1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №17-18 (15579-80) 4 наурыз, жұма 2011
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
4 наурыз 2011
Өмiр өрнектерi

МЕКТЕПТIҢ ТӨҢIРЕГI

Мектептiң кейде, бiр қолыңды екi ете алмай қарбаласып жатқан кезiңде ата-аналар жиналысына шақыратыны бар. Қолың тиiп бара қойғаныңда, сенi жерге қаратпай маңдайы жарқырап, елдiң алдында қасқайып тұрған бiлiмдi, тәртiптi балаң болса екен-ау. Баласының абырой әпермейтiнiн жүрегi сезген кейбiр қу келiншектер енелерiн “құрбандыққа” шалып, жан сақтайтындары бар. Бүкiл мектептi шулатып жүрген жүгiрмегi Ақайдың бұған ұпай алып бермесiн бұрыннан бiлетiн Айзагүл де, кезектi мектептегi жиналысқа енесiн қыстырып жiбермек болып шештi. Енесi – тәкаппарлау, бiр сөздi, мiнезi ауыр кемпiр. Сонысынан ығысып мұғалiмдер де, мектепте жасалынған бұзақылықтың бәрiн Ақайға жаба салуға жүректерi дауаламайды. Бүгiн де Айзада келiн жасқана тұрып, енесiне ұсыныс жасады. “Ене, бүгiн қолым тимей тұр, ана балаңның мектебiне өзiңiз бара салмайсыз ба?” – дедi. Айтуын айтса да “Баланы туғанда қолдарың тиедi, өзiң бар!” деп дүңк еткiзе ме деп зәресi ұшып тұрған. Келiнiнiң “ана балаңның” деген сөзiне жiбiп кеткен кемпiр “Жарайды, жүре бер, барайын” дедi әңгiменi созбай.
Сынып жетекшiсi Гүлбазар апай жиналыстың барысында даусының ырғағын төмендетiп кемпiрге “Шеше, сiздiң Ақай “пастаянны” екiншi сабаққа келедi” деп сылап-сипай жеткiздi ескертуiн. Кемпiр қисайып кеткен жаулығын түзеп жатып “Әй, Гүлбазар қыз, бiз соның мектептiң төңiрегiнде жүргенiне қуанып жүрмiз”, – дедi.
                                                                
БИГУДИ
Таңғы тәттi ұйқыдан Гүлзира апай оқыс оянды. Жалма-жан қолсағатына қараса, сабақ басталуға жиырма-ақ минут қалыпты. Сабаққа бiр минут кешiгiп келген оқушыларды жерден алып, жерге салатын Гүлзираның өзi солардың жолын құшқалы тұр. Ендi балаларға ұрыса бастаса “Өткендегi өзiңiздiң кешiккенiңiз қайда?” десе, бұл не деп жауап бередi? Сыныбындағылар да тырнақ астынан кiр iздеп, мұның кемшiлiгiн тiзбелеп жүредi. Әншейiнде байғызға ұқсап жағы сембейтiн, оянбасыңа қоймайтын қытайдың жұдырықтай сағаты қасақана тiлдерi салбырап тоқтап қалыпты.
“Мектептiң асханасынан түсте бiрдеңе қаужай салармын” деп оразасын ашпастан, апыл-ғұпыл киiнiп, тiптi айнаға да зер салмастан үйiнен шықты. Сыртқа шыққаны сол едi, үй жанындағы теректердi суарып жүрген сары күртелi үш келiншек жұмыстарын кiлт доғара салып, бұған аңтарыла қарады.
“Өткен-кеткендердi түгендеп ауыздарын ашқанша талдарын дұрыс суармай ма, бұлар өсекке материал iздеп тұр”. Бұларға бiр-екi ауыз бiрдеңе айтып тастауға әттең уақыты жоқ. Сол екпiнiмен мектепке жақындап келдi.
“Сәлеметсiз бе?”, “Сәлеметсiз бе?” деп сонадайдан жамырай шулайтын, өзi жетекшiлiк ететiн сыныптың оқушылары да, амандаспақ түгiлi айқай-шуларын сап тыйып, бұған үрке қарап тұр. “Неғып тұрсыңдар ауыздарыңды ашып, соғылып жатқан қоңырауды, ең болмаса бiреуiңнiң ана қалқиған құлақтарың естiмей тұр ма, әлде сендер үшiн құдайдың құтты күнi директордың алдында мен тұруым керек пе?” – деп жолай тәрбие жұмыстарын жүргiзiп барады. Алдынан кездескен мектептiң бар мұғалiмi, қарауыл шал, еден сыпырушылар, мектептiң маңайында жыбырлап жүргендердiң бәрi бұдан қашқақтай тосырқап қарап тұр. Сәл ертерек болғанда бәрiн бiр тұқыртып жiберетiн-ақ кез, әттең уақыттың тарлығы. Кiреберiс дәлiздегi айнаға көзi түсуi сол екен, Гүлзираның өзiнiң аузы ашылып тұрып қалды. Сөйтсе ұйқыға жатар алдында басына салған бигудилер тiкiрейiп-тiкiрейiп сол күйiнде тұр екен.     
 
ШАШ АҒАРТУ
Бiрде 8-сыныптың оқушылары кеңесiп, сынып жетекшiсiне ақшаларының көлемiне орай жеңiл-желпiлеу сыйлық алғысы келiптi. Көлдей қылып құттықтау қағазын жазып, қағаз дорбадағы сыйлықтарын апайларына ұсыныпты. Тегiн сыйлық деген жақсы ғой, оның үстiне тапқаны тапқанына әзер жететiн мұғалiмдерге. Жүрегi жарыла сыйлықты қабылдап алған мұғалiм қыз “Менiң балаларым маған не сыйлады екен?” деп, оқушыларының көзiнше ашып қараса, “Лондоколор” атты шаш бояуы екен. Апайы шәкiрттерiне қарап, күлiмсiреп алғысын айтып тұрса, бiр аңқау бала: “Апай өзiңiз айттыңыз ғой “сендер менiң шашымды жасыма жетпей ағарттыңдар” деп, мына бояуды күнде басыңызға жағып жүрсеңiз, дым бiлiнбейдi”, – дептi ағынан жарылып.                             
                          
 Ерекен Қорабаев,
 Ақтау қаласы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті