1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №58 (15516) 22 шілде, бейсенбі 2010
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
22 шілде 2010
Күмiстiң кереметi көп...

Жалпы, сiздiң хоббиiңiз не? Осы сұрақты тiлшiлер қауымы сұхбат берушiге жиi қояды. Әрине, хоббисiз адам жоқ. Бәрi әйтеуiр, бiр нәрсемен айналысады. Бiрақ, шынын айту керек, бiздiң қазақта коллекция жинаумен айналысатындар өте сирек. Тiптi мұны кей адамдар ерiккеннiң ермегi көруi мүмкiн. Бiрақ, коллекция жинау да үлкен iзденiстi, берiк шыдамдылықты қажет ететiн өнердiң бiр түрiне жататынын мо­йындауымыз керек. Бiз бұған белгiлi ғалым, Жамбыл гуманитарлық-техникалық универ­ситетiнiң ректоры Жомарт Қошқаровтың жеке коллекциясындағы дүниелермен танысқан кезде көз жеткiздiк. Жомарт Қасымханұлы күмiстен жасал­ған өте көне әшекей бұйымдарды жинаумен айналысады. Әрине, бұл – өте қымбат дүниелер, бiрақ мәселе оның бағасында емес. Мәселе мұның тарихи мәнiнде, осы бұйымдар арқылы қазақтың тарихына, өткенiне, мәдениетiне көз жүгiртуге болады. Қазақ мәдениетi өз тарихында көп құндылықтарын жоғалтып алды. Өткен ғасырдың 1931-33 жылдардағы ашаршылық, кулактарды қудалау кезiнде көптеген байлар шетелге қашып, көп құндылығымыз солармен бiрге кеттi. Одан жарым қап бидайға қос уыс алтын-күмiс сатылып, талан-таражға түстi. Ең соңы 1960-70 жылдары көп құндылықтарымызды Ленинградтағы Эрмитажға жинап әкеттi. Ендеше Жомарт Қошқаровтың бұл еңбегi ұлт өнерiне, тарихына, мәдениетiне деген жанашырлық деп бағалау қажет.

– Бұл коллекцияны жинағаныма 12 жылдан асты, – дейдi Жомарт Қасымханұлы. – Балалық шағым әжемнiң қолында өттi. 1998 жылы әжем қайтыс боларының алдында «көзiмдей қылып сақтарсың» деп 17 бұйым тастап кеттi. Сол кезден бастап мен де осы күмiс бұйымдарға деген қызығушылық пайда болды. Әр бұйымның өз тарихы бар. Содан ел аралап осындай бұйымдарды жинай бастадым. Бүгiнгi күнi менiң коллекциямда 400-ден астам бұйым бар. Баяғының байлары тұрмыстық заттарды негiзiнен күмiстен жасаған. Күмiстiң өте керемет қасиетi бар. Тiптi кейбiр күмiс ыдыста тұрған тағамға у дарымайды екен. Қазiр ғой алтынға малынып жүргенiмiз, әйтпесе бұрынғы қазақтар алтыннан гөрi күмiске жақын болған. Баяғыда апаларымыз айран ұйытқан кезде қолындағы күмiс бiлезiктерiн шешiп, айранның iшiне салып жiберетiнiн де көзiмiз көрген. Бала туыл­ған кезде суға күмiс теңге тастап шомылдырады. Баланы сүндетке отырғыз­ған кезде «мұсылман болды» деп күмiстен ер жасатқан. Кәмелеттiк жасқа келдi деп күмiс белдiк берген. Жiгiт үйленген кезде неке қияр суына тағы күмiс тиын тастап отырған. Менiң коллекциямда екi-үш, төртеу болып қосылып тұрған бiлезiктер бар. Әрине, бұл бiлезiктер ажыратылып, кәдiмгi бiлезiк болады. Бұрынғы қазақтар алысқа барып, бiлезiктi үш-төрт қызына бiрден жасатқан. Содан әр қызы күйеуге шыққан сайын әр бiлезiктi бөлiп берiп отырған. «Өнержиек» деп аталатын бұйымға үш зат кiредi: бiрiншiсi тырнақтың астындағы кiрдi тазалайды, екiншiсi құлақ, үшiншiсi тiс тазалайды. Пирамидаға ұқсайтын жүзiктi отау жүзiгi дейдi. Отау жүзiктi не үшiн тағады? Барған жерде отауың берiк болсын, төрт бұрышы төрт құбылаң тең болсын дегендi бiлдiредi. Бұрынғы қазақ әйелдерiнiң шашы ұзын, қос бұрымды болған. Ондай шаштың өзiн қарау, күту оңай емес. Сол кездегi шашқа тағатын кейбiр шолпылардың салмағы 2 келiге дейiн болған екен. Бұл бiрiншiден, шолпы таққан кезде басты артқа қарай тартып тұрады. Яғни, әйелдiң кеудесi көтерiңкi, бойы тiк болады. Сосын шолпының салмағы шашқа массаж жасайды. Одан бас­қа күмiс теңгелердi шашбауға таққан. Николай патшаның кезiнде үш теңгеге бiр сиыр алуға болады екен. Яғни, бiр шолпының өзi екi сиырдың құны бол­ған.
Екi саусаққа бiрдей кiретiн күмiс жүзiктi «Құдағи жүзiк» дейдi. Бұрын қазақ егер бiреудiң қызына құда түсiп келетiн болса, онда «мен сендерге құдағи болып келе жатырмын» деп бәйбiше осы жүзiктi қолына тағып барады екен. «Құдағи жүзiктi» көрген кезде ауылдың бәрi оның не мақсатпен келе жатқанын бiрден бiлген. Сондай-ақ күмiс белдiктiң қалың болғаны адамның дәрежесiн бiлдiредi. Белдiгiндегi ою-өрнегiне қарап, қай жүзден, қай рудан екенiн бiлген. Күмiс белдiктi қазақ қатты бағалаған. Тiптi, құда түсiп келе жатқан жiгiт қызға сырға емес, бiрiншi белдiк тағады екен. Күмiс белдiк тағылып барып, содан кейiн қызды алып кетедi екен.
....Әрине, өз тарихын бiлмеген мемлекеттiң болашағы жоқ. Тарихи құндылықтарымызды сақтауға арнайы бағдарлама бар. Қазiр зергерлiк бұйым көп, бiрақ бәрi шетелден әкелiнедi. Жомарт Қасымханұлы әңгiме арасында қазақтың зергерi деген мамандықтың жойылып бара жатқанын өкiнiшпен айтып қалды. Иә, шынында қазақтың әрбiр көне бұйымынан, әшекей затынан, ондағы ою-өрнегiнен өткен тарихымызды, мәдениетiмiздi болжауға болады емес пе? Осы жағынан келгенде зергерлiк мамандықтың шынында жоғалып бара жатқанын, сонымен бiрге көптеген құндылықтарымыз да қолымыздан сусып бара жатқанын мойындауымыз қажет.
 
Оралхан ӘБДIРАШҰЛЫ,
Тараз қаласы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті