1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №68 (15838) 29 тамыз, бейсенбі 2013
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
29 тамыз 2013
Бiз тоқалдан тудық па?

ҚР Парламентiнiң назарына

Шығыс Қазақстан облысы Көкпектi аудандық iшкi iстер бөлiмiнен отставкаға шыққан зейнеткерлер тө­мендегiнi мәлiмдеймiз:
Бiз Көкпектi аудандық iшкi iстер бөлiмiнде 25 жыл қызмет iстеп, қызмет өтi­лiнiң аяқталуына байланысты әр жылдарда заңды демалысқа шықтық. Кей­бiреулерiмiз Кеңес Одағы кезiнде қызмет етiп, сол кезден бастап зейнеткер­лiктемiз. Ол кезде iшкi iстер саласындағы қызмет аса ауыр едi, қылдан тайсаң, қатал заң қылышша қырқып түсетiн. Талап та, тәртiп те қатал болатын. Еңбекшi­лердiң бiр құшақ арызын арқалап, мерзiмi өтiп кет­песiн деп жан алып, жан берiп жүретiн едiк. Арасында қылмыстық оқиғаларға шапқылап кететiнбiз. Ол кезде қазiргiдей тұрақты кезекшi болмайтын, барлық қызметкерлер график бойын­ша тiзiммен кезекшi болатынбыз. Кезек айына 2-3 реттен келетiн, ұйқысыз бiр тәулiк отыратынбыз, ерте­сiнде арыз тексерiп жүре беретiнбiз.
Ол кезде Семей жеке облыс едi. Әр сала қызмет­керлерiн жеке-жеке шақырып, тоқсан сайын 2-3 күн семинар-кеңес өткiзiп отыратын. Ең соңынан iшкi iстер басқармасының бастығы генерал Қ.С.Беспаев сөйлейтiн. Ол кiсi аса қатал талап қоятын айбынды адам едi. Милицияның өзiнiң тәртiп бұзбауын, Устав шеңберiнен шықпауын талап ететiн. Бiреумен бiр жарты арақ iшсең, ол пара алғанмен бiрдей дей келiп, да­уысын қатайта, оң қолын жоғары көтерiп: “Это есть взятка, понятно вам?” деп бiр-ақ кесетiн.
Бiз ол кезде ұйқы, күлкi көрмей жұмыс iстедiк. Қандай ауыр жұмыста қажып жүрсек те қандышелек баскесермен, баукеспе ұры-қарымен бетпе-бет келiп жүрдiк. Артық-ауыс сөзге бола арандатуға жол бермей, шатаққа ұрынбай, өзiмiздi-өзiмiз тежей бiлдiк.
Жұмыстың ең ауыры да, жауаптысы да учаскелiк инс­пекторларда едi. Олар халық пен iшкi iстер органын байланыстыратын дәнекер едi. Оларға қарап халық милицияның ауыр жұмысын сезiне бiлетiн. Иә, ол кезде қоғамдық тәртiптi сақтауда учаскелiк инспектор араласпайтын жұмыс саласы жоқ едi. Ауыл шаруашылығының барлық науқанды жұмыстарының алдыңғы шебiнен учаскелiк инспектор табылатын. Шөп шабу, егiн жинау кездерiнде де бел шешпей салпақтап солар жүредi. Қоғамдық мал басын аман сақтау да учаскелiк инспектордың не­гiзгi мiндетi болып есепте­лiнедi. Ол кезде бiр қозы өлсе, адам өлгендей жоқтайтын заман едi. Қысқы қой төлдету науқаны кезiнде қой қоралардан шықпайтын – тағы учаскелiк инспекторлар. Олардың қызмет көлiгi жоқ, қандай көлiк кезiксе де талғамайтын. Атқа да мiнiп, тракторға да отырып жүре беретiн, тiптi жақын елдi мекендер арасына табандары тiлiнiп, жаяу да жүре бере­тiн.
Ол кезде Көкпектi дербес аудан едi, халқының саны 32 мың болатын. Сонша халыққа 30 милиционер ғана қызмет еткен екенбiз. Қазақстан Тәуелсiздiк алған соң iшкi iстер бөлiмiнен екi қызмет бөлiмшелерi қыс­қарды. Дәлiрек айтсақ, өртке қарсы күрес қызметi Төтенше жағдайлар минис­трлiгiне қосылса, социа­листiк мен­шiк­тi ұрлайтындармен күрес бөлiмi (ОБХСС) Қаржы полициясы деген дербес орган болып, жеке отау тiктi. Ендi Көкпектiге көршiлес Самар ауданы қосылып, iрiлен­дiрiл­дi. Алайда аудандар бiрiккенiмен, халық саны екi есе азайып кеттi, қазiргi аудан халқының саны да 32 мың. Соған қарамастан, милиция (қазiр полиция) саны үш есеге өстi. Қазiр осы 32 мың халыққа 98 полиция қызмет көрсетiп жүр.
Мұны тәптiштеп жазып отырған себебiмiз еңбе­гiмiздi бұлдап, мақтанайық деп отырғанымыз жоқ. Iшкi iстер органына реформа жүрсе-ақ бiз, милиция ардагерлерi, жапа шегiп, қиянат көрiп жатамыз. Ал­ғаш зейнеткерлiкке шыққанда, бiзге электр энергиясына, суға, көмiрге, газға, телефонға 50 пайыз жеңiлдiк болған. Жылына бiр рет тегiн курорт, санаторийге жолдама берiлетiн. Бiрте-бiрте реформадан реформа жүрiп, су аяғы құрдымға кетiп, осы жеңiлдiктердiң бәрiнен жұрдай болдық.
Осы жылдың 4 наурызында ҚР президентiнiң №512 ДСП жарлығы шықты. Бұл жарлық бойынша Iшкi iстер министрлiгi қызметкер­лерiнiң әскери атағы әскерилермен теңестiрiлдi, яғни әскери атағына (званияға) төленетiн ақшасы өсiп, әскерилермен бiрдейлес­тiрiлдi. Сөйтiп, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың еңбекақыларына қо­сым­ша ақша қосылып, қазiр алып жатыр. Ал бiз өгей баланың күйiн кешiп, тағы да шетқақпай қалдық. Бiр құқық қорғау органы қыз­меткерлерiн бөлшектеп, балаларын әкелерiне қарсы қойғаннан кiм не ұтты? Сонда бiздiң табан ет, маңдай терiмiздiң өтеуi осы болғаны ма?
Шынтуайтына келсек, бiз қазiргi жүрген полициялардан жұмысты үш есе артық iстеппiз. Бiр кезде Көкпектi (7 мың халық) ауылында жал­ғыз-ақ учаскелiк инспектор болса, қазiр бiр Көкпектi селолық округiнде (6 мың халық) үш бiрдей учаскелiк инспектор жұмыс iстейдi. Кезiнде 32 мың халыққа 30 милиционер қызмет көрсетсе, қазiр соншама халықтың соңында 98 полиция ерiп жүр. Және бәрiнiң астында бiр-бiр көлiк. Алайда не бiтiрiп жүргендерiн адам баласы бiлмейдi...
Ал бiз, милиция арда­гер­лерi, қартайғанда күшi адал, етi арам есектiң күйiн кешiп отырған жайымыз бар. Ал қымбатшылық болса күннен-күнге белең алып, күш бермей барады. Қолдағы азын-аулақ малымызды да өткiзе алмай отырмыз, саудагерлермен сөй­лес­сең, су тегiнге сұрайды. Сол үшiн әскери шенiмiзге әскерилермен тең дәрежеде төлем алуға бiздiң де құқылы екенiмiздi жоғарыдағылардың есiне салу үшiн қолымызға қалам алып, хат жазып отырмыз.
Құрметпен, Ә.Айдаров, майор, П.В.Нечитайлов, капитан, Р.Арынұлы, майор, С.О.Оспанов, подполковник, Ж.Б.Әкемеев, подполковник, Ә.Қ.Оспанова, ма­йор, Д. Жүнiсова, майор, Р.М.Халиуллин, капитан және т.б. (барлығы 37 адам қол қойған).
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті