1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №89 ()16275) 7 қараша, сейсенбі 2017
7 қараша 2017
«ӘДІЛДІККЕ ЖЕТУ ҮШІН ӨЗ-ӨЗІМДІ ӨРТЕУІМ КЕРЕК ПЕ?» дейді сот шешімінен кейін үйінен айырылған кейуана

Алматыда бір азаматтың өз-өзін өлтіруіне итермеледі деген айыппен экс-судьяға қатысты сот отырысы аяқталды. Қылмыстық істің мән-жайына қарағанда, судья үйге таласып жатқан тараптардың ісін қарап, екі түрлі шешім шығарған. Соның нәтижесінде сатып алған шаңырағынан қайта-қайта қуылып, жүйкесі тозған үй иесі өз-өзіне жанармай құйып, өртеніп өлген. Сот шешімі осыдан жеті жыл бұрын шығарылғанға ұқсайды. Шымкентте де осыған ұқсас жағдай болып тұр. Бес жыл бұрын Еңбекші аудандық соты шешім шығарады. Осы шешімнің салдарынан жасы 76-ға келген кейуана далада қалады.

– Әділдікке қол жеткізу үшін мен де өз-өзімді өртеуім керек пе?! – дейді «Жас Алаштың» оңтүстіктегі қосынына келген Айткүл Қылышбай.
Ұзақ жылдар Шардара аудандық білім бөлімінде қызмет еткен Айткүл Қылышбай 1998 жылы зейнеткерлікке шыққан соң, жұбайы Момын Қылышбаймен және төрт баласымен Шымкентке көшіп келіп, Бекет батыр көшесінен үй сатып алады. Ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас осы кездері бұзыла бастаған.
– Ол алдымен үйімізді банкке кепілдікке қойып, несие алды. Баспананы сатып жіберуді де ол осы кездері жоспарлаған сияқты. 2012 жылдың 11 маусымында облыстық көз аурулары ауруханасына түстім. 12 маусымда маған дәрігерлер ота жасады. Ауруханадан шыққан соң, тұрып жатқан үйімізді күйеуімнің маған айтпай сатып жібергенін білдім. Басымыздағы жалғыз баспанамызды сату үшін оның қандай әрекеттерге барғаны да кейін белгілі болды. Жылжымайтын мүлікті сату барысында ерлі-зайыптылардың екеуінің де келісімінің қажет екендігі белгілі. Осы кедергіні айналып өту үшін М.Қылышбай алдымен Еңбекші аудандық сотына арамыздағы некені бұзу туралы арыз тастайды. Істі қараған судья Н.Алтынбаев 2012 жылдың 11 маусымында (яғни мен ауруханада жатқан кезде) екеумізді ажырастыру туралы шешім шығарады. Кейіннен мен адвокат жалдап, сот шешімімен, сот мәжілісінің хаттамасымен танысып көрдім. О тоба, хаттамада менің сотқа қатысып, тіпті жауап бергенім жазылыпты. Қара қылды қақ жарады деген соттың соншалықты жалғандыққа барғаны қалай? Заңды некені бұздырған соң, М.Қылышбай сот шешімін пайдаланып, сатушылармен алдын ала келісіп және нотариусқа жалған мәліметтер бере отырып, ортақ меншігіміздегі баспанамызды сатып жіберген, – деді арызданушы.
Айткүл Қылышбай бұдан кейін жұбайының үйді сатып алушылармен жасасқан келісімшартты бұздыру үшін сотқа арыз береді. Аудандық сотта жеңіледі. Облыстық сот шешімді өзгеріссіз қалдырады. Ал кассациялық алқа шешімді бұзып, үйді А.Қылышбайға қайтарып беруді міндеттейді. Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмаған. Жоғарғы сот алғашқы соттың шешімін күшінде қалдырған.
– Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәмидің қабылдауында болдым. Төраға: «Апа, жыламаңыз, сізді қартайған шағыңызда көшеде қалдырмаймыз. Бәрін заңмен шешіп береміз», – деді. Арада 3-4 ай өткенде қайтадан шешім шықты. Бұл жолы сот М.Қылышбайдан менің пайдама 4 миллион теңге өндірілсін деген төрелік айтты. 4 миллион теңге дегені сатылған үйден түскен қаржыдағы менің үлесім екен. Үйді сатар кезде М.Қылышбай бәрін алдын ала ойластырған сияқты. Ол баспананы 75 мың долларға сатып, ақшаның бір бөлігін банктегі несиесіне құйған. Бір бөлігіне қаладан екі бөлмелі пәтер алады. Араға бір ай салып үйді танысының баласының атына аударып жіберген. Сот орындаушылар М.Қылышбайда 4 миллион теңге өндіретін ешқандай мүліктің жоқтығын айтып, «қарызды енді оның зейнетақысынан ұстап отырамыз» деді. Қазіргі уақытта маған ай сайын оның зейнетақысынан 45 мың теңге түсіп тұрады. Бірақ бұл қаржыны жинап, пәтер аламын дегенше әлі қанша уақыт қажет? Бұған менің өмірім жете ме? Кіші ұлыммен айына 50 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамын. Ақшаның жоқтығынан коммуналдық қызметтерді төлей алмай отырмыз. Емделуге де ақша жоқ, – деді көзіне жас алып кемсеңдеген кейуана.
Бәрі де Еңбекші аудандық сотының судьясы Н.Алтынбаевтың Айткүл Қылышбайды некеден ажырату жөнінде шығарған жөнсіз шешімінен шығып отыр ғой. Сот шешімі колхоз жиналысының хаттамасы емес, адамның тағдырын шешетін құжат. Міне, бір судьяның шешімімен 76-дағы кейуана 50 жыл тірнектеп жинаған дүниесінен бір сәтте айырылып қалды емес пе?! Ауруханада жатқан адамды сотқа келіп, жауап берді деп жалған хаттама толтырып, заңсыз шешім шығару дегеніңіз тіптен сорақы тірлік емес пе?
Бір қызығы, судья Н.Алтынбаевтың 2012 жылдың 11 маусымында шығарған осы шешімін облыстық соттың апелляциялық алқасындағы әріптестері бір жылдан кейін, дәлірегі 2013 жылдың 24 маусымында, күшін жойған. Алқаның қабылдаған қаулысына қарағанда, сотта Момын Қылышбай өзінің берген талап арызынан бас тартатынын айтыпты. Осыған сүйенген сот көзге шыққан сүйелдей болып тұрған шешімнің күшін оп-оңай жойған да жіберген. Ал бұл кезде шешім өзінің «миссиясын» орындап қойған еді.
Қартайған шағында баспанасыз қалған Айткүл Қылышбай полицияға да арызданыпты. Тергеушілер іс қозғағанымен, артынша оны қысқартып жіберген. Прокурорлардан да қайран жоқ. Бәрі, айналып келгенде, А.Қылышбайдың пайдасына 4 миллион теңгенің өндірілетінін бетке тұта береді. Жуырда облыс прокуроры Н.Әбдіров судья Алтынбаевтың ісін қарау үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ОҚО бойынша департаментіне жолданғаны туралы хат жіберіпті. Ал департаменттегілер «сот тек заң мен Конституцияға ғана бағынады, ешкімге есеп бермейді, сондықтан олардың ісіне араласа алмаймыз» деп жауап берген. Ал тек Ата заңға бағынатын судьяның істегені мынау.

P.S. Тиісті орындардан сұрап-білгеніміз, судья Н.Алтынбаев қазіргі уақытта сот саласында жұмыс істемейді екен.


Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар