1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №89 ()16275) 7 қараша, сейсенбі 2017
7 қараша 2017
«Жұмақ аралдарында» Әблязов, Мыңбаев, Атамқұлов ақша тыққан...

Жексенбінің таңы әлемнің кейбір жетекші саясаткерлері, атышулы компаниялар мен батыстың жұлдыздары үшін жайсыз басталды. Бұған себеп – АҚШ уақытымен таңертең батыстың белді ақпарат құралдары Paradise papers атты құжаттарын жариялай бастағаны. Қарапайым тілмен айтқанда, «Жұмақ аралдарының құжаттары» салықтан жалтару үшін офшорлы аралдарда бүркеншік фирма ашып, байлығын жасырғандарды әшкерелейді. Кеше жарияланған құжаттар легінде АҚШ президенті әкімшілігінің жетекші қызметкерлері мен В.Путинге жақын саясаткерлердің арасындағы байланыстар, Ұлыбритания ханшайымы ІІ Елизавета мен Канада премьер-министрі Д.Трюдо көмекшісінің аралдағы шоттары жайлы әңгіме қозғалады. Біртіндеп жарық көре бастаған құжаттар арасында Қазақстан саясаткерлері Сауат Мыңбаев, Бейбіт Атамқұлов пен шетел ауған Мұхтар Әблязовтің есімдері аталады.
 

ҚҰПИЯ ҚҰЖАТТАР ҚАЛАЙ ТАРАДЫ?
«Жұмақ аралдары» аталып кеткен құжаттардың жариялануына жол ашқан – Бермунд аралдарында тіркелген офшордағы операциялармен және қаржы басқарумен айналысатын Appleby компаниясы құжаттарының журналистердің қолына түсуі. Белгісіз ақпарат көзі осыдан бір жыл бұрын немістің Süddeutsche Zeitung басылымына аталған құжаттарды ұсынған. Дәл осы басылым 2015 жылы атышулы «Панама құжаттарын» да құпия дереккөздері арқылы қолға түсіріп, Журналистік зерттеулердің халықаралық консорциумымен (ICIJ) бөліскен. Ұйым өз кезегінде салмағы 11,5 миллион файлға жететін құпия ақпаратты әлемнің ең үздік ақпарат құралдарында жұмыс істейтін жүздеген журналиспен бөлісіп, құжаттарды зерттеу жұмыстарына қатыстырған. Артынша былтыр әлемді дүр сілкіндірген «Панама құжаттары» бірқатар мемлекет басшылары мен олардың туғандары, билікке жақын шенеуніктердің офшордағы байлығын жария етіп жіберді.
Осы жолғы «Жұмақ аралдарының» құпия құжаттары «Панамагейттен» асып түспесе, еш кем емес. Құжаттарға қол жеткізген неміс басылымы бұл жолы да оны Журналистік зерттеулердің халықаралық консорциумымен бөлісіп, әлгі ұйым өз кезегінде бұл құжаттарды зерттеуге 67 елден 96 ақпарат құралының 381 тілшісін қатыстырып отыр. «Жұмақ аралдары» құжаттарының салмағы 2,6 терабайт немесе 13,4 миллион файлға жетеді.

«ЖҰМАҚ АРАЛДАРЫНДАҒЫ» ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР
Журналистік зерттеулердің халықаралық консорциумы сайтында жарияланған «Жұмақ аралдары» құжаттарына қатысты мәліметтер базасында әзірге бірнеше қазақстандықтың атын кезіктіруге болады. Осыған сенсек, БТА банкінің бұрынғы басқарма төрағасы, шетелде қашқында жүрген Мұхтар Әблязов пен оның туысы Сырым Шалабаев 2007 жылы Кайман аралдарында құрылған CFJ Star Trust компаниясына иелік еткен. CFJ Star Trust 2012 жылдың қазанында қызметін тоқтатқан. М.Әблязов Журналистік зерттеулер халықаралық консорциумының офшордағы компаниясына қатысты сауалына жауап бермеген.
Құпия құжаттарда есімі аталатын тағы бір қазақстандық, бұрынғы мұнай-газ министрі Сауат Мыңбаев Бермунд аралдарында тіркелген Meridian Capital Ltd компаниясының 2002 жылдан бері акционері. Бұл компанияға иелік ететіндердің қатарында кәсіпкер Асқар Алшынбаев бар. Журналистік зерттеулер халықаралық консорциумы «Meridian Capital еншілес ұйымының құжаттарына қарағанда, Мыңбаев 2011 жылы компанияның 20 пайыз акциясына иелік еткен» дейді. Компанияға қатысты мәліметтерді қазбалай түскен журналистік ұйым 2006 жылы Meridian Capital 3 миллиард доллар көлемінде актив құйғанын жазады.
2012 жылы Meridian Capital Ltd Санкт-Петербургтағы сауда үйлерінің бірін АҚШ-тағы жекеменшік қорға 1,1 миллиард долларға сатқан. «Кейбір ресейлік және қазақстандық ақпарат құралдарының жазуынша, Meridian Capital Ресейдегі бірнеше әуежайға иелік етеді».
Сауат Мыңбаев Журналистік зерттеулер халықаралық консорциуымының компанияға қатысты сұрағына жауап бермеген. Ал тиісті сұраққа жауап жолдаған «ҚазМұнайГаз» Сауат Мыңбаев Meridian Capital компаниясының негізін қалаушы да, акционері де емес депті.
«Жұмақ аралдары» құжаттарында қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың есімі көзге ілінеді. Мәліметтерге қарағанда, Атамқұлов – Мальтада тіркелген Centraz Finance Ltd компаниясының директоры. 2017 жылдың қазанында ол әлі де жұмыс істеуші компаниялардың тізімінде тұрған. Бұл компания директорларының арасында Атамқұловтың ағасы Ерлан Атамқұлов та бар. Журналистік зерттеулер консорциумы Е.Атамқұлов 2002-07 жылдар аралығында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын басқарып, артынша жемқорлыққа қатысты тергеу басталған соң қызметінен кеткенін еске түсіреді. Centraz Finance Ltd компаниясы жүзім өсіруші және шарап сатушы компания ретінде тіркелген. Б.Атамқұлов та М.Әблязов және С.Мыңбаев тәрізді журналистік ұйымның ресми сауалына жауап бермеген.

ОФШОРДАҒЫ ӨЗГЕЛЕР
Әр елдің ақпарат құралы өз мемлекетіне қатысты ақпаратқа зер салып, офшордан табылған отандастарын түгендеп әлек. АҚШ ақпарат құралдары сауда министрі Уилбирт Росстың Путинге жақын адамдармен бизнес байланыс орнатқанын жарыса хабарлап жатыр. Росс Кайман аралдарында тіркелген түрлі офшорлы фирмалар арқылы ұлыбританиялық Navigator Holdings компаниясы акцияларының үштен біріне иелік ететін көрінеді. Осы Navigator Holdings Ресейдің «Сибур» мұнай-газ холдингімен әріптестік байланыс орнатқан. Ал «Сибур» холдингінің 50,2 пайыз акциясы миллиардер, АҚШ санкциясына ілінген «Новотэк» компаниясы басқарма төрағасы Леонид Михельсонның иелігінде, 17 пайыз акцияға В.Путиннің досы Геннадий Тимченко иелік етсе, 3,9 пайыз акцияға иелік ететін Кирилл Шамаловты БАҚ Ресей президенті В.Путиннің қызы К.Тихонованың күйеуі деп атайды.
АҚШ журналистері Д.Трамп әкімшілігі қызметкерінің Ресеймен байланыс орнатқанын сынап, ақпаратты сан-саққа жүгіртіп жатыр. Бұл онсыз да Ресеймен астыртын байланысы үшін айыпталып жатқан Трамп көмекшілерінің беделіне нұқсан келтірері түсінікті. Мұны былай қойғанда, АҚШ журналистері Ақ үй қызметкерінің санкцияға ілінгендермен бизнес байланыс орнатқанын жаға ұстарлық жағдай деп есептейді.
Британдық BBC ІІ Елизавета ханшайымның жеке қаржысын басқаратын Ланкастер герцогтығы 10 миллион фунт стерлингті Бермунд аралдарында тіркелген қорға аударып жібергенін жан-жақты талдады. Әлгі қор өз кезегінде BrightHouse қаржылық ұйымын басқаратын компанияға инвестиция салған. Ұлыбританиядағы BrightHouse қаржылық ұйымы 100 үстемеақымен несие бергені үшін басы дауға қалғаны бар. «Бір қарағанда, ханшайымның Кайман және Бермунд аралдарына аударылған инвестициялары заңсыз емес, бірақ Ұлыбритания монархының әлгіндей инвестиция жасауының өзі ұятты тірлік тәрізді» дейді BBC журналистері.
Ресейлік тәуелсіз ақпарат құралдары «Жұмақ аралдары» құжаттарының арасынан Ресей вице-премьері Игорь Шуваловтың әйелі мен ұлы, «РосНефть» басшысы Игорь Сечиннің бұрынғы әйелі Марина Сечина, бизнесмен Роман Абрович пен Алишер Усманов, В.Путиннің курстасы Н.Егоровтардың есімдерін тауып, әрқайсысы қандай фирмаларға иелік ететінін түгендеген.
 

Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Рашид Сарсенбиев | 7 қараша 2017 21:32
қолыңнан келсе қонышыңнан бас демейме ме қазақ атам.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар