1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Шешенстандағы қираған халыққа қол ұшын созған біздің ағайындар. Грозныйдың төріндегі көпқабатты зәулім үйдің құрылысына қаржыны да берген қазақтар. Сол үшін де Рамзан Қадыровтың қолынан алғас алған Иманғали Тасмағанбетовтің күйеу баласы Кеңес Рақышев. Дәл сол марапаттау кезінде ақкөңіл, дархан қазақ жігіті шешенстанның «Терек» футбол клубына автобус, өзінің астында мініп жүрген ұшағын сыйлап және Грозныйдағы аурухананың құрылысын толық көтеретінін айта кетті. Бұл қайдан тасыған байлық, қай көңілден кеткен кеңшілік екенін біле алмадық.
Автор: alaman.kz, 19.06.2010 ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №70 (15840) 5 қыркүйек, бейсенбі 2013
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
5 қыркүйек 2013
“37 жыл қайта айналып келiп қалған жоқ па осы?..” деп жиi ойлайтын болып жүрмiн

Жазылған жайдың жаңғырығы

“Жас Алаш” газетiнде жарияланған Әмiрхан Меңдекенiң “Жақсы деген немене? Жаман деген немене?” деген мақаласын (29 тамыз, 2013 жыл) оқып шығып, мен де өз пiкiрiмдi бiлдiрейiн деп шештiм.
“Жас Алаш” газетi аса өзектi әрi көптiң көңiлiнен де, көзiнен де тасада қалып келе жатқан қымтаулы мәселенi көтерiп отыр. “Қымтаулы” болатыны, қолында билiгi де бар, бишiгi де бар саяси кландар бұл мәселенiң жария болғанын қаламайды. Сондықтан да оның қымтаулы, бүркеулi қалпында қала бергенiн жөн көредi. Екiншiден, мақалада көтерiлген мәселелер жария түрде жасалмайды, жасырын түрде, көптiң көзiнен тыс, құпия кабинеттерде жасалады. Бұл тақырыпты қозғаудың қиындығы да сонда...
Мақала авторының Жақсылық Досқалиевке, Жақсыбек Құлекеевке, Серiк Бүр­кiт­баевқа, Мұхтар Жәкiшев­ке, Бергей Рысқалиевке қатысты ойларымен түгелдей келiсе­мiн. Шынында да, бұл iстердiң ақ-қарасы әлi ашылған жоқ. Мәселен, Атырау облысының бұрынғы әкiмi Б.Рысқалиевтi, автор өте дұрыс атап көрсеткендей, неге бүкiл баспасөз “құбыжық” етiп, “халық жа­уы” етiп көрсетiп жатыр? Мұның сыры тереңде жатыр. Б.Рыс­қа­лиевтi шетелге өз­дерi қа­шы­рып жiберiп, оны тап бiр өзi қашып кеткендей етiп көр­сетiп жатқан саяси кландар оны “құрбандыққа шалардан” бұрын мемлекет басшысына мейлiнше жамандап, бүкiл бәле-жаланы соның басына үйiп-төгiп, әбден жексұрын етiп көр­сет­кенi де шындық. Сондықтан да осы саяси топ ендi өздерiнiң сөздерiн шындыққа сай етiп көрсету үшiн Б.Рысқалиевтiң үстiнен қи­лы-қилы “сұмдықтарды” бiрiнен кейiн бiрiн ұйымдастырып бағуда. Қазiр Б.Рысқалиевке қарсы ұйымдастырылып жат­қан қара пиардың жойқындығы, ауқымдылығы соншалық, ол тек Б.Рысқа­лиевтi ғана емес, оның бүкiл ағайын-туыс, жора-жолдас, таныс-бiлiс, ауыл-аймағын да күйелеп жатыр. Бұлар Б.Рысқалиевпен бiрге жұ­мыс iстеген, онымен қызметтес болғандардың бә­рiн, түгел, бiрiн қалдырмай жұмыстан қуды (мен де сол жазықсыздан жазықсыз жұ­мыстан қуылғандардың бiрi­мiн!). Осындайларды көр­ген­нен кейiн “апыр-ай, 37 жыл қайта айналып келiп қалған жоқ па екен осы?..” деп жиi ойлайтын болып жүрмiн...
Ең әуелi “Б.Рысқалиевтiң адамдарының Жаңаөзенде­гi трагедияға тiкелей, не болмаса жанама қатысы бар” дегенге саятын өтiрiк айтылды. Ол өңiрдiң өз облыс әкiмi мен құқық қорғау органдары бар. Бiр облыстың тiрлiгiне өзге облыстың адамының төтеннен килiгiп, билеп-төстей жөнелуi мүм­кiн бе? Әрине, мүмкiн емес. Демек, “үш қайнаса сорпасы қосылмайтын” Б.Рысқа­лиевтiң Жаңаөзен оқиғасына қандай қатысы болмақ?! Жаңаөзен оқиғасы 2011 жылдың желтоқсан айында болса, ал ойдан құрастырылған бұл өтiрiк 9 айдан кейiн, Б.Рысқалиев қызме­тi­­нен кеткен соң айтыла бастады.
Тiптi Б.Рысқалиевтiң “Ар­­қанкерген шекара беке­тiндегi оқиғаға қатысы жоқ па екен?” деп сауал тастаған газет тiл­шiсiне не дерсiз?! Бұл – адамның басына сыймайтын нәрсе ғой, 3000 шақырым алыста жат­қан шекара бекетiнен Б.Рыс­қалиев не iздемек, не iс­темек? Оны айтасыз, орыс тi­лiнде шығатын ендi бiр газет Iле Алатауы ұлттық паркiндегi қанды оқиға­ға қатысты қыл­мыс­­керлердiң бiрi Б.Рысқа­лиев­тiң ағайыны екен деп те жазды. Әрине, бұл оқиғаға қатысты қылмыскер­лер­дiң Б.Рысқалиевпен туыс емес екенi де, оларды Б.Рыс­қа­лиевтiң танымайтыны да белгi­лi. Тiптi ғайыптан тайып осылай болған жағдайда да Б.Рыс­қалиев неге туысының әрекетi үшiн жауап беруi керек? Мұның бәрiнiң қолдан ұйымдастырылғаны, тапсырыс арқылы жасалғаны ақ жей­денi қара жiп­пен әдiпте­ген­дей сонадайдан бадырайып көзге ұрып-ақ тұр.
Ал ендi тағы бiр газет “Мақат – мемлекетаралық iздеуде жүр­ген бұрынғы облыс әкiмi Б.Рысқалиев пен оның iнiсi Аманжанның атамекенi” дей келiп, бұл екеуiн “Мақатта ұйымдасқан қылмыстық топ құрды” деп кiнәлайды. Ең алдымен, Мақат кентiнiң қандай екенiн, ерекшелiгiн бiлiп алу керек едi. Денi дұрыс адам ұйымдасқан қылмыстық топ құрғысы келсе де оны тек Мақатта құрмас едi. Құдай-ау, алақандай ауылда кiм ұйымдасқан қылмыстық топ құрады? Бiреуi – облыс әкiмi, екiншiсi – iрi кәсiпкер Рысқалиевтер Мақаттан не бiтiредi? Оның үстiне Рысқалиевтер мен олардың туған-туыстары Мақаттан тегiс осыдан 20-25 жыл бұрын көшiп кеткен. Облыс әкiмi Мақатқа тек қызмет бабымен анда-санда ғана бiр барса, ал Аманжан екi жылда бiр соғатын. Онда да ата-бабаларының басына Құран оқыту үшiн. Осылай да “ұйымдасқан қылмыстық топ құрды” деп жала жабуға бола ма? Және бұл жөнiнде ешқандай соттың шешiмi жоқ, егер соттың шешiмi жоқ болса, бұлар­дiкi не жосық?
Бұл бұл ма, жақында бiрне­ше газет жарыса Б.Рысқа­лиевтiң қарындасы Гүлжанарды Талғат Қожахметов деген кәсiпкердiң өлiмiне қатысы бар деп жазды. Т.Қожахме­товтiң өмiрiн қиған адам баяғыда 16 жылға сотталған. 8 жыл болды, ол түрмеде жазасын өтеп жатыр. Сотталушы өз қылмысын толық мойындап, неге мұндай әрекетке барғанын ашық айтты да. Ал ендi осы қылмыстық iс қайта қаралып жатса да,сотталушы өзi­нiң кiнәлi екенiнен бас тарт­қан жоқ. Бас тарту былай тұрсын, “бас тартып көрсем қайтер едi...” деп ойлануды керек қылып отырған жоқ. Осыған пысқырып та қарамастан, құ­қық қорғау органдары бұл iстi қалайда Б.Рысқалиевтiң отбасына қатысты етiп шығару үшiн бар күштерiн салуда. Негi­зiнде, экс-әкiмнiң қарындасының бұларға көк тиынға керегi жоқ. Бұларға керегi – Рысқа­лиевтердiң әулетiн елге түгел қарабет, қылмыскер етiп көр­сету. Бұл – қарапайым адамдардың қолынан келетiн “ойын” емес, қолында билiгi, күшi, ықпалы бар саяси кландардың тiрлiгi. Баспасөзде ақпараттың бәрi бiржақты көрсетiлiп (...“Рысқалиев мем­лекеттiк төңкерiс жасауға тырысқан көрiнедi...” және т.т.), шындықтың айтылуына әдейi мүмкiндiк бермей отыр. Осылайша ел-жұрттың түсiнiгi мен сенiмiне Б.Рысқалиевтi бiрте-бiрте “құбыжық” етiп ендiре, көрсете бермек. Мұн­дай ай­ла-амалға кiмдер жүгi­недi? Саяси технологтар. Олар      айыптау базасы әлсiз, дә­лелсiз болғандықтан да осындай айла-амалға жүгiнiп отыр.
Б.Рысқалиевке байланысты жағылған қара күйенiң ендi бiрi – “ҚазМұнайГазға” бағынышты “Ембiмұнайгаз” бiр­лес­­тi­­гiне ықпалын жүргiздi деген айыптау. Бұлардың ай­туынша, ол осы мекемеде тен­дерлердi бөлiп берiп, кәсiп­орынның бас­шылығы тiкелей оған бағыныпты. Бұдан асқан абсурд болмас! Қазақстанның мұнай саласы кiмнiң қолында екенi баршаға аян. Бұл салада басшыларды кiм тағайындап, тендерлердi кiм бөлетiнiн ең­кейген кәрiден еңбектеген балаға дейiн түгел бiледi емес пе?! Оған Б.Рысқалиевтi араластырудың қандай қисыны бар?!
Айтпақшы, жақында тағы да бiр топ газет (Б.Рысқалиев туралы бiр ғана газет емес, бiрнеше газет қатарынан жазады, осының өзi де көп нәрсенi аңғартса керек) “Б.Рысқа­лиев­тiң туған-туыстарының Швейцарияның банкiсiнде есепшоттары бар екенiн және ендi бұл есепшоттарға тыйым салынғанын” жарыса жазды. Қазiр жоғары билiктегi шенеу­нiктен бастап ортаңқол кәсiп­кер­лерге дейiн шетелде есепшоттары бар екенi ешкiмге жасырын емес. Мұның қандай заңға қайшылығы бар? Ешбiр заңда бұған тыйым салынбаған. Мәселен, Швейцарияның банктерiне Түркияның, Германияның жұмысшылары да ақша салады. Жиырма жылдан астам уақыт тек үлкен бизнеспен шұғылданған Рысқалиевтерде неге есепшот болмауы тиiс? Б.Рысқалиев облысқа әкiм болып тағайындалғаннан кейiн бұрынғы бизнесiн (екi компаниясын және тағы тағыларын) өзiнiң iнiсi мен туыстарына сенiмгерлiк басқаруға берген болатын. Кезiнде Рыс­қа­лиевтердiң бизнесi қарқынды дамыды. Егер есепшоттағы отбасылық бизнестiң қаржысы Б.Рысқалиев мемле­кеттiк қызметке келгенге дейiн салынса, онда кiмнiң шатағы бар? Рысқалиевтердiң компаниясы қашан, қалай құрылыпты? Бұларға қаржы қайдан түсiп отырған? Бизнестен бе, басқа жақтан ба? Бұл қаржының бюджетке қатысы бар ма, жоқ па? Неге осының бәрi тексерiлiп, анық-қанығына көз жеткiзiлмейдi? Мұның бәрi мұқият тексерiлуi керек! Не айтсақ та, тек содан кейiн ғана айтуымыз керек. Алдын ала байбалам салу ешкiмге, оның iшiнде мемлекеттiк басылымдарға да жараспайды.
Ағайынды Рысқалиевтерге қатысты iс – күрмеуi де көп, иiр-қиыры да мол, бұралаң-бұлтарысы да жетерлiк күр­делi iс. Мұны тек бiр тараптан бiржақты түсiндiруге болмайды. Iстiң ақ-қарасы түгел әрi тегiс ашылуы керек.
 
Күмiсбек ӨТЕПҚАЛИҰЛЫ.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті