1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №50 (15508) 24 маусым, бейсенбі 2010
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
24 маусым 2010
Тасжүрек ұл, қатыгез келiн, мұңлық ана

Журналистiк қызмет бабымен жүргенде әртүрлi адамдармен кездесiп, әрқилы тағдырларға тап болатынымыз бар. Алдымызға келген жүзiн әжiм торлаған шүйкедей қара кемпiрдiң де қазiргi жай-күйi адам аярлық. Ашына айтқан әңгiмелерiн зер сала тыңдаған кiм-кiмнiң де жүрегi сыздап, жаны ауырады. Сексеннен асқан қарт ана әңгiмелерiн еш өзгерiссiз қаз-қалпында жеткiзiп отырмыз. Тек кейуананың өз өтiнiшiмен ғана адам аттарын өзгерттiк.

– Мен Қалдықожаева Айшакүл 1924 жылы Жамбыл облысында туғанмын. 1940 жылы осы облыстың азаматы Бөлегенов Бейсенбекпен отбасын құрдым. Жолдасым 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанды. 1944 жылы ауыр жарақат алып, елге қайтып оралды. Содан совхозымыз тарар шақта құрметтi еңбек демалысына шықтық. Бейсенбек екеуiмiз ұзақ жылдар бiрге тұрған уақытымызда арамызда бала болмады. Бiрақ бiз туысқандарымыздың қыздары мен балаларын қолы­мыз­ға алып, тәрбиелеп өсiрдiк. Олар Айткүл, Марткүл және Қанатбек. Қанатбектi өзiмiз үйлен­дiрiп, тойын, басқа да рәсiмдерiн өз қаражатымызбен ойдағыдай өткiздiк. Келiнiмiз Жар­қынбекова Гүлжан да өз ауылымыздың қызы болатын.
Бейсенбек соғыстан алған жарақаты меңдеп, соның зардабынан қайтыс болды. Осы кезге дейiн бiз баламыз Қанатбекпен бiрге тұрып, дүниеге келген немеремiздi жұбатып келгенбiз. Тағдыр маған өз құрсағымнан бала көрсетпеген соң, барлық аналық мейiрiмiмдi мен соларға төгетiнмiн. Ендi құдайым осылардың алдында алса арманым жоқтай сезiнетiнмiн. Бiрақ өмiрдiң маған тартар сыйы әлi де көп екен.
Олай деп күйiнетiнiм, Бейсенбек қайтыс болғаннан кейiн Қанатбек пен келiнiм Гүлжанның маған деген көзқарастары күрт өзгере бастады. Тiптi «бұл үйден кет» деген қатқыл сөздердi де еститiн болдым. Сондай сәттерде өз үйiмнен өзiм қайда кетемiн деп те жаным егiлетiн. Алайда, менiң оларға жалбарынған көз жасым көмек болмады. Ақыры қақаған қаңтар айы­ның бiр күнi келiнiм аяқ астынан ұрыс шығарып, менiң бұл үйден бiржола кетуiмдi талап еттi. Мен өз үйiм, өз өтенiмнен қартайған шағымда ешқайда кетпейтiнiмдi айттым. Өйткенi, өз қолыммен тұрғызған өз босағам, өз ошағымнан безiп қайда бармақпын? «Олай болса мен сенi үйден сүйреп шығарамын» деп, келiнiм қолына түскен темiр шәйнекпен бас салып ұра бастады. Менiң адуынды келiнге қарсыласуға шамам келмедi. Есiмнен танып құлап түскен менi келiнiм далаға сүйреп тастапты. Қанша уақыт өткенiн бiлмеймiн, бiр кезде есiмдi жинап қарасам, жол үстiнде жатырмын. Үстi-басым қанға боялған, орнымнан сүйретiле тұрып, басым зеңiп үйге әрең жеттiм. Бет-аузымды жуып, киiмдерiм­дi ауыстырайын десем, келiнiм есiктi iштен iлiп алып, үйге кiргiзбей қойды. Содан медбике болып iстейтiн таныс келiнiмнiң үйiне жылап бардым. Ол менiң қан қатқан бет-ауызымды жуып, басымды таңып, ауруханаға әкелiп жатқызды. Сол жерде денеге түскен жарақаттарымды емдетiп, жарты айдай жаттым. Артымнан не балам, не келiнiм бiр рет те келмедi. Сәби күнiнен кем етпей қатарға қосқан Қанатбегiмнiң мұнысы несi? Тумасам да туған анасынан кем болғаным жоқ едi ғой? Не жазығым бар?! Тiптi, олар­ға ауыртпалығым да жоқ. Өз зейнетақым өзiме жетедi. Немерелерiмнiң жанында бас-көз болып отыра беруiме болатын едi ғой. Қайтейiн... Басқа сал­ғанға көнесiң де.
Барар жер, басар тауым қалмаған мен бейбақты ауруханадан туысқан iнiлерiм шығарып алып, өз үйлерiне алып кеттi. Олардың өз отбасылары, шиеттей бала-шағалары бар. Сондықтан өз үйiм, өз дүние-мүлiктерiм тұрғанда әр үйде бiр жүру тiптi қарт адамға ыңғайсыз сияқты. Осындай жайларға байланысты, ойлана-толғана келе, әрi балам мен келiнiме өте көңiлiм қалғандықтан, марқұм ерiм Бейсенбекпен бiрге тұрған ұзақ жылдан бергi жиып-терген мүлiк пен дүниелерiмдi, өзiм салған бес бөлмелi үй мен қора-жайымды Қанатбектен заң жүзiнде өзiме қайтарып алуды ойладым. Өйткенi, тумасам да мәпелеп, аялап өсiрген баланың қартайған шағымда қаңғыртып қоя беруi, қатыгездiк танытуы жаныма батып барады.
Осы ретте амалымның әбден құрығанынан, сексеннен асқан шағымдағы өмiрiм­нiң iшiнде алғаш рет сотқа талап арызымды бердiм. Тө­рiм­нен көрiм жақын қалғанда өз үйiме өзiм кiре алмай, әр үйде жан сау­ғалап, осылайша сер­гелдеңге түскен жайым бар. «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген. Осылай сергелдең күйде теңселiп жүргенде, олай-бұ­лай болып кетсем арты қалай болады?
«Жасырғанның жарасы асқынады» демекшi, бар жайды жасырумен жүрiп, қартайғанда таяққа да жығылдым. Қа­зiр­гi жастардың кейбiрi осылай болса, қайтейiк. «Қайғыны қайратты жеңе­дi» деп жүре беремiз-дағы. Алайда, жастар арасында осындай «ауру» асқынып бара ма, қалай?! Алдын алмаса болмас...
Аян нәрсеге айғақ не керек?! Сотқа айтқандай, саған да айтарым, тiлшi балам, ақиқатты қорғаған адамның Құдайы – оның ары. Арыңа сыймағаннан аулақ болғанға не жетсiн...
 
Әңгiменi жазып алған
Болат Шайманұлы,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегерi.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті