1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №33 (16219)   27 сәуір, бейсенбі 2017
27 сәуір 2017
«Шай ішпейтін, май жемейтін» әдіскерлер

НЕМЕСЕ БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БЫЛЫҚТЫ ТАЗАРТУҒА КІРІСКЕН БАСШЫНЫҢ ТҰТҚЫНДАЛУЫНДА НЕ ҚҰПИЯ ЖАТЫР?
Ақпан айында «қарамағындағы мектеп директорынан пара алды» деген күдікпен ұсталған Сарыағаш аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы Мұратбай Махановқа қатысты тергеу амалдарының аяқталып, істің сотқа өткені белгілі болды. Сот М.Махановқа тағылған айыпты қаншалықты рас деп табатынын қайдам, бірақ сарыағаштық ұстаздардың бір тобы бұрынғы «заврайононың» мұндай қылмысқа баруы мүмкін еместігін айтып дабыл қағуда. Ұстаздар президенттен бастап, жан-жаққа үндеу жолдап жатыр. Оның бірі және М.Махановтың адвокатының бас прокуратураға жолдаған өтініші «Жас Алаштың» облыстағы тілшілер қосынына да түсті.
Үндеуге қарағанда, білім бөлімінің басшылығына Мұратбай Маханов келгенге дейін ауданда мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарына жіберу тиын-тебенсіз шешілмеген. Деңгейлік курстан өткен мұғалімдер 16,5 пайызды ғана құраған. Мектеп директоры лауазымына кадр тағайындау бизнеске айналған. Аудан мектептеріндегі мұғалімдердің орташа сағат жүктемесі 10-11 сағатты құраған. Арыз-шағымның үдеуіне осы жағдай көп себеп болыпты. Осындай қиын жағдайда сол кездегі облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың ұйғарымымен М.Маханов Сарыағаш аудандық білім бөліміне басшы болып тағайындалған. Облыстық білім басқармасында білікті маман ретінде танылған азаматқа үлкен сенім жүктелген. Білім бөлімін жарты жылдан астам уақыт басқарған М.Махановтың атқарған жұмыстарының нәтижесінде аудан бойынша мұғалімдердің орташа педжүктемесі 11 сағаттан 18 сағатқа жетіпті. Білім ұяларындағы психологиялық ахуал жақсарған. Жоғарыға арыз-шағым жазу екі есеге азайған. Білім бөлімі басшысының бастамасымен өзге аудандарда жоқ тәжірибелер қолға алынған. Бөлімге қарасты әдістемелік кабинеттің жанынан «Жаңартылған білім беру мазмұнын ендіру» сараптама орталығы құрылыпты. Орталық өз жұмысын аудандағы 140-қа жуық білім ұясын 14 жетекші мектепке біріктіруден бастаған. Бұрын «сен тимесең, мен тимен» дейтін әдіскерлер енді өздеріне бөлінген мектептердің жұмысын зерттеп-зерделеп, шынайы әдістемелік көмек көрсетуге кіріскен. Олар туралы ұстаздар арасында «шай ішпейтін, май жемейтін әдіскерлер» деген сөз пайда болыпты. М.Махановтың қолға алған тағы бір оң тірлігі – директорларды ашық конкурстар арқылы тағайындау. Комиссияның құрамына облыс әкімдігінен, білім басқармасынан, педагог қызметкерлердің кәсіподақ ұйымынан мамандар енгізілген. Ашық конкурсқа ақпарат құралдарының өкілдері және тілек білдірген кез келген азамат қатыстырылған.
М.Маханов ұсталған соң, Сарыағаштың білім ұяларындағы жағдай бәз-баяғы қалпына түскен. Әр мұғалімнен ай сайын 500 теңгеден жинау қайта басталған көрінеді. Ауданда 8000-ға жуық мұғалім болса, «салық жинаушылардың» қалтасына қанша қаржының түсетінін енді өзіңіз есептей беріңіз. Мұғалімдерді «жаңартылған білім беру мазмұны» бойынша курстарға жіберу мәселесі бұрынғысынша тиын-тебенмен шешілуге көшкенге ұқсайды. Арыз-шағым жазу қайта көбейген. Үндеуде ұстаздар М.Махановтың тұтқындалуында әлдебір топтардың арандатуы жатыр деген күдіктерін де жасырмаған.
Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының таратқан мәліметі бойынша, М.Маханов «қарамағындағы мектеп директорын қамқорлығына алу үшін одан пара алды» деген күдікпен ұсталған болатын. Оның адвокатының бас прокурорға жазған өтінішіне қарағанда, қылмыстық істе біраз шикілік бар. Жәбірленуші деп танылған мектеп директоры әлдебір азаматшаны М.Махановқа пара беруге итермелеген көрінеді. Ол білім бөлімі басшысының кабинетіне кірген кезде М.Маханов басын шайқап, параға сатылмайтынын білдіргенге ұқсайды. Алайда пара беруші Махановтың басқа іспен айналысып жатқан уақытын пайдаланып, қолындағы кітапшасын байқатпастан үстел шетіне қалдырып кеткен. Маханов пара салынған кітапшаға қол тигізбеген.
Адвокаттың жазуынша, тергеу амалдары біржақты жүргізілген. Тіпті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері аудандағы бірнеше мектеп директорынан арыз ұйымдастырып, М.Махановтың ісіне «лауазымды өкілеттікті теріс пайдаланды» деген тағы бір айыптау қосқан. Қылмыстық іспен танысу барысында сот психологиялық-филологиялық сараптамаларды басқа облыс көлемінде қайтадан өткізу туралы талаптарды тергеушілер қараусыз қалдырған. Айтқандай, адвокаттың өтінішінде М.Махановтың 10 жастағы ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отырғаны да жазылыпты.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар