1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №24 (16002) 27 наурыз, жұма 2015
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
27 наурыз 2015
Орамалға емес, орануға қарсымын

Қазақтың салт-дәстүрi әлем­дегi ең өнегелi, қазақтың тiлi әлемдегi ең бай, қазақ хал­қының өзi әлемдегi ең дана халықтардың бiрi деп бiлемiн. Қазiргi таңда осы дана халқымыз өзiнiң ұлттық құндылықтарын жоғалта бастағандай. Бозбала мен бойжеткендерi­мiз шетелге елiк­теп, еуропалық, америкалық жеңiлтек сән үлгiлерiн жөн-жосықсыз киiп бiр шаршатып едi, ендi келiп “араб” елiнiң “хиджабы” мен “қысқа шалбары” екiншi жағымыздан соққы болып тиiп жатыр. Көшеде кетiп бара жатып “оранып” алған өрiмдей жас қыздарымыз бен самайы ағарған апаларымызды көремiз. Арабтың ұлттық киiмi – “хиджабы” өзiмiздiң бүрмелi көй­легiмiздi, ұзын жең, сәукеле мен кимеше­гiмiздi артта қалдырып бара жатқандай. Басты себеп – елiк­теуде. Жаның аши­ды. Шын мұсылмандылық – қысқа шалбар мен хиджапта деп түсiнетiндер қаншама. Имандылық киiмде емес, сақалда емес, орамалда да емес, шын имандылық жүректе, адамгершiлiкте, махаббатта.

Ертеде қазақ қыз-келiн­шек­терi хиджап кимесе де, жалаңбас жүрмеген. Кiшкен­тай кезiн­де қыздар теңге тағыл­ған үкiлi тақия киген. Бойжеткен кезде кәмшат бөрiктi, тұрмысқа шыққанда сәукеленi пайдаланған. Сәбилi болғанға дейiн ақ желегiн жамылып, сәби сүйгеннен кейiн ақ жаулықты ана атанған. Төрт-бес перзент сүйгеннен кейiн басына кимешек кие бастаған. Баласы есейе келе кимешектiң сыртынан шылауыш таққан. Мiне, қазақтың “хиджабы” деген осы. Арабтың жамылғысынан артық болмаса, еш кем емес. Сәукеле мен кимешектi алып қарайықшы, нағыз тазалық пен имандылық сол көрi­нiсте ұштасатындай. Бiздiң ұлттық киiмiмiз дiнiмiзге ешқандай қайшы емес. Арабтың не болмаса басқа ұлттың киiмiн кию – дiн емес, елiктеушiлiк. “Хиджап” кисең дұғаң қабыл болады, кимесең қабыл болмайды деген сөз жоқ қой. Киiм ол – дүние. Ал құлшылық дүние­мен өлшенбейдi. Ұлт болып қалыптасқаннан кейiн ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалудың өзi – парыз. Ұлттық нақышта безен­дiрiлген киiмдерi­мiздi киiп жүрсек, ұлтымызды насихаттаудың бiр түрi емес пе?!
Қазiргi таңда ұлттық киiмдi мерекелерде, сахнада, той-томалақтарда ғана көрiп тұрамыз. Осылай жалғаса беретiн болса, ұлттық киiмiмiздi әр қазақтың иығынан емес, алыс мұражайдан ғана көретiн боламыз. Ал ұлттық құндылықтардың сақталмауы – ұлттың жойылуына әкелiп соқтырады. “Орамал­ға емес, орануға қарсымын” десем, “хиджап” пен “шолақ шалбар” киген қыз-жiгiт­тер менi “кәпiрге” теңей қоймас.
Арайлым Еркiн,
Алматы қаласы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті