедергiсiз кең таралуының себебi – бүгiнгi жүйенiң әрекетсiздiгiнен. Iргедегi Өзбекстанда арақ-шарап тұтыну мөлшерi 1 жылда әрбiр адамға 2 литрден келедi екен. Ал Ресей мен Белоруссияда бұдан 30-35 есе көп. Қазақстанда да соған жуық.
Маскүнемдiкке салынудың тағы бiр себебi – әлеу­меттiк әдiлетсiздiктен. Қазақстанда бүгiнгi күнi ат төбелiндей топ (шамамен 5 пайыз) маңдай терiн төкпей-ақ қисапсыз байлыққа ие болды. Одан екi есе көп халық iшер тамағын қайтсем табамын деп тауқыметтiң қамытын киген. Қалғандардың өзi билiк құрушы бишiкештер мен оларға қызмет етушi кедейлер болып екiге жарыл­ған.
Ең қиыны – мұң шағып, әдiлеттiк сұрап баратын жер, басатын таудың жоқтығы. Бiр адамға бағынған билiк, сот жүйесi, бiр партиялық парламент пен мәслихаттар, сайқымазақ сайлау... Бұл да жүйкенi жұқартады. Араққа ұрындырады.
Маскүнемдiкке салынудың тағы бiр себебi – тұрмыс тауқыметi. Оның түрi де, мазмұны да бүгiнгi күнi өзгерген, күрделене түскен, шешiмi табыла бермейдi. Мәселен, есейген жанның өмiрлiк серiгiн таба алмауы, тапқан күнде жағдайы немесе мiнезi келiспегендiктен ажырасып кетуi, қажеттi мамандық ала алмауы, мамандығы бар болса да жұмыссыз қалуы, еш себепсiз жұмыстан босауы, тапқаны қатқанына жетпеуi, тағысын тағылар. Жығылғанға жұдырық, нарықтық экономикаға өткелi бұл мәселелер өте шиеленiсiп кеттi. Сорақысы сол, республикамызда мұндай әлеуметтiк шиеленiстердi зерттеп, талдап жүрген мекеме жоқ. Өйткенi мәселенi шешуге ықыластанып жүрген үкiметтiң өзi жоқ. Шындығында, бұл мәселенiң тамыры тереңде. Алдын алу үшiн мемлекеттiк деңгейде үлкен мәселе көтеру қажет.
Шаруа ПIРМАТ,
Шымкент қаласы.
 
IШIМДIККЕ БОЙ АЛДЫРҒАНДАР КӨБЕЙIП КЕТТI
Бүгiнде арақтың қазақтың өмiрiне терең енгенi соншалық, атадан балаға мирас бола бастады. Тiптi әкесi ұлымен, шешесi қызымен рөмке соғыстырып, арақ iшетiндер бар. Менiңше, бұл иманның жетiспеушiлiгiнен.
Айта берсең, арақ-шараптың залалы жетiп артылады. Жасы 40-қа келсе де, қолынан рөмкесi түспеген азамат­қа “өмiрiңнiң мәнi не сонда?” деп сауал тастасаң, жауап бере алмайды. Бұл не өмiр сонда? Тiптi құдайдан жалбарынып перзент сұрап, ол өмiрге келер-келместен “жуа­тынды” шығарған қазақ қайда барады?
 
Мақаш АМАНДОСОВ,
Мұқыр ауылы,
Қызылқоға ауданы,
Атырау облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті