1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №18 (15996) 5 наурыз, бейсенбі 2015
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
5 наурыз 2015
Елтоқтың тағдыры

ЖЕЛ АЙДАҒАН ҚАҢБАҚТАЙ ӨЗ ОШАҒЫНАН ЕРIКСIЗ АЖЫРАҒАН ҚАРШАДАЙ ҚАРА БАЛАНЫҢ БАСТАН КЕШКЕНДЕРI

Әке-шешеден ерте жетiм қалған Елтоқтың жақындары 8-9 жастағы тұлдыр жетiмнiң келешегiн ойлап, оны Темiр ауданындағы Қонжар балалар үйiне тапсырады. Арада бiрер жыл өткенде ол Мәскеу облысы Вологда қаласындағы балалар үйiне ауыстырылып, осындағы “Жас теңiз­шiлер” мектебiнде оқиды. Бұл жерде жетiм балаларға кә­сiптiк бағдар сабақтары бе­рiлетiн. Тағдырлары ұқсас құрдастарының iшiнде өкi­меттiң көжесiн iшiп, алаңсыз оқып жүрген  қара баланың өмiрiнде аяқ астынан тағы да күрт өзгерiс болды. Бiр күнi түн ортасында директор ұйықтап жатқан балаларды оятып сапқа тұрғызды. Оның жанында басында үлкен далбайы бар, ұзын шекпендi бейтаныс адам бар. Қолындағы шамымен саптағы балалардың бетiне үңiлiп қарап Елтоқтың жанына келгенде, ұзын шекпендi “мына қара баланы” деп қолынан жетектей жөнелдi. Алды-артына қарамай, жан-жағына бұрылмай асыға басып қақпадан шыққан бейтаныс баланы жетектеген күйi өз үйiне келiп бiр-ақ тоқтады. Ол осы маңдағы шiркеудiң иесi болатын. Осылайша айналасына өте сыйлы, мейiрман, жұмсақ мiнездi әкей Елтоқты өз қамқорлығына алды. Балаға “есiмiңдi, тегiңдi өзгертпей-ақ қой, тек әкеңнiң аты деген тұсқа – Разимович деп жазайық” деп, шiркеу попы оны “Разимович” деп атайды. Жағдайы жақсы, жүгiрiп жүрiп әкейдiң бар жұмысына жәрдемдеседi. Шiркеудi ашып-жабуды үйренiп алды, iшiн тазалайды. Мектебiнен де қол үзбейдi. Көп сөйле­мейтiн әкейдiң “адам қай дiндi ұстанғысы келсе де өз еркi, бiрақ Жаратушының жал­ғыз екенiн ұмытпа” деп айтқаны баланың есiнде өмiрбақи сақталып қалған. Бiрақ шiркеу иесiнiң жанындағы жайлы өмiрi ұзаққа бармады. Арада екi-үш жыл өт­кенде әкей кенеттен қайтыс болған соң, Елтоқты балалар үйiне қайта тапсырды. Бұл жолы жетiмдер үйiне Ильток Разимович Сарсенбаев болып кiрдi.
1941 жылы соғыс басталғанда, 17 жастағы Елтоқ ерiк­тiлер қатарында майданға өзi сұранған. Сұңғақ бойлы, шымыр денелi, орысша жақсы сөйлейтiн бозбала бiрден әскери теңiзшiлер қатарына алынып, майдан жолы Ленинград қоршауына түстi.
– Жау құрсауындағы Ленинградтың сыртпен қатынасы үзiлiп, тек қаланың шығысындағы Ладога көлiмен аштан қырылуға айналған халыққа аз да болса азық-түлiк жеткiзудiң амалы табылды. Теңiзшiлер жаңбырша жауған оқтың астында жүрiп, ұзындығы 9, енi 1 шақырым мұз үстiнен темiр жол тартып, вагонмен қару-жарақ, азық-түлiк жеткiздi. Жаралы жа­уын­герлердi тасымалдады. Ауыр салмақтан мұз жарылып, су вагон есiгiнен iшке кiре бастағанда да бiр сәт кiдiрмедiк. Кейiн соғыс тарихына осы жол “Өмiр жолы” атауымен ендi. Әрi осы көл­дiң үстiмен жүрген авто­көлiктердiң қауiпсiздiгiн де қамтамасыз еттiк, – дейдi Елтоқ.
18 жастағы Елтоқ 1942 жылдың 22 желтоқсанында “Ленинградты қорғағаны үшiн” медалiн кеудесiне тағып, аға матрос қатарына iлiктi. Аға матрос Елтоқ теңiз кемесiнде, теңiз жаяу әскерi қатарында суда да, құрлықта да соғысуды үйренiп, нағыз ысылған жауынгерге айналды. Балтық елдерiн фашис­терден тазартуға қатысты, әсiресе Кенигсбергтi алуда ол үлкен ерлiк көрсеттi. Соғысты әскери теңiз кемесiн­де Шығыс Пруссияда аяқтады.
Соғыс аяқталса да 20-дан ендi асқан жiгiттi басшылық босатпай, оны Ленинградта бiраз дайындықтан өткiзiп, Қиыр Шығысқа жi­бердi. Онда Сахалин, Курил аралдарындағы әскери ке­мелердегi жас матростарға оқу-жаттығу сабақтарын жүргiздi. 1950 жылы ғана үйiне қайтуға рұқсат берiлдi. Елге табаны тиген Елтоқ әуелi Жамбыл, Шымкент облыстарында құрылыста жұ­мыс iстейдi. Аштық жылдары тағдырдың айдауымен Ресейге кеткен жас бала Отанына оралғанына өте қуанышты едi. Бiрақ туған түтiнiнiң әйтеуiр Ақтөбе облысының бiр жерi екенiн емiс-емiс бiлетiн ол осы жаққа баруға бел буады. Пойызда өзi сияқ­ты бiр майдангермен жолығып, жөн сұрасқанда оған ауылының нақ Ақтөбенiң қай жерi екенiн ұмытқанын, оны күтетiн әке-шешесiнiң жоқтығын, ет жақындарынан аштық жылдарында ешкiм қалмады-ау деген уайымын айтады. Елтоқтың әңгiмесiн үзбей тыңдаған бейтаныс бетiне үңiле қарап, әкесiнiң атын сұрайды. “Сәрсенбай” деген жауапты естiген ол:
 – Қарағым-ай, сен бiздiң ауылдың баласы екенсiң ғой. Бәсе, көзiме ыстық болып көрiнiп едiң. Туған жерiң – қазiр Нұрпейiс Байғанин атындағы аудан. Айтпақшы, ауылда сенiң Ақмайжан деген апаң тұрады. Бағытың дұрыс. Торықпа, бәрi жақсы болады, әлi жассың, – дейдi ағалық кеңеспен.
Ауылға келiп, еңбекке араласады. Аудандық өрт сөндiрушiлер мекемесiн басқарды. Әскери тәртiп пен ұқыптылығының арқасында Елтоқ осы жұмыста да абыройға бөлендi. Ауданның белгiлi азаматы атанды. Бес баланың әкесi. Сөйтiп, аш­тық жылдары сөнген Сәрсенбай әулетiнiң ошағы қайта маздады. 1985 жылы Жеңiстiң 40 жылдығында аға матрос Елтоқ Сарсенбаевқа “Отан соғысы” орденi тапсырылды. Сол жылы зейнеткерлiкке шыққан ол, 1999 жылы 75 жасында өмiрден озды. Бүгiнде Елтоқ шаңырағын кенже ұлы Бекарыс ұстап отыр.
Рысжан Iлиясқызы,
Қазақстанның еңбек сiңiрген мәдениет қызметкерi,
Ақтөбе қаласы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті