1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №104 (15562) 30 желтоқсан, бейсенбі 2010
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
30 желтоқсан 2010
Ағайынның бiтiмгершiлiгiнен бiрлiк нығая ма?

Таулы ауданның бiрiмен-бiрi қыз алысып, қыз берiспейтiн, бiр рулы ағайын тұратын аулында жаға ұстатқан жантүр­шiктiрер оқиға болды. Ауылда жетпiстен асқан Самат деген кiсi (белгiлi себептермен кейiпкерлердiң есiмдерi өзгертiлiп алынды) бар едi. Ђзi жастайынан еңбекпен тырбанып өскен шаруақор адам. Әкесiнiң әбжiл әрекетшiлдiгi бойларына сiңген оның он екi ұл-қызы да өмiр сүруге епсектiлiгiмен әр сақта өз арбаларын өздерi сүйретiп жүр. Үлкен отбасының кенжелерi Жекен шал-кемпiрдiң қолында, қарашаңыраққа ие болып қалды.

Олардан 3-4 үй әрi Темiрбек деген тұрады. Кезiнде бөлiмшенiң де, кеңшардың да тiзгiнiн ұстаған. Қазiр жаз жайлауда, қыс қыстауда мыңғырған мал өрiстетiп отыр. Бақуат тұрады. Барлығымен маңайын ықтырған осы көршiнiң қаладан жоғары оқу орнын бiтiрiп келгенiне екi-үш жыл болса да әлi жұмысқа тұрмай, ауылда бос сенделiп жүрген Таңат деген кенже ұлы бар. Жиыр­мадан асса да әлi шолжыңдығы мен сотқарлығы тыйылмаған сол әпербақан Саматтың кенжесi Жекенмен шекiсiп қалып, оны мылтықпен атып, аяғынан жаралайды.
Осының кесiрiнен Жекен мүгедек болып қалды. Ал адам атқан Таңат құ­қық қорғау орындарынан бой тасалап, қашып жүр...
Осы оқиғадан бiр апта өткеннен кейiн ауыл ақсақалдары бас қосып, бұл екi отбасын татуластырмақ боп келiседi. Ағайын-туыс жиналып: “Е-е, болар iс болды, бас жарылса – бөрiк iшiнде, қол сынса – жең iшiнде. Бала бiр ақымақтық жасапты. Бәрiнен де әйтеуiр, ұлың аман қалғаны жаныңа медет. Ашуыңды бер, өкпеңдi жаз. Елдiң береке-бiрлiгiн ойлайық. У iшсең – руың­мен, дау-дамайды алысқа ұзатпа. Арызданба. Бәрiмiз бiр атаның ұрпағымыз. Соттасып, оттасып, сырт көзге масқара болмайық. Ағайын арасы алауыз, дүрдараз болып кетпесiн. Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш деген. Иттiң бiр бейбастығын кешiр”, – деп өзара ымыраға келудi қолқалайды. Бұдан соң iле-шала учаскелiк инспектор да қаяулы үйге бас сұғып: “Ау, көкесi, екi азамат шекiсiп қалыпты. Ер шекiспей бекiспейдi. Аға­йын емессiздер ме, әрi Құдай қосқан қоңсыңыз. Балалықпен iстеген бiр шалалығына ғапу еткенiңiз жөн шығар. “Көршiң үшiн намазыңды бұз” дегендей, полициядағы шағымыңызды қайта алғаныңыз дұрыс болар”, – деп мәмiлеге шақырды.
Ең соңында барып жазықсызға жауыздық жасаған басбұзардың әкесi жәбiр көрушiнiң шаңырағы табалдырығынан аттады. Қоңсылық базынасын алға тартып, өзiнiң де, “iштен шыққан шұбар жыланның да” айыбын бiр жолға кешуiн сұрап, аяққа жығылды.
Ағайын өкпеге қиса да, жаманатқа жықпайды. Уайым уысында қалған қария қанша қиналса да, көршiсiнiң кесiрлiгiн кештi. Кiнәласып, соттасудан туыстың татулығын, ауылдың абыро­йын, жамағаттың ынтымағы ыдыра­мауын биiк қойды.
Бiртұтас елдiң бiрлiгiн быт-шытын шығарып, бүлдiре жаздаған бұл оқиғаның уыты басылмай жатып, арада екi жарым ай өткенде кешiрiм алған сол бұзақы бала (баяғы Таңат қой тағы!) тағы жаңылып, шалыс басты. Тап осы ауылдағы бiреудiң көкөрiмiн көкала қойдай етiп сабап тастады.
Осыдан кейiн көкейде пiкiр қоздайды. Ағайын арасында жоғарыдағыдай жағдайды “жабулы қазан жабулы күйiнде” қалдыру қажет пе едi, осы? Әрине, елдiң ауызбiршiлiгi керек. “Ырыс алды – ынтымақ” деп жатамыз. Бiрақ халықтың шырқын бұзар зұлымдықты кешiрiп, жауырды жаба тоқығаннан ұтып жүргенiмiз шамалы ғой. Кесiрлi ұлдың тағдырына аяушылық танытылып едi, соңы не болды? Қылмысын та­ғы қайталады. Демек, өткендегiсiне түк те өкiнбедi, одан дым да сабақ алмады.
“Бас мүлгiсе, аяқ сүрiне бередiнiң” жақында ғана болған және бiрер мысалын келтiрелiк. Осы ауылда тағы бiр сот­қар өзiне ақыл айтқаны үшiн бiр қария­ны бөтелкемен ұрып, бiр көзiн шығарып жiбердi. Және бiр басбұзар бiр жi­гiттен сыраға деп ақша сұраған. Ақы­рында жүз теңге бермегенi үшiн оның қақ желкесiнен ОСА пистолетiмен атып салып, отбасының ойранын шығарды. Ђмiрiн үзiп, төрт баласын жетiм қалдырды. Мiне, бұл зұлымдықтар да арааға­йындықтың ықпалымен бiтiмгер­шiлiк­пен аяқталды.
Рас, бабаларымыздың бұрын шатаққа шатасқандарды бәтуаға келтi­ретiнiн, тентектерiн тезге салып, түзетiп отырғанын бiлемiз. Ал қазiр адамды заман билеп тұр. Яғни дәуiрiне қарай кiсiсi. Ата дәстүрдi жалғастыру жақсы-ақ. Алайда бүгiнгi өзгерген өмiр, құбыл­ған заман баба салтына көне ме? Шектен асқан азғындықты кешегi ғұрпымызбен оңалту оңай шаруа бола қоймас. Сондықтан қайсыбiр сұмдықты да ағайындық бiтiмгершiлiкпен емес, заңмен жөндеу, жазалау дұрыс болар.
Ал сiз қадiрмендi оқырман, бұған қандай пiкiр қосасыз?
 
Жеңiс БАҺАДҮР,
Шымкент қаласы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті