1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №13 (15575) 17 ақпан, бейсенбі 2011
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
17 ақпан 2011
Ерекше тұлға едi...

Республикаға, тiптi бұ­рынғы Кеңес Одағы көлемiне кеңiнен танымал, ауданымыздың мақтанышы болған, шопандар маршалы атанған, екi мәрте Социа­листiк Еңбек Ерi Жазылбек Қуа­ныш­баев туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Ол туралы бiрнеше кiтап, естелiктер жинағы жарық көрдi. Әлi де жазыла бермек. Биыл наурыз айының 29 жұлдызында Жаз-Ата 115 жас­қа толады. Жазекең сауаты аз болғанымен, өмiрден көргенi мен түйгенi көп, ер көңiлдi, қонақжай, орта бойлы, то­лық денелi, сұлу жүзiнен нұр шашқан, кәрiлiктi мойындамай өткен, иман жүздi адам болатын. Мерейтойына орай есiмде қалған Жаз-Ата туралы бiрнеше оқиғаларды оқушы қауымға жария еткендi жөн көрдiм.

“70-КЕ КЕЛГЕН МАҒАН РАҚМЕТ, ПАРТИЯҒА РАҚМЕТ!”
1967 жылғы наурыз айының 29 жұлдызында Жазылбек Қуанышбаевтың 70 жас­қа толған мерейтойы Бiрлiк ауылының күншығыс бетiндегi “Жиек” жазығында дүркiреп өттi. Ат бәйге шабылып, спорт түрлерiнен жарыс өтсе, еңбек озаттары марапатталып, Жазекеңе ақ боз ат мiнгiзiлiп, иығына шапан жабылды, артынан аудандық мәдениет үйiнiң өнерпаздары үлкен концерт бердi. Той соңынан Жазекеңе сөз берiлдi. Осы тойды ұйымдастырған, өзiне сый-сияпат жасаған басшыларға рақметiн жаудырған Жазекең сөзiнiң соңын “70-ке келген маған рақмет, партияға рақмет!” деп еш қулықсыз, шын пейiлмен ризашылығын бiлдiргенiне жиналған қауым ду күлiп, арты қол шапалаққа ұласты. Батыр атаның бұл сөзi ел аузында аңыз болып тараса, дастарқан басында, тойларда әзiл ретiнде жиi айтылады.
 
ЕНДI ОЙДА БОЛАДЫ...
Жазекеңдi басшылар мен туыстары жеке бастарының iсiне пайдалана бастайды. Ақ көңiл, ешкiмнiң көңiлiн жықпайтын, ешқандай қулық-айладан хабарсыз Жазекең солардың жетегiнде кетiп, бiразының балаларын оқуға түсiрiп, бас­қа да септiгiн тигiзедi. 1983 жылдың тамыз айында Жазекең бiр басшының баласын Алматы малдәрiгерлiк институтына түсiрмек болып институт ректоры Зейнолла Қожабековке жолығады. Жазекеңнiң шаруасын мұ­қият тыңдап алған ректор: “Сонша жерден ат арылтып келгенде, сөзiңiздi жерге тастамайын. Әкелген балаңыздың оқуы жақсы, талабы болса қолдайын” деп уәде бередi. Артынша ректор: “Жазеке, сiздi бүкiл қазақ халқы сыйлайды, қадiр­лейдi. Тек сiзден бiр ғана өтiнiшiм бар, келешекте әр адамның жетегiнде кет­пеңiзшi. Олар сiздiң атақ, беделiңiздi жеке бастарына пайдаланғысы келедi”, – деп ағынан жарылып, сый-сияпат жасап, көлiгiне дейiн шығарып салған екен. Жазекең iстеген iсiне қатты ұялып, рақметiн айтып, қоштасады. Бұдан соң Жазекең “уәдесiнде” тұрып, “делдалдық” қызметiн мүлде тоқтатады.
 
МЕН ДЕ ОЙНАП АЙТТЫМ...
Жазылбек Қуанышбаев зейнеткерлiк демалысқа шыққан соң, 1974 жылы Жамбыл ауылындағы үкiмет тарапынан арнайы салдырған тұрғын үйге көшiп бар­ған кезi. Үй сол кездегi сәулет жобасымен салынған, кiшi қазандық пешiмен жылынатын, жылу жүйесi орнатылған екен. Бүкiл саналы ғұмыры мал соңында өткен отбасы ондай пештi бұрын-соңды жағып көрмеген.
Қараша айының қатты суығында пеш түнiмен үзбей жағылмай жылу жүйесi жарылып, iстен шығады. Жазекең дереу аудандық партия комитетiнiң басшыларына телефон шалады. Аудандық партия комитетiнiң нұсқаушысы бiрден аудандық коммуналдық мекемесiне (мен ол кезде мекеменiң бас есепшiсi болатынмын) хабарласып, мән-жайды түсiн­дiредi. Ол кезде мекеме басшысы Кондрат Пиникер деген ұлты немiс азамат болатын. К.Пиникер өмiрдiң ащы-тұщысын көрген, қа­зақтың барлық салт-дәс­түрiн жақсы бiлетiн, қазақша еркiн сөйлейтiн iскер, әзiлқой азамат едi. Жағдайды түсiнген ол: “Жазекең тоқалын еркелетiп алыпты ғой”, – деп арнайы жылу жүйесiн жөндеу бригадасын жiберiп, бiр аптада iске қосты. Желтоқсан айының ортасында “Жазекеңнiң үйiнiң жылу жүйесi iстен шықты” деген жайсыз хабар жеттi. Тағы да аудандық партия комитетiнiң нұсқаушылары телефон шалды. Бұл хабарға мекеме басшысы К.Пиникер онша мән бере қоймады. Содан бiр аптадай уақыт өтiп кеттi. Желтоқсан айы. Қыс қа­һарына мiнiп, арты қарлы боранға ұласқан болатын. Жазекеңнiң отбасы әбден жаураған болуы керек, қария басшыларды мазалай бергендi дұрыс көрмей, аудандық коммуналдық мекемесiне барғанды жөн көрген. “Жазылбек Қуанышбаев келiп тұр” деген хабарды естiсiмен кеңсе қыз­меткерлерi алдынан шығып, ата салтымен қос қолдап амандасып жатырмыз. Қазақша қос қолдап амандасқан бастық аман-есен­дiктен кейiн, ақсақалдың не үшiн келгенiн бiлсе де, бiлмегендей “шаруаңызды айта отырыңыз” деп қолқа салды. Iштей ашуын жасыра алмаған Жазекең, бiрден шабуылға көштi: “Әй, Кондрат! Менi қартайғанда әуре қылмай, екiншi жолы да жылу жүйесiн жөндеп беруге болар едi ғой”, – деп өкпе-назын бiлдiрдi. Кондрат әзiлмен жеңбек болып: “Жазеке, неге тоқалыңызды сонша еркелетiп қойғансыз? Қамшымен неге сабамайсыз?” дедi. Жазекең Кон­дратқа қадала қарап: “Әй, Кондрат! Қазақта “жығылып жатып, сүрiнгенге күлме” деген. Естiген құлақта жазық жоқ, сенi де қатынжанды деп естiп жүрмiн, некесiз тоқалыңа Фрунзе көшесiнен жаңа үй сатып әпердi деп естiдiм. Рас па?” – деп дүрсе қоя бергенi сол едi, Кондрат сасқанынан: “Жазеке, мен ойнап айттым”, – дедi. Жазекең де: “Мен де ойнап айт­тым”, – деп орнынан тұр­ды. Шығарда: “Әй, Кондрат! Бос сөздi қойып, жылу жүйесiн жөндеп бер. Үшiншi рет өзiм де кел­меймiн, тоқалымды тәр­тiпке шақырамын”, – деп қоштасып шығып кеттi. Сөзден ұтылған Кондрат арнайы бригадасын жiберiп, бiр күнде жылу жүйесiн iске қостырып бердi.
 
Қ.КӨРПЕБАЕВ,
Мойынқұм ауылы, Жамбыл облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті