1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №40 (16018) 21 мамыр, бейсенбі 2015
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
21 мамыр 2015
«Елге тақуа болып оралған едi...»

Бiр тақырыпқа үш хат

Әдеттегiдей жұма намазына барған едiм. Күтпеген жерден тосын оқиғаның куәсi болдым. Намаздан кейiн имамның уағыздарына құлақ түрген жамағаттың арасынан “сұрағым бар” деген дауысқа бәрiмiз елең еттiк. “Молдеке, сiзге бiр сұрағым бар едi. Осы дiн тақырыбы төңi­ре­гiнде отбасымызда дау туындап, көкейiмiздегi сұрақтың жауабын таппай дал болдық. Жалғыз ұлым бар. Кезiнде бiлiмiн жетiлдiремiн деп Араб елiнде дiни сауатын ашып, елге тақуа болып оралған-ды. Сол баламның отбасы мүшелерiне салатын тыйымдары күн санап көбейiп барады. Күнi кеше “нағыз мұсылман тамақты үстелде отырып iшпейдi. Баяғы ата-бабаларымыз да дастарқанды жерге жайып тамақтанған. Кәпiрлер ғана үстелде отырып ас-суын iшедi” деп үйдегi үстел, орындықты сыртқа шығартып тастады. Сол балам арабтардан оқып келгелi бейсенбi сайын шелпек салуды, “аруақ қолда” деудi қойдық. Оның сөзiне сенсек, бұлардың барлығы күнә екен. Молдеке, айтыңызшы, үс­телде отырып тамақтанған кәпiрлiктi бiлдiре ме?” – дедi сақалын ақ шалған қария. Оның сөзiн бөлмей тыңдаған имам ұлын осында шақыртуды сұрады. Арада бiрер уақыт өткенде әлгi қарияның баласы келдi мешiтке. Үстелде отырып тамақтанбау туралы өз бiлгенiн түсiндiруге тырысқан ол: “Баяғы мұсылмандар жерде отырып тамақтанған. Үстелге кәпiрлер отырады”,– дедi. Одан әрi қарай ол мұсылмандықтың шынайы белгiсi деп дәстүрiмiз бен дiни ұстанымымызға жат дүниелердi тiзбектей жөнелдi. Ара-арасында арабша әлдебiр сөздердi де айтып қояды. Кенет имам: “Сен қазiр мешiтке қалай келдiң? Жаяу ма?” – деп сұрады. Әлгi жiгiт сонадайда тұрған көлiгiн нұсқап, сонымен келгенiн айтты. “Баяғы шынайы мұсылмандар жерде отырып тамақтаныпты. Сондай-ақ, бiле бiлсең, сен айтқандай, бұрын­ғының мұсылманы баратын жерiне есекпен жеткен. Өзiңдi нағыз мұсылман санайды екен­сiң. Неге онда немiстiң жасаған көлiгiмен жүрсiң?” – деген имамның сұрағына жауап таппаған жiгiт қолын бiр сiлтеп мешiттен шығып кеттi. Мына жағдайға не күлерiмiздi, не жыларымызды бiлмедiк. “Арабтар нағыз мұсылман деймiз. Жастарымыз Арабтың елiнен осындай бiлiм алып келiп жатса, жетiскен екенбiз” деген күбiрлер көбейдi.
Марат Жолшы,
Қарағанды облысы.
 
АШУЛАНШАҚ, ҰРЫСҚАҚ АДАМ МЕН БОЛДЫМ
...Қаражаттан қатты қи­нал­ғандықтан, үйелмелi-сүйелмелi екi қызымды ертiп, қайыр да сұрадым. Марқұм күйеуiмнен қалған бiр бөлмелi пәтерге ай сайынғы коммуналдық ақыны төле­мегелi 7 айдың жүзi болды. Тоңазытқышты бая­ғыда суырып тастағанмын. “Сатып жiберсем бе?” деген ой да болды. Үйдегi көзге көрiнер заттарды арзан-парзанға сатып жi­бергенмiн. Бiр үзiм нанға зар болып қалған сәтте басына тастай ғып орамал тартып алған, мейi­рiмдi орыстың әйелi жолықты. Ол менi 28 панфиловшылар пар­кiндегi шiркеуге ертiп барды. “Бұл дiнге шарасыздықтан барып тұрмын. Мұсылманмын! Мұхаммед үмбетiмiн! Уақытша кiрiп тұрмын. Қыздарым аш болмасын...” деп, өз-өзiмдi жетi жыл алдап келдiм. Мектепте қазақ тiлi мен әдебиетiнен “5”-ке оқы­ғанмын. Жатарда Алла тағаламнан кешiрiм сұрап, “Мұхаммед үмбетiмiн!” дегендi айтамын.
Адам бәрiне үйренедi. Алғаш­қы кезде ұяла-ұяла күнiм үшiн кiрушi едiм шiркеуге. Кейiн өз үйiмдей кiретiн болдым. Бiрақ...
Бiрте-бiрте өз-өзiммен сөй­лейтiн әдет таптым. Ашуланшақ, ұрысқақ адам мен болдым. Түнде ауа жетпей тұншығамын. Қыздарымның қарны тоқ болғанымен, өзiм жан азабына берiлдiм. Менi сол жерге ертiп барған апай: “Қызым, сен бұл дiндi жүре­гiңмен қабылдай алмай келе­сiң! Жүрекпен келмесең, жағдайын қиын болады” дедi. Бiрақ мен әлi ойланып келемiн...
Мәрия Т.
Алматы.
 
БIРЕУДIҢ АЙТҚАНЫМЕН ЖҮРЕ БЕРIППIН...
Қазiр мемлекетiмiзде дiндердiң неше атасы қаптап кеттi. Дiндерден бөлек ұйымдар да жеткiлiктi. Әрқайсысы жанталасып өз пiкiрiн дұрыс деуге тырысады. Ал адамдарды осындай ұйымдарға баруға итермелейтiн не? Отбасында, жеке өмiрiнде қиыншылыққа кезiккен кезде басқа дiндi қабылдап жатады. Ұрынып жатады...
“Маған сол кезде рухани көмек беретiн адамдар керек едi. Отбасылық мәселем­дi, әрине, көршiлерiм байқап жүрдi. Бiрте-бiрте оларға бауыр басып, дос болып кеттiм. “Христиан дiнiндегi протестанттармыз” деп таныстырды өздерiн. Олардың дiндерiне қалай кiрiп кеткенiмдi байқамай қалдым. Мен сол кезде 14-15 жастағы бойжеткен едiм...
Басында барлығы маған ерекше көрiндi. Адамдардың маған деген қарым-қатынасы маған туғандарымнан, бiрге өскен достарымнан, жалпы қоршаған адамдардан ерекшеленгендей көрiндi. Күлiмсiрей қараған жүздерi... Бiрақ ол жерде көп болған сайын оларды жақын бiле түседi екенсiң. Әрине, оларда да кемшiлiктер жетедi. Доминанттық жағдайға ие болғысы келетiндер де бар. Көреалмаушылық, өсек-аяң, адамды адаммен ұрыстыратын қолайсыз жағдайлар да болып тұрды...
Бұл жерден қайтарғысы келген туғандарым мен достарыма құлақ аспадым. Тек өзiмдiкiн дұрыс деп және оны өзiм секiлдi бойжеткендерге, “боқмұрындарға” насихаттап, үгiттеп “протестантқа” тартуға тырыстым. Ең басты кемшiлiгiм – өз iшкi дауысымды естiмеуiм, бiреудiң айтқанына ерiп, өз пiкiрiмдi мүлде көмiп тастауым болды...
Бiрде досымның “жүрегiң ненi қалайды?” деп айтқаны мәңгiлiк есiмде қалды. Бала кезiмдегi анамның ақ сүтiмен берiлген дiнiмдi, салт-дәстүрдi қалай ұмытып кеткенмiн? Есiмдi жиғандай болдым. Уақытымды бос, керек емес нәрсеге жұмсағанымды түсiндiм...”.
Иә, өмiрде осы Қаламқас сияқты адамдар қиналған сәтте сая таппай, адасып жатады. Бөтен елден келген түрлi ағымдарды қабылдап, бiреудiң айтқанымен қашанғы жүре бермек?! Кеш болса да үйiрiн тапса жақсы. Ал таппаса ше?!.
 
Қымбат Керейбай,
Астана қаласы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті