1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №42 (15500) 27 мамыр, бейсенбі 2010
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
27 мамыр 2010
Әкетайым

Ол кiсi ешкiмге танымал, атақты тау-тұлға болмаса да, мен үшiн бәрiнен де биiк жан болып қала бередi. Әке туралы толғанысым, ойларым мен қиялым таусылмайтын ұлан-ғайыр теңiз секiлдi. Әкемнiң өмiр жолы, қарапайым адам ретiнде еткен еңбегi, жан-дүниесiнiң байлығы, сондай-ақ бала бақыты үшiн күресi әлi күнге менi таңғалдырады. Мен оны мақтан етемiн. Өмiрдегi ғибрат алатын жанның бiреуi әкем деп бiлгендiктен, қолыма қалам алып, сiздердiң редакцияларыңызға хат жазып отырмын.

Менiң әкем Исаев Ибаш Исаұлы Қызылорда облысының Қармақшы ауданы, Майлыөзек ауылында 1946 жылы дүниеге келген. Жасынан бiлiм iздеп, туысқандарының қолында өседi. Соғыстан кейiнгi жоқшылық пен бейнет әкемнiң де басынан өтедi. Осы бейнетпен, шынымды айтсам, өмiрiнiң соңына дейiн алысып кеттi десем де болады.
Жиырма жетi жасында асқазанына операция жасалып, жұмысқа жарамайтынын айтқанда әкем келiспей, зейнетке шығудан бас тартқан. Сөйтiп, жүргiзушiлiк еңбегiн жалғастырады. Тәуелсiздiктiң алғашқы кезеңiнде әкем жұмысқа жарамай, қатты науқастанып қалды. Қиын күндер басталса да, жеңiп шығу үшiн iштей күрескенiн ендi ғана түсiнемiн.
Бiздiң туған жерiмiз тұзды әрi сор жер болатын. Әкем жердi өңдеп, бақша егiп, ағаш өсiрудi бұрыннан армандайтын. Жұмыссыздықтан кейiн осы ойын iске асыру үшiн мықтап кiрiстi. Сор, ащы жерден өнiм ала алмай талай уақыттар қиналды да. Бiрақ, күн са­йын, жыл сайын әкем өзiнiң жаңа тәсiлдерiн ойлап тауып, аздап өнiм ала бастады. Бақша өсiрдi, бау ектi. Бүгiнде әкемiздi сағынғанда, оның сая­лы ағаштарының түбiне барып отырамыз немесе бақшаның iшiн аралап жүремiз. Әйтеуiр, әкемiздiң көзi болып қалған әрбiр түп жемiс ағашы бiз үшiн баға жетпес байлықтан да жоғары екенiн сеземiз. Әрбiр ағаш бүршiк жар­ғанда, гүл ашқанда, жемiсiн берiп ма­йысқанда, күз келiп жапырағы сарғай­ғанда әкемiздiң даусы естiлiп, сол жерде жүргендей әсер қалдырады. Себебi, жыл бойы әкем осы бақшалығынан бiр адым алыстап кетпейтiн, ала таңнан қара кешке дейiн оның патшалығы – бақшалығы едi. Солай, қайран әкем зейнетке шығып үлгермедi. Пайғамбар жасына жеткенде, мәңгiлiкке қоштастық.
Әкесiз, мiне, биылғы көктем де өтiп барады. Бұлай болар деп кiм ойлаған?
Әкемiз жыл сайын бiздi асыға күтiп отырушы едi. Бiз үшiн еңбек етiп, бiз үшiн бүкiл ғұмырын арнады. Балаға деген махаббатын сөзбен жеткiзу мүмкiн емес! Өзiнiң ауруымен азап тартып жүрсе де, науқас ұлын он жылдан астам бағып келiп едi. Бұл да әкенiң балаға деген мейiрiмiнiң шексiздiгiн көрсетедi емес пе?! Барлық әкелердi дәл осындай деп айтуға болмас! Сондықтан менiң әкемнiң орны бөлек. Бүкiл өмiрiмде тек мақтанышпен ғана, тек сағынышпен ғана еске аламын. Кеудесiнен жаны, бойынан күшi кеткенше балаларына қорған, намысына қамшы, ойына ұшқырлық, жүрегiне жақсылық ұялатып отырды. Бау-бақшасындағы алғашқы жүзiмiн, алғашқы қауын-қарбызын, иiсi бұрқыраған әңгелегiн қолымен үзiп, бiзге қуана ұсынған сәтi – өмiрiмдегi бақытты уақыт екенiн ешқашан да бiлмеппiн. Сол сәтте де айырылатынымды және оның уақытша екенiн де, көздi ашып-жұмғанша жетiп келетiнiн де сезбеппiн. Әкемiз елдiң, жұрттың, көпшiлiктiң қадiрлi азаматы едi. Қолынан келген жақсылығын ағайын-туыс, көршi-көлемiнен аямаған, әрi ақыл мен мiнезге бай едi. Үлкенге құрмет, кiшiге iзет көрсеткен, иманы берiк, жүрегi таза, көңiлi ақ, ақылы дария, мiнезi жұмсақ қайран әкем, жазылмас дертке шалдығып, бiр күнде солып кеттi. Ұстамдылығы мен шыдамдылығында шек жоқ едi. Соңғы рет Алматыға ауруханаға келдi. Ол осыдан бiр жыл бұрын болатын. Ағамыз Алмас, жеңгемiз Қалбибi, әпкемiз Эльмира мен жездемiз Келiс, iнiмiз Ербол, барлығымыз күтiп алып, қалалық кардиологиялық орталыққа орналастырдық. Алғашында жүрегi ауырып келдi деп ойлағанбыз, соңынан талдау қорытындысы бойынша жазылмайтын дертке шалдыққаны анықталды. Бұл хабар анамызға ауыр соққы болып, отбасымызға үлкен қайғы-қасiрет алып келдi. Кеудемiзге өкiнiштiң өксiгi тығылды.
Ең соңғы күндерi екен ғой... Соңғы кездесуiмiз екен ғой... Ажалмен арпалысып жатса да, бiзге сыр бермедi. Күлiп сөйлесiп, басын көтерiп, әңгiмесiн айтып отырды. Бiз дәрiгердiң «бәрi де жақсы болады» деген сөзiне сенiп жүре берiппiз.
«Ләилаһә, иллоллә,
Иолләда пайда бар,
Ұзақ жүрген жолдарға,
Азық-түлiк жинап ал!» – деп, ақырын осы өлеңдi ыңылдап айтып отырушы едi. Бұл әкемiздiң атамыздан үйренген өлеңi екен. Оның мағынасын кейiн бiзге айтып отыратын. «Ләиллаһә, иллоллә, Иолләда пайда бар» дегенi – Аллаға сенiп, тура жолда жүру керек деген сөзi екен, ал «ұзақ жол» деген о дүниеге аттанар сапары, осы сапарға «азық-түлiк жинап ал» дегенi – жақсылық жасап дайындал деген сөзi екен ғой» – деп ойға шомып отыратын. Әкемiз жаспен де, кәрiмен де, баламен де, шағамен де, үлкенмен де, кiшiмен де жылы сөйлесiп, қолынан келгенiнше жақсылық жасауға тырысатын.
Әке иманыңыз жолдас, жаныңыз жұмақта болсын! Келесi өмiрде кездескенше, қош болыңыз!!!
 
Мөлдiр Исаева.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті