1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №86 (15544) 28 қазан, бейсенбі 2010
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
28 қазан 2010
«Шiркiн, Life!» емес, «Шiрiк Life!»

Қазақ қоғамы тағы бiр арзанқол дүниемен толықтырылды. Жобаның аты – «Шiркiн, Life!». Оның авторы – Асхат Садырбай. Осыны «Шiркiн, өмiр» деп қазақша жазса, тiлдерi түсiп қала ма екен?

«Тамаша өмiр – ауылда!». Бұл – бағдарламаның негiзгi ұстанымы. Мақсаты – «Дипломмен ауылға» жобасына сәйкес жастардың ауылға деген қызығушылығын ояту. Бұл үшiн жоба авторлары Қазақстанның белгiлi жұлдыздарын ауылға әкеп, ауылдың тыныс-тiршiлiгiмен таныстырады. Құд­ды бiр ауылды бiлмей­тiн­дей. Апыр-ау, ауыл деген қазақтың түп-тамыры ғой, ауылды бiлмейтiндей олар екi аяқтары салбырап аспаннан түсiп пе едi? Әлде ауылды танымайтындай өздерiн керемет жұлдыз санай ма? Бәрi де қарапайым қазақтың әншiлерi ғой, нағыз шоу жасағылары келсе, қазақтың есiл сөзiн қор қылып жүрген әншi­сымақ Жеңiсхан­ды, жасы 30-ға келгенiмен, сәл нәрсеге бұртиып қалатын еркетотай Мадина Сәдуақасованы, өзiн нағыз бүркiтше сезiнiп жүрген Бүркiт – Айбектi, асып-тасып жүрген Мақпал Исабекованы неге шақырмайды? Мiне, осы «жұлдыздарға» жүн түткiзiп, сиыр сауғызып, қыш құйғызу керек едi. Сонда ғана нағыз «реалити-шоу» шығар едi деп ойлаймын. 
Екiншiден, жарысқа қатысушы ән­шiлер он күн бо­йы не ауызсуы жоқ, не көгiлдiр отыны жоқ, заманауи техниканы емге iздесең таппайтын, тiптi ұялы телефон да пайдалана алмай, байланыс аясынан тыс жерде жүрдi. Мұның қай жерi «Шiркiн, Life»? Қарап отырып: «Шiркiн, кезiнде елсiз аралға тап болған Робинзон Крузоның өзi дәл бiздiң әншi­лердей қиналмаған шығар» деген ойға қаласың. Саусақтары майысып сиыр сауып, қолдары тiлiнiп-жарылып шөп шапқан, күйе-күйе боп самаурын қайнат­қан, көк түтiннiң арасында ыс сасып, нан жауып жүрген кумир­лерiн көрген қала жастарында ауылға деген нашар түсiнiк қалыптасады ғой. Бұл көрiнiс­терден кейiн жастар 4 жыл бойғы маңдай термен қол жеткiзген күректей дипломдарын құшақтап ауылға келедi деп ойлайсыз ба? Мәселен, өз басым бармас едiм. Жалпақ тiлмен айтқанда, мұндай «ит байласа тұрмайтын жерге» кiмнiң барғысы келедi дейсiз?
Ал шындығында, тамаша өмiр – ауылда! Күн өткен сайын ауыл гүлденiп келедi. Таза ауа, табиғи өнiм, техника жеткiлiктi, ауызсумен, жылумен (әрине, барлық жерде емес) қамтамасыз етiлген. Қалаға бергiсiз ауылдар да бар.Тек өзiмiз дұрыс насихаттай алмай жүрмiз. Әттең, осы жобада ауылдың тыныс-тiр­шiлiгi мен қазiргi заманауи техниканы ұштастырғанда, қатып кетер едi. Бәлкiм, сонда «ауылдың иiсi мұрнына да бармайтын» қала жас­тары ауылға ағылып келер ме едi деп ойлайсың осындайда. Сөздiң тоқетерi, маған бұл бағдарлама ұнаған жоқ, «Шiркiн, Life» деп тамсанатындай да ештеңе көрiп отырған жоқпын. Идея авторлары бұл бағдарламада ауыл тiршiлiгiн Африкадағы жабайы өмiрмен шатастырып алған сияқты. Сол себептi мен бұл жобаны «Шiркiн, Life!» емес, «Шiрiк Life!» деп атар едiм.
 
Айжан Қасымова,
Т.Рысқұлов орта мектебiнiң 11-сынып оқушысы,
Т.Рысқұлов ауданы,
Жамбыл облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті