1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №90 (16276)   9 қараша, бейсенбі 2017
9 қараша 2017
Тоғызыншы сыныпта оқитын қыз «талақ» болды

Жақында бір жиында Атырау облыстық дін істері жөніндегі басқармасының ақпараттық талдау орталығы соңғы үш жылда шетелдерде теріс діни бағыт бойынша білім алып жатқан 54 адамды елге қайтарғанын жеткізді. Яғни 2015 жылы – 27, былтыр – 17, биыл 10 азамат кері оралып, деструктивті күштердің ықпалынан аман қалған.
Аймақта радикалды ағымның таралуына қарсы жұмыстардың тұрақты жүргізіліп отырғанына қарамастан, бұл мәселе әлі де күн тәртібінде. Жат идеологияға уланған ересектердің әрекетінен басқалардың, соның ішінде кәмелет жасына жетпеген балалардың да зардап шегіп отырғаны алаңдатады. Қазіргі күні Атырау қаласында жасы 18-ге толмаған екі қыз баланың теріс діни ағымнан жапа шеккен деректері анықталып отыр. Оның бірінде 39 жастағы ер адам 16-ға енді толған туған қызын өзінен екі есе жас үлкен еркекке ықтиярынан тыс беріп жіберген. Сондағы ұстанған «қағидасы» – балиғат жасына толған қызға өзімен бір діндегі «ахидың» көзі түсіп, үйленгісі келсе, тұрмысқа беру керек. Санасы уланған әкесіне қарсы тұра алмаған қорғансыз қыз қазір кешкі мектепте оқып жүр.
Екінші жағдайда 9-сыныпта оқитын қыз «ВКонтакте» желісі арқылы Алматыдағы 30-ды орталаған жігітпен танысады. Арада бірнеше ай өткеннен кейін жігіт Атырауға келіп, аузынан шыққан әр сөзіне аузын ашып, көзін жұмып тұрып сенген тәжірибесіз, аңғал қызбен «некеге тұрады». Түсінікті болу үшін айта кетейік, мешіттерде неке қию үшін міндетті түрде жастардан ерлі-зайыпты ретінде АХАЖ органында тіркелген неке куәлігі талап етіледі. Бұл жолы оң-солын ажырата қоймаған балаң сананы алдап соққан жігіт санаулы күн ойнап-күліп болған соң «талақ» айтып, келген жағына тайып тұрған. Қызын «мектепке кетті» деп жүрген ата-ана білім ошағы дабыл қақпағанда алаңсыз жүре бергендей екен. «Бақсам – бақа екен» дегендей, оқушы қыз таңертең мектеп киімімен үйінен шығып, сабақ уақыты біткенше қонақүйде «күйеуінің» жанында уақыт өткізіп жүріпті. Дегенмен ата-ана болған жайды «жабулы қазан» күйінде қалдыруды жөн көргендіктен, бұл дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалмаған.
Өкінішке қарай, мұндай жайлар аз емес. Осыдан екі жыл бұрын ақпарат құралдарында 35 жастағы атыраулық әйелдің басынан кешкен оқиғасы жазылып, қоғамда әжептәуір пікірталас тудырды. Радикалды бағытты ұстанғандардың қолжаулығына айналған келіншек соңғы бес жыл ішінде тоғыз рет тұрмысқа шығыпты. Жұмыс істемейтін, жұбайының тапқанына күнелтіп отырған бірінші күйеуіне осы қылығын бетіне басқанда, ол тас-талқан ашуланып, «талақ» қылады. «Әйел ерсіз жалғыз жүрмеуі керек» деген уәжге мойынсұнған әйел оның досына «күйеуге шығады». Кейін ол да үш мәрте «талақ» деп кете барған... Әрине, бұл жерде бір қолдан екіншісіне көшіп жүрген әйелді де кінәлайтындар табылар, бірақ мәселе – өздерін «имандымыз», «дін жолындамыз» деп, аузын ашса «Аллаһты» айтатын қандастарымыздың осындай лас тірліктерге саналы түрде барып жатқандары. Олар үшін ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі мұсылман діні – бөтен, сәлафизмді ұстанбайтын әке-шеше мен бір туған бауыр – бөгде, деструктивті діни сенім-нанымына қайшы келіп жатса отбасылық, ұлттық, рухани құндылықтың да құны көк тиын.
... Жақында ғана жалғыз ұлының келін әкеліп, қолын ұзартуын асыға күткен таныс кейуана туған-туысын жинап, бір тойын да жасап бере алмай, жер шұқыды. Айтуынша, шоқша сақал қойып, қысқа балаққа құмартқан ұл қара жамылған бір қызды бөлмесіне кіргізіп, оның енді осы үйде тұратынын айтқан. «Ойбай-ау, құда түспедік пе, болмаса кешірім жіберейік» деп жік-жапар болған анасына «браттары» рұқсат бергенін, той болмайтынын кесіп айтыпты. «Ахи», «брат», «сестра» деген ұғымдардан хабарсыз әйел: «Қыздың ағасын айтады-ау деймін, жап-жас болып ол неге араласады екен?» – дегенде не күлерімізді, не жыларымызды білмей қалған едік.
Облыста арнайы мекемелер, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталығы адасып жүрген азаматтарды дұрыс жолға түсіріп, ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері деструктивтік діни ағымдардың қызметінен зардап шеккен 1000-нан астам адам көмек алған. Демек, жағдайды түзеуге мүмкіндігіміз бар. Радикалдық діни ағым сияқты қоғам кеселінің алдын алмаса, күні ертең бой бермей кетері айдан анық.

Құралай ҚУАТОВА
Атырау облысы

ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар