1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №34 (15492) 29 сәуір, бейсенбі 2010
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
29 сәуір 2010
Бұл соғыстың нүктесi әлi де қойылған жоқ

Менiң әкем Ғабдуллин Сағи 1912 жылы Шыңғырлау ауданының Қызылкөл ауылында дүние­ге келген. 7-сынып бiтiрген соң Орынбор медициналық (фельдшер) училищесiне оқуға түседi. Ал 1937 жылдың 10 желтоқсанында әскер қатарына шақырылып, әскери мiндетiн өтеп жүрiп, 1941 жылдың 23 маусымында Белорусь майданына жiберiледi (Могилев қаласы). Сол жерде әкем бөлiмше командирi ретiнде ұрысқа кiрiседi. Маусым айында сол аяғынан жарақат алған оны (Могилевтан 18 шақырым жерде) белорусьтiң бiр кемпiрi мен шалы тауып алып, үйiне әкеледi. Деревняны немiстер басып алып, әкемдi тұтқындайды. Қазан айында тұтқынға түскендердi жаяу айдап Слуцк қаласына жеткiзедi. Тұтқындар саны 73 мыңдай екен. Слуцкiде әкем қыстап шығады. Көрмеген қорлығы жоқ. Көк­темде сол адамдардан 10 мыңға жуығы ғана қалыпты. Оларды мұсылмандар және славяндар деп екiге бөлген. Тiрi қалғандарды машинаға тиеп, Польшаға әкептi. Әкем лагерьде санитар, одан кейiн фельдшер болып iстептi. Бұл лагерь Түркiстан легионы орналасқан жер екен. Кейiн сапқа тұрғызып, «сiздер легионның мүшесiсiздер» деп жариялайды. «Ант берiп, әскери жұ­мыс­­тарға қатысқанымыз жоқ. Лагерьге Уәли Каюм, Мұстафа Шоқай келiп тұратын», – деген едi әкем.

1943 жылы лагерь Франция жерiндегi Кастриц қаласына көшiптi. Әкем фельдшер болғандықтан жұмыс бабымен Парижге дәрi-дәрмекке барады (жалғыз емес). Мұстафа Шоқайдың үйiнде болады. Жеңiс­тi әкем Германияның Штутгардт қаласында қарсы алыпты. 1945 жылы қыркүйек айында Американың әскерлерi азат етiптi. Елге 1946 жылы оралады.
Елге оралған әкемнiң қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Отбасын құрып, дүниеге бiздер келiп, өзi жұмыс iстеп жүрген жерiнен «Тұтқында болдың, сат­қынсың» деп қаралайды. Сөйтiп, Асбест қаласында жазасын өтедi. Онда да фельдшер қызметiн атқарды. Сталин өлген соң, амнистияға iлiндi. Ауылға 1955 жылы келген әкеме қара жұмыстан басқа ештеңе бұйырмады. Сталин өлсе де, оның «iсi», «өсиетi», «темiр құрсауы» ешкiмдi тыпыр еткiзген жоқ. Сол жалтақтаумен, қорқумен, үркумен әкем 70 жыл өмiр сүрдi.
Бiз (балалары) осының бәрiнен бейхабар едiк. Әкемiз – үйде, iшетiн асымыз, киетiн киiмiмiз бар. Ол кiсi сөзге сараң едi. Бойын тiк ұстап, Құранын оқып, еңбектен бiр қол үзбеген адам. Осы ес­телiктерiн өлер шағында ғана айтты әкем. Бiздер, балалары, әкемiздi ақтап алу ниетiмен жазбаған жерiмiз қалмады. Бiрақ, бiзге келген жауаптардың бiрде-бiреуi әкемдi ақтау сыңайын байқатпады...
Әкем 2002 жылы дүниеден озды. Бiрақ, бiз, ұрпақтары, оның алдында өмiр бойы қарыздармыз. Анамыз 90 жаста, тыл ардагерi, Кеңес одағының көптеген медальдарымен марапатталған. «Осыған да шүкiршiлiк» деймiз.
Бұл күнде тәуелсiздiкке қолымыз жеттi. Бiрақ, менiң әкем сияқты ескерусiз дүниеден өткен қаншама адам бар. Оларға рақымшылық жасалса болады ғой. «Өлi риза болмай, тiрi байымайды» деген халық даналығы бар. Осыны үкiмет басындағылар ескерсе екен. Тәуелсiздiк алғалы 20 жыл болды, ендi кiмге елеңдеймiз, кiмнен қорқамыз? Бұл соғыстың әлi де нүктесi қойылған жоқ...
 
Бәтима Ғабдуллина,
ұстаз-ардагер,
Тасмола ауылы,
Шыңғырлау ауданы,
Батыс Қазақстан облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті