1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №20 (15998) 13 наурыз, жұма 2015
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
13 наурыз 2015
Естiген құлақта жазық жоқ

Ернiмдi кезертiп кезегiм екiншi күнi түс қайта жеттi. Ай бойы зарыға күткен зейнетақымды “шытырлатып” санап, он мыңдықты оң қалтама, майда-шүйдесiн сол қалтама сүңгiтiп, “шiрене” басып далаға шықтым. “Талтаңдасаң талтаңда, ақшаң болса қалтаңда” демекшi, жолымнан қиыстау болса да базар­ға бұрылдым. Сауданы алдымен кемпiрiм қағазға түртiп берген тапсырыстарынан бастауды құп көрiп, көк-сөк сатып тұрған қазақ келiншекке:

– Екi келi картоп, бiр келi қияр, бiр келi қызанақ, – дедiм қағазда жазылғандарды бiр демде оқып берiп.
– Жетi жүз сексен теңге, – деп тақ ете түстi келiншек өлшеп болар-болмастан.
– Қанша?! – Сол жақ қалтамдағы ұсақ ақшаға аттанған сол қолым сол орнында қалшиып қалды.
– Жетi жүз сексен теңге деймiн. – Айтқанынан қайтар түрi жоқ, сөзiн нығарлай түстi.
– Апыр-ау, биыл зейнетақыға қосқан 8 пайызы аз-маз көк-сөк алуға әзер жеттi ғой, – дедiм әрi таңданып, әрi оң қалтадағы он мың теңгенi жырымдауға қимай қиналып. Бiрақ шегiнерге жер жоқ, он мың теңге зейнетақыға айына қосқан 800 теңгесiн аз-маз көк-сөкке айырбастап, сымпиып шыға келдiм.
Он мыңдықтың шетiн ақыр бұзған соң көптеп көкейiмде жүрген ұсақ-түйек керек-жарақтарымды ала салмақ болып, кәкiр-шүкiр саудалап тұрған егделеу қазаққа таяп:
– Анау қолараны көрсетiңiз­шi, – дедiм.
– «Ножовканы» айтасыз ба? «Китайский», ертең Ресейдiкiн әке­лемiз. Ертең келiңiз.
– Ал анау үш қырлы егеу... «напильник» ше?
– Ол да «китайский», Ресей­дiкi бiтiп кеттi.
– Мына жатқан шұлық...носкилер де қытай ма?
– Ә, жоқ. Бiшкектiкi.
– Қытай, Ресей, қырғыз... Сонда Қазақстанның тауарынан не бар өзi?
– Қазiр ештеңе жоқ. 2030-шы жылдан кейiн болып қалар.
– Сонда Дүниежүзiлiк сауда ұйымына немiзбен мүше болып, әлгi аты-жөнi белгiсiз елу елдi қалай қуып жетпекпiз? – дедiм не айтар екен деп.
– Олай демеңiз, Қазақстан қазiрдiң өзiнде кейбiр көрсет­кiштер бойынша суырылып алға шықты. «Например», 150 миллион халқы бар Ресейде 126 ұлттың өкiлi тұрса, небәрi 15 миллион халқы бар Қазақстанда 130-дан астам ұлт тұрады. Жуырда бiр газеттен оқыдым. Ресейдiң әскерi де бiздiкiнен ондаған есе көп болғанына қарамастан, генералдарының саны бiздiкiнен аз екен. Ал туберкулез бен “ВИЧ”-тен ТМД-да көш бастап келе жатқанымызды қайда қоясыз? Баға өсiруден де алдымызға жан салмаймыз. Базарда тұрған мен бiлемiн ғой, бiзде баға ай сайын емес, күн сайын өсiп тұрады. Мұнайдың үстiнде отырсақ та бензин мен солярка, газға тұншығып отырсақ та газ қымбаттау үстiне қымбаттауда. Жайқалған астықтың ортасында отырсақ та, нанымыз бiр айдың iшiнде екi есе қымбаттады. О-от, солай.
Ол жымиып маған қарады. Мен жым болып жерге қарадым...
 
Төлеухан Аязбаев,
Қарғалы кентi,
Жамбыл ауданы,
Алматы болысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті