1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №34 (15492) 29 сәуір, бейсенбі 2010
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
29 сәуір 2010
«Ауру балаларға көмектесудi армандаймын» дейдi Асхат Сейдалин

Асхаттың жарық дүниеге келмей жатып мүгедек болып қалуы ата-анасына да өте ауыр соқты. Кейiн өсе келе өздiгiнен бiрден жүре алмады. Бастапқыда бiр орында өз бетiмен отыруды былай қойғанда, басын да ұстай алмайтын.Ұлы жайлы сөз болғанда анасы Нұрия көз жасына ерiк берiп қояды. Бәлкiм, перзентiнiң қазiргi жай-күйiне қамығатын да шығар. Бұл үйде үш бала өстi. Тұңғыштары Әсел мен одан кейiнгi Әлина – тұрмыста. Қазiр отағасы Жаңабай екеуi қос қызынан сүп-сүйкiмдi екi немере сүйiп отыр.

Бала бауыр етiң демей ме? Жаңабай мен Нұрия осы ұлдарының жайын ойлап, бармаған жерi, баспаған тауы қалмады. Отағасы жүрек талмасына ұшырағанша оны Ресейдiң Астрахань, Челябi қалаларындағы клиникаларға алып барып, ондағы ең бiлiктi деген дәрiгерлерге көрсеттi. Содан кейiн Асхат жазылып қалар ма екен деген үмiтпен Алматы қаласы Ақсай шағын­ауданындағы республикалық емдеу орнына, сондай-ақ осы шаһардағы „Балбұлақ„ деп аталатын қалпына келтiру орталығында болып, ондағы таңдаулы мамандардың ақыл-кеңесiн алып, ұлының дертiне шипа iздедi. Бұл жерлерге екi жылда бiр рет барып тұрды.
Кейiн елордамыз Астана қаласы шаңырақ көтергеннен кейiн осы қаладағы қалпына келтiру орталығында емделдi. Астана бұларға ыңғайлы болды. Өйткенi, ауру баламен сонау Алатаудың баурайындағы қалаға әрi-берi қатынау да оңай емес. Жол соғып тастайды.
Арамызда өзгенiң тауқыметiн өзiнiкiндей көретiн мейiрiмдi де қайырымды азаматтардың болғаны қандай жақсы. Соның бiрi – «Қостанай баспа үйiнiң» президентi, Украинаның Қазақстандағы құрметтi консулы Анатолий Владимирович Тарасенко. Украинаның Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсiнiң тiкелей қолдауымен сол елдiң «Трусковец» деп аталатын жердегi профессор Владимир Козявкин жетекшiлiк ететiн клиникамен хабарласып, ғалымның өзiмен сөйлестi. Бұл емдеу орнына бүкiл дүние жүзiнен кiсiлер келiп, жандарына дауа тауып жатады. Мұнда кезек те көп, сырқаттар қаншама уақыт бұрын алдын-ала жазылып қояды.
Алайда, ол қазақ баласының хал-жағдайын бiлген соң, оны емдеуге келiсiмiн бердi. Әрине, екi ара жақын жер емес. Жол азабы оңайға соқпайтыны белгiлi. Анатолий Владимировичтiң қаржылай көмегiмен бұлар сапарға шықты. Онда Асхат екi апта жатып емделiп, рухтанып, жан-дүниесi түлеп қайтты.
Он екi жасар жасөспiрiмнiң оқымаған кiтабы жоқ. Кiтап сөресiне қойылған энциклопедияларға қарап, мүгедек баланың ерекше бiлiмпаздығына, зеректiгiне таңғаласыз. Және күнделiгi кiл бестiкке толы. Барлық пәндерден де өте жақсы бағаға оқығаны көрiнiп тұр. Асхатқа қаладағы №18 орта мектептiң ұстаздары үйiне келiп дәрiс бередi. Ұстаздары да оның зеректiгiне шексiз риза. Сонымен, зейiндi бала биыл әлгi аталған бiлiм ордасының 5-сыныбын үздiк бiтiрдi. Оңашада ән салғанды да ұнатады, онысымен қатар ақындығы да бар.
Асхат тек оңашада жыр жазып қана қоймайды, оны нәшiне келтiрiп оқи да бiледi. Бұған қалалық балалар шығармашылығы мектебiнен алған дипломы куә. Мәселен, 2008 жылы «Астана — менiң Отанымның жүрегi» деп аталатын өлеңдi мәнерлеп оқудан өткен байқауда бұл айрықша көзге түстi. Асхат футбол десе де iшкен асын жерге қояды. «Тобыл» командасының капитаны Нұрбол Жұмас­қалиевтiң ойын шеберлiгiне өте тәнтi. Жуырда Қостанайдағы орталық стадионда түрiктiң «Галатасарай» командасы бiздiң жiгiттермен кездескен кезде Нұрбол ағасы әлемге әйгiлi команданың қақпасына ойынның алғашқы минутында доп соққанда төбесi көкке жеткендей қуанды. Ол әңгiме арасында маған Нұрбол ағасымен түскен суретiн де көрсеттi. Асхат өзiнiң сәби кезiнде Джеки Чан секiлдi каскадер болуды армандағанын айтады. Бiрақ, кейiн бұл ойынан айныпты. Ал қазiргi арманы – сырқатынан құлан-таза айығу, құрбы-құрдастары секiлдi өз аяғымен жүрiп-тұру, сонан соң банкир болып, өзi секiлдi тағдыр тауқыметiне ұшыраған барша мүгедек балаларға қаржылай көмектесу. Себебi, ол жас та болса, бiреудiң қолдауынсыз, яғни қаражатсыз көздегенiңе жету мүмкiн емес екенiн жақсы бiледi.
 
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қостанай қаласы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті