1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №87 (16273) 1 қараша, сәрсенбі 2017
1 қараша 2017
Тікұшақпен тайраңдағандардың соты немен бітеді?

Осы күндері Алматы мамандандырылған ауданаралық сотында «Қазәуеқұтқару» АҚ бас директоры Мәлік Досымбеков пен «Қазәуеорманқорғау» АҚ басшысы Төлеуғазы Сексенбаевтың үстінен сот отырысы өтіп жатыр. Айыптау актісіне қарағанда, Сексенбаев өз үйіне аула тазалаушыны жұмысқа алып, оның жалақысын мекемесінің есебінен төлетіп отырған. Бастығының ауласын мұнтаздай етумен айналысқан бұл жұмысшы «Қазәуеорманқорғау» мекемесінде өрт сөндіруші болып тіркеліп, өткен жылдың үш айында 295 мың теңге жалақы алыпты. Айыптаудың басы осымен басталады. Соңында миллиондаған қаржыдан аяқ алып жүре алмайсыз.
Жалпы алғанда, «Қазәуеқұтқару» мекемесі – тікұшақ қызметін ұсынатын еліміздегі жалғыз оператор. Содан болар, бұл екі мекеме орманды әуеден бақылау ісінде бір-бірімен келісімшартқа отырады. Бірақ ешқандай мемлекеттік сатып алу шарасы өтпегендіктен, бұл келісімшарттағы бағалар тым асырыңқырап қойылған. Сараптама қорытындысы бойынша екі мекеме арасындағы барлық қызмет ақысының құны 348 306 994 теңге 6 тиынды құраса, бұл сомаға 157 538 540 теңге қосылып кетіп, артық есептелген. Сонда барлығы 505 845 535 теңге болған. Екі басшыны жемқорлыққа қарсы бюроның қызметкерлері үстіміздегі жылдың маусым айында қолға түсірмегенде, бұл миллиондардың тағдыры қалай боларын бір құдай біледі.
Сот материалдарына қарап отырсақ, екі дос кейде бір-біріне қатты «еркелеген», кейде «ерегіскен»... Биылғы жылдың сәуір айында Алматыға келген Сексенбаев екі мекеменің арасындағы келісімшартты бұзамын деп ашуға беріліп, ол үшін Досымбековке 28 ұшқыш-бақылаушыны жарты ставкада жұмысқа алуды міндеттейді. Әрқайсысының жалақысы – 140 мың теңге. Әрине, Досымбеков бұл ұшқыштардың өз мекемесінде ешқандай жұмыс істемейтінін білсе де, келісім берген. Сөйтіп, 2016 жылдың мамыр-маусым айларында қағаздағы «ұшқыштарға» 7,8 млн теңге жалақы төленген.
Бұдан бөлек, Сексенбаев пен Досымбеков тікұшақты жеке мақсаттарына да пайдаланыпты. Мамыр айының соңында Шығыс Қазақстан облысындағы шипажайлардың біріне тікұшақпен барған. Ал маусым айында Сексенбаев 1-сыныпты тікұшақ сатып алуға әрекеттенген. Сөйтіп, Досымбеков арқылы Sino-Russian Helicopter Technology компаниясының бас директоры Ли Хуаомен байланысады. Прокурордың мәліметіне қарағанда, екі дос құны 12 миллион доллар тұратын МИ-171Е тікұшағын жеткізіп беру туралы келісімшартқа қол қою үшін шетел азаматына 100 мың доллар көлемінде пара беруге келіскен. 10 маусым күні Сексенбаевтың есепшотына 50 мың доллар аударылып, оның 49 403 долларын банкомат арқылы алған. Сөйтіп, 19 403 долларын конвертке салып, банктен шыға бергенде ұлттық бюро қызметкерлерімен ұсталды. Тексеру барысында оның сөмкесінен 30 мың доллар мен 6 292 700 теңге тәркіленді. Тергеу мәліметтеріне қарағанда, бұл істегі параның жалпы көлемі 100 мың АҚШ долларын құрайды.
Әрине, бұл істе судьялар қиыннан қиыстырып заңға сәйкес шешім шығарары анық. Бірақ миллиондар миығынан күлген сот істерінде адамның миына сыймайтын шешімдер дүниеге келіп жатқаны ойлантпай ма? Осындайда миллион доллар пара алып жатқан жерінен ұсталып, жемқорлықпен күдікке ілініп, соңында қылмыстық жауапкершіліктен босап кеткен В.Нидің «ерлігі» ойыңа өзінен-өзі сап етіп орала кетеді... Егер соттың солақай шешімі, әлдебір әділетсіз би туралы әңгіме бола қалса, Ни есімі міндетті түрде ел арасында кеңінен айтылып жүр. Тіпті кейде Нидің аты-жөні «Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді» деген мақалдың орнына да жүре беретін сияқты.
Өкіншіке қарай, Нидің «ерлігі» біздің қоғамда жалқы емес. Мәселен, жақында ғана Ақтөбеде облыстық мәслихаттың экс-депутаты және қалалық автопарк иесі Мейіржан Өндіргенов қылмыстық жазадан босатылды. Судья Динара Гильманованың айтуына қарағанда, М.Өндіргенов 2011-2013 жылдары «Ал-Актобе» ЖШС-нің басшысы және иесі болған. Ол бас есепшімен бірге салық есебіне жалған ақпарат беріп, 75 млн теңге салықты бюджетке құймаған. Сонымен қатар «Ак Жол LTD» ЖШС-нің 70 пайызына иелік ететін Мейіржан 2011-2012 жылдары директормен және бас есепшімен бірігіп, бюджетке тағы да 44 млн теңге түсірмей қойыпты. Осыдан кейін Өндіргенов қылмыстық жазаға тарту мерзімі өтіп кеткенін және қылмыстың жасалғанына бес жылдан асқанын алға тартып, қылмыстық істі тоқтатуды талап етіпті. Сөйтіп, судья Өндіргеновті қылмыстық жазадан босату үкімін шығарды. Ол 600 мың теңгеге жуық процессуалдық шығынды төлеуге міндеттеліпті.
Алдыңғы жылы осы депутат «аса ірі көлемде қаржы бопсалады және өлтіремін деп қорқытты» деген күдікпен ұсталып, төрт жылға бас бостандығынан айырылып, оның үйінен, жұмыс орнынан да және банк есепшоттарында табылған және алынған 3 292 178 АҚШ доллары, 1 811 654 евро, 161 791 теңге, 326 300 Ресей рублі және банк есепшотындағы 84 583 480 теңге, 89 259 АҚШ доллары сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін, 900 миллион 542 мың теңге көлемінде келтірілген залалды жабу үшін және мемлекет пайдасына өндірілген болатын. Бірақ бір жылдан кейін үлгілі тәртібі үшін мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Міне, көрдіңіздер ме, түйені түгімен жұтыпты дегендер шыбын шаққандай шімірікпей тайраңдап-ақ жүр. Осы көріністерге қарасақ, тікұшақпен тайраңдағандардың тағдырын дүниедегі ең әділетті деген соттың қалай шешетіні қоғамға бір қызық болып тұрғандай.

Оралхан ДӘУІТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар