1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №64 (15834) 16 тамыз, жұма 2013
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
16 тамыз 2013
Шәмшi ағаның шын сөзi

15 тамыз – Ш.Қалдаяқовтың тұған күнi

1987 жылдың жаз мезгiлiнде Шәмшi аға бiздiң үйде аптаға жуық болды. Бiр күнi сол әдетте­гiдей ауыл-ауылды аралаған iссапардан ертелеу келiп, Күн­қияштың қою күрең шайынан соң аз-кем демалып жатқан Шәкең жастықтан басын қөтерiп алды да, оны бiр-екi бүктеп омырауына қыса түскен бойы:
– Серiкбай, шыныңды айтшы, осы сенiң досың көп пе, әлде қасың көп пе? – дедi. Күтпеген сұраққа қалай жауап берерiмдi бiлмей абдырап қалып едiм, аға көйлегiнiң жағасын бiр түзеп қойып: “Iркiлме, ұялмағын да, тек турасын айт!” – деп өткiр жанарын маған қадай қарады.
– Досымнан гөрi қасым көп­теу, аға, – дедiм мен күмiл­жiң­кiреп.
– Мiне, бұл жақсы, өте жақсы, – дедi Шәкең менiң әлгi жауабыма қуанып.
“Қасым көп деген сөзiме қуанғаны несi?..” деген оймен мен Шәкең­нiң бұл сөзiне түсiне алмастан, iштей сан түрлi ойға берiлiп отырып қалып едiм, сөздi қайтадан Шәкеңнiң өзi бастап кеттi:
– Қасыңның көптiгi жақсы, Серiкбай. Бұлар айналаңдағы көре алмаушы топтың қаншалықты екенiн көрсетедi. Жақсы iсiң мен басқан қадам-iзiңдi көре алмайтын iшi тар, “өзiмнен озып кетпесе екен” дейтiн жандар әдетте сол қас дұшпанға жатады. Ендi “қасыңның көптiгi жақсы” дегенiм, солардың көз алдында сен аяғыңды қисық баса алмайсың. Абайлап сөйлеп, сақтана тiрлiк жасайсың. Қолға алған iсiңнен қалайда қате жiбермеуге тырысасың. Бiр сөзбен айтқанда, адал тұрып, адал жүресiң. Екiншi бiр ерекшелiк, солардың алдында өзiңдi сүрiнбей жүруге тәрбие­лей­сiң, дағдыланасың, өз-өзiңдi көрсету үшiн жан-жақты iздене­сiң. Әдiл сөйлеп, шындықты жақтайтын боласың.
– Аға, мен сiздi ендi түсiндiм. Осы өзiңiз айтып отырған көреалмаушылық сияқты көрсоқырлықтың құрбаны болған кезiңiз болды ма? – деп едiм, Шәкең сәл-пәл ойланып барып:
– Әрине, Серiкбай, әрине. Мен осы бiр қызғаныш секiлдi қызыл итке бiр емес, бiрнеше рет таландым ғой. Сол әрбiр таланған сайын өзiмдi қалың көпшiлiк­ке қалайда кеңiнен таныта түсу үшiн алға қарай талпынумен болдым. Бiрақ, олардың жеңгенi – менi композиторлар одағына мүше етiп қабылдаттырмағаны болса, ал менiң оларды жеңгенiм – талантым мен қабiлетiмдi тыңдарман қауымға мойындата түскенiм болды, – дедi.
Бiз сол түнi Шәмшi аға екеумiз көп әңгiмелестiк. Менiң қойған сұрағыма байланысты бiр-екi мысал келтiрдi. Күллi қазақ халқы зор ықыласпен қабылдаған “Арыс жағасында” әнiн радиоға өткiзуге келгенде көп қиын­дықтар­ға кезiгiптi. Радиодағы музыкалық кеңес мүшелерi бұл әндi жеңiл қабылдап, “Баяғы сарын, әндерiңде ұқсастық көп, жиi қайталанады, сондықтан бұл әндi бiз қабылдай алмаймыз” деген сөздермен Шәкеңдi көкiректен итерiптi. Бiрақ бұл ән тек қос әншi, Ескендiр мен Нұрғалидың белсендiлiк танытуының арқасында ғана барып эфирден орындалыпты.
Сол сияқты 1957 жылы республикалық конкурсқа ұсынылған Шәмшi Қалдаяқовтың “Қайықта” әнi жарамсыз болып, қабылданбай қалады. Намысқа шыдай алмаған Шәкең әлгi конкурста озып шыққан әндердiң әуселесiне зер сала қараса, сыйлық түгiлi тыңдауға келмейтiн әйтеуiр бiр дүние­лер екенiне көз жеткiзедi. Осыдан соң Шәкең қазылар ал­қасындағы бiр-екi танысынан сыр тартпақ болғанда, әлгi таныстар мұның сөзiн тыңдамақ түгiлi оны адам ғұрлы көрмейдi ғой.
Бiрақ “Алтын ине қап түбiнде жатпас” демекшi, Шәкеңнiң бұл әнi алғаш Жамал Омарова, одан соң Бибiгүл Төлегенова сынды қазақтың жезтаңдай әншi қыздарының орындауында қазақ хал­қының арасына еркiн енiп кете барады.
Әнгiме аяқталар тұста Шәмшi аға: “Мiне Серiкбай, өнер жолы – өте ауыр жол. Айтыс та керек, тартыс та керек. Қайтпас қайратты қажыр да керек. Сонда ғана кiм болса да достарын сүйiндiрiп, дұшпандарын күйiндiре алады.
Сондықтан да дұшпандарыңа таба болмас үшiн тура жүрiп, тура тұр. Жалған сөйлеме! Артық байлық пен мансапқа құмарлықтан аулақ бол. Әдiлдiк пен шындықтың жағында жүр”, – дедi салмақты түрде.
Шәмшi ағаның осы бiр сөзi әлi күнге дейiн есiмнен кетпейдi.
 
Серiкбай ТҰРЖАН,
Бәйдiбек ауданы,
Оңтүстiк Қазақстан облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті