1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №83 (16165) 18 қазан, сейсенбі 2016
18 қазан 2016
«...Досаев пен Мәсiмов те жауап беруi керек»

Атырауда қазанның 12-ciнде басталған азаматтық белсендiлер Макс Боқаев пен Талғат Аянның iсiн қарап жатқан процесте адвокат Төлепқали Аянов осындай талап қой­ды. Судьяның “прокурорлармен процессуалдық келiсiмге келесiң­дер ме, айыбын мойындағандарға қолданар жаза жеңiл” деген ұсынысын қос батыр қабылдамады.

Айта кету керек, соттың басталғанына екi күн болғанымен, ол ерекше тартысты жағдайда өтiп жатыр. Сотталушылар адвокаттары аса бiр үмiт артпағанымен, басты мақсат – айыптылардың жазықсыз екендерiн қоғамға әйгiлеу дейдi.
Судья Гүлнар Дәулешова iстi “ашық процесс” деп жариялағанымен сот залына журналистрге кiруге рұқсат жоқ. Басқа залға қойылған монитордан кей дауыстар мүлде естiлмейдi немесе қате ұғынылады. Сот өтiп жатқан ғимараттың дәлiзiнде фото, видео түсiруге талаптанған журналистердi сот приставтары жұлқылап, құралдарына жабылып әуре. Сонда соттың ашықтығы, БАҚ туралы заңның қауқары қайда? Оны Атырау судьялары белiнен басып, тек елiмiз емес халықаралық ұйымдарға дейiн назар аударып отырған iстi бүркемелеп әлек.
– Бұл өте маңызды. Т.Тө­лешовтiң көмекшiсi Досанбаев әкелiп бердi деген ақша неге заттай айғақ ретiнде iсте жоқ. Бұл мәселеге қатысты Төлешовтен жауап алуды талап етемiн, – дедi ол.
Макс Боқаевтың адвокаты Нұрбике Ескендiрова Макстiң денсаулығына байланысты бұл­тартпау шарасын басқа жеңi­лiрек үй қамаққа немесе кепiлге шығаруға өзгертудi сұрады. Боқаевтың нашарлап бара жатқан денсаулығы туралы шағымды оның туыстары бұған дейiн де бiрнеше мәрте берген болатын. Бiрақ оның ешқайсысы ескерiл­ген жоқ. Боқаевтың қарындасы әрi қорғаушысы Жанар Боқаева Макстiң денсаулығына қатысты шағым түсiргеннен кейiн оны СИЗО-да тексерiп, әлдебiр анализ алынғанын айтты.
– Ең қызығы, әлгi анализде басқа адамның мәлiметi, туған жылы көрсетiлген. Ал кейiн ОЛИМП зертханасында тапсырған анализдер Макстiң денсаулығының кризистiк жағдайда екенiн көрсеттi. Өйткенi вирусты гепатит – бiлдiрмей алатын ауру, – дедi ол.
М.Боқаевтың адвокаттары Баталова, Ерғалиева, Башаков, Алимова, Цуканов, Түрiкпен­баева, Қасымов және басқа да көптеген адамдар жазған жеке кепiлдiк туралы арыздардың түпнүсқаларын тапсырды.
 
БОТҚАДАҒЫ ҚҰРТТАР МЕН СУДЬЯ ШЕШIМI
Мемлекеттiк айыптаушы ре­тiнде Қ.Сыдықов пен Р.Хабибуллин қатысып отырды. Сыдықовтың (Жаңаөзен оқиғасына қатыс­ты iсте мемлекетiк айыптаушы болған) айтуынша К.Мәсiмовтi, Е.Досаевты, Атырау облысы әкiмi Н.Ноғаев пен қала прокуорын жауаптаудың қажетi жоқ. Өйткенi ол адамдардың бұл iске қатысы жоқ дедi ол.
– Ал Макстiң денсаулығы жақсы, оған дер кезiнде медициналық көмек көрсетiлiп отыр­ған. Түрмеде барлық жағдай жасалған, – дедi прокурор Қ.Сыдықов.
Ол БАҚ-та жарияланған материалдарға сұрау салуды, “жер­дiң шетелдiк инвесторларға бе­рiлетiнi туралы мәжiлiстiң құ­жаттарын адвокаттың өзiне та­уып әкелудi мiндеттеудi сұрады.
Судья да прокурордың сөзiн қоштады.
– Макс Боқаев бұған дейiнгi сот отырысында денсаулығының жақсы екенiн айтты. Оған дәрi­герлiк көмек көрсетiлген. Ал Мәсiмов пен Досаевтың сөзiн жариялаған БАҚ-тарды мен зерт­теп, оқуым керек. Төлешов қылмыстық iстiң куәсi ретiнде өзi тергелiп жатқан сотта сұралатын болады. Атырау облысы әкiмi Ноғаев пен қала прокуроры Құттықовты жауаптауды iс барысында шешетiн боламыз, сот қажет деп тапса, олар шақырылады, – дедi Гулнар Дәулешова.
Бұл жауаптың бiрде-бiрi адво­каттарды қанағаттандырмады. Судьяның сөзiне қарсы наразылық күшейiп, Боқаевтың адвокаты iстi айыптау бағытымен жүргiзiп отырғанын оның өзiне ескерттi.
Прокурордың “түрмеде бәрi жақсы” деген жауабына шыдамаған Талғат Аян темiр тордың ар жағында отырғандардың халi мүшкiл екенiн баяндады.
– Қайдағы жағдай жасалған? Түрмеде медициналық қызметкерлер жетiспейдi. Камера сыз, күнiне үш рет манный ботқасын бередi, оның iшiнде құрттар жүр. Тышқандар өрiп жүр. Мұның бәрi бос сөз емес. Мұндай жағдайда Макс Боқаев тәрiздi ауру адам қалай отырады? Осындай СИЗО-мен 30 елге қосылмақпыз ба? – дедi ол.
Судья мұның бәрiн дәлелсiз жалған сөз деп бағаласа, прокурор судьяға құрметтемеушiлiк бiлдiрдi деп санап, қатысушыларды жазалауды сұрады.
 
АЙЫПТАУ
Шағымда қабылданып болған соң сот айыптау актiсiн тыңдауға көштi. Атырау облыстық ҰҚК департаментiнiң тергеу бөлiмiнiң бастығы полковник А.Әбуғалиев жазған айыптау актiсiнде митинг шымкенттiк бизнесмен Төлешовтiң Талғат Аянға берiп жiберген 100 мың доллар ақшасына ұйымдастырыл­ған деп көрсеткен.
– Боқаев пен Аян митингiнi саяси двиденттер жинау үшiн, танымалдыққа қол жеткiзу үшiн ұйымдастырған. Мемлекет басшысының дер кезiнде қабылдаған жерге мораторийiнен кейiн Талғат Аян мен Макс Боқаевтың қоғамда алауыздық тудыруға ұмтылған әркеттерi ары қарай жалғасын таппай, 21 мамыр 2016 жылы өтедi деп күтiлген митинг болмай қалды, оны халық қолдамады. Боқаев пен Аян ҚР ҚК 174, 2746 400-баптарына сәйкес адамдар тобы болып сөз байласып, БАҚ-ты, телекоммуникация жүйелерiн пайдалана отырып қоғамға iрiткi салып, әлеуметтiк, ұлттық алауыздық тудыруға бағытталған әркеттер жасады, жалған ақпараттар таратты, заңсыз митинг өткiздi, ұйымдастырды, қатысты, – деп мәлiмдедi айыптау актiсiн оқы­ған прокурор Қ.Сыдықов.
 
МОЙЫНДАУДАН БАС ТАРТТЫ
Судья айыптау актiсiнен соң сотталушы екеуге прокурормен келiсiмге баруды ұсынды.
– Айыбын мойындағаны үшiн жаза жеңiлдетiлетiнiн ескерте­мiн, – дедi Гүлнар Дәулешова.
Алайда Макс Боқаев оны мойындамақ түгiлi, айыптаудың не туралы болып отырғанын түсiнбейтiнiн айтты.
– Мен ешнәрсе ұққаным жоқ. Жиырма бiрiншi ғасырда ортаға шығып пiкiрiн айтқаны үшiн соттауды қалай түсiнуге болады. Онда митингiлер өткiзу туралы заңның не қажетi бар? – дедi ол.
Судья Г.Дәулешова оған айып­тау актiсiн өзiнше ұғындыруға тырысқанымен, Боқаев оны бәрiбiр түсiнбейтiнiн айтып бас тартты.
Сот ары қарай 17 қазаннан бастап қайта жалғасты.
Сәния ТОЙКЕН
 
 
ҚАНАҒАТТАНДЫРЫЛМАҒАН ШАҒЫМДАР МЕН ТӨЛЕШОВ
Соттың екiншi күнi айыпталушылар адвокаттары бiрнеше арыз түсiрдi. Талғат Аянның әкесi әрi адвокаты Төлепқали Аянов судьядан жердiң жалға берiлетiнi туралы ресми мәлiмдеме жасаған бұрынғы экономика министрi Е.Досаевты, оны қолдаған бұрынғы премьер министр Кәрiм Мәсiмовтi, жер реформасы туралы комиссия төрағасы Асқар Мырзахметовтi сотқа куә ретiнде шақыруды талап еттi.
– Себебi бұл адамдар Қазақстан жерiнiң шетелдiктерге жалға берiлетiнi туралы жалған мәлiмет таратты. 2009 жылғы 4 желтоқсанда шетелдiң инвесторларымен болған мәжiлiсте “қытайлардың соя өсiру үшiн бiр миллион гектар жер сұрап отырғаны” айтылды. Олар сот алдына келiп ондай мәлiмет бермегендерiн айтсын. Олар халықпен бiрдей заң алдында жауап берсiн, мен президенттi шақыруды сұрап отырған жоқпын. Ал оны жариялаған басылымдар (Казправда, Информбюро, Қазақпарат, 31 канал) таратқан ақпараттарын терiстесiн, – дедi Төлепқали Аянов.
Ол бұған қоса Макс Боқаев пен Талғат Аянмен Атыраудағы митингiге бiрге қатыс­қан облыс әкiмi Нұрлан Ноғаевты, Атырау қаласы прокуроры Руфат Құттықовты да жауаптауды талап еттi.
– Олар бұл екеуiнiң не дегенiн, қалай сөйлегенiн естiдi. Және өздерi де пiкiрлерiн айтты, – дедi Төлепқали Аянов.
Ол “жердiң шетелдiк инвтесторларға берiлетiнi” туралы мәселе талқыланған мәжiлiстiң хаттамасын, аудио, видео жазбаларын алдыртуды сұрады. 
Төлепқали Аянов Талғатқа “Төлешов берiп жiбердi” деген ақша оралған футболка мен доллардың затты айғақ ретiнде iске тiркелмегенiн, ақшалардың серияларын анықтап көрсетiп, iске тiркеудi талап еттi.
 
ТӨЛЕШОВ АСТАНАДАН СӨЙЛЕДI
Кеше Макс Боқаев пен Талғат Аянның iсi бойынша сот процесi қайта жалғасты. Алайда сот ашық өтедi деп жарияланғанымен, жур­налистердi сот залына 15 минутқа ғана кiргiзiп, одан кейiн басқа бөлмеге шығарып жiберген. Макс Боқаевтың адвокаты Нұрбике Ескендiрованың судьяға бiлдiрген қарсылығы қабылданбады. Сотта Т.Төлешовтiң жауаптары да тыңдалды.
Қорғаушы Атырау қалалық №2 сотының судьясы Гүлнәр Дәулешоваға нелiктен сенiмсiздiк танытты? Өйткенi ол соттың әрекетiнен тараптардың тең құқылық принципi бұзылып, тараптардың теңдiгi мен қорғану құқығы сақталмағанын байқаған. Судьяның iс-әрекетiнен соттың айыптау жағына қарай ойы­сып бара жатқанын аңғарған. Нұрбике Ескендiрованың пiкiрiнше, бұл iстiң қалай аяқталатынына “судья тiкелей немесе жанама мүдделi”. “Халықаралық азаматтық және саяси құқық жөнiндегi пактiнiң 14-бабына сәйкес, әрбiр адамның кез келген қылмыстық айып тағылған жағдайда әдiл сотқа тартылу құқығы бар және қылмыстық iсi көпшiлiк алдында тәуелсiз, алаламайтын сот арқылы қаралуы керек”.
Қорғаушының қарсылығын бас­қа адвокаттар да қолдады. Бiрақ одан нәтиже шыққан жоқ. Қорғаушының шағымына қатысты шешiм қабылдау үшiн үзiлiс жарияланғанымен, бiр сағаттан соң судья Э.Ойқұлова судья Г.Дәулешованың iс-әрекетiнде «заң бұзушылық белгiлерi болмағанын» айтып, оған қарсылық қабылданбайтынын жария­лады. Сөйтiп, сот тiзгiнi адвокат сенiмсiздiк танытқан судьяның қолында қалды.
Сотқа атышулы Тоқтар Төлешов те қатысты. Бiрақ ол Атырауға әкелiнген жоқ. Судьяның, прокурордың, адвокаттардың, айыпталушылардың сұрақтарына Астанада тұрып, интернет байланыс арқылы жауап бердi.
Төлешов митингiнi не мақсатпен қаржыландырғысы келгенiн былайша түсiндiрдi: “Ол менiң имиджiмдi көтеру, Қазақстандағы танымал қоғам қайраткерi болуым үшiн қажет едi. Екiншi жағынан алғанда, шетелдiктерге жердi сатуға қаламайтын азаматтық ұстанымым едi бұл. Мен сәтi түсiп, қоғам қайрат­керi болатын болсам, бейнелеп айт­қанда, ол кезде мен, вице-президент лауазымы енгiзiле қалса, өзiмнiң үмiткерлiкке талабымды бiлдiрер едiм. Вице-президент болу амбициясы менде болды. Қазiр қалай екенiн бiлмеймiн, сол кезде менде вице-президент болу амбициясы болды”. Осылай деген ол Жер дауына байланысты жағдайды пайдаланып қалуды көздеген көрiнедi. Сөйтiп, батыс өңiрден белсендi адам iздеген-мыс. Ал неге Алматыдан емес? Мұны Төлешов Алматы жұртының “белсендi емес­тiгiмен” түсiндiрдi.
Осылайша ол бiр серiгiне Тал­ғат Аянды табуды тапсырады. Мақсаты – Талғат арқылы жұмыс iстеу. Талғат арқылы дөңгелек үстелдер, қоғам қайраткерлерiмен кездесулер ұйымдастыру. Бұл үшiн ол Тал­ғатқа 100 мың доллар берiп жiбер­ген. Қызығы, өзi берген қаржының дiттеген кiсiге жеткенiн қадағаламаған. Оған ниетi де болмаған.
Судьяның “Сiз нақты қандай мақсат үшiн ақша бердiңiз?” деген сұрағына Төлешов “митинг болатын шығар дедiм. Бiрақ ол рұқсат етiлген митинг пе, рұқсат етiлмеген митинг пе, бұл мүлде басқа мәселе” деп жауап бердi.
Талғат Аян Төлешовтiң бұл сөзiн жала жабу деп бағалады. Және өтiрiгiн шығаратындай бiрнеше дәйек айтты.
Соның бiрi – Төлешов неге бас­қаны емес, Талғат Аянды таңдады деген сауалдан өрбидi. Т.Аян сотта өзiнiң қоғамдық жұмыстарға тек ақпан айынан бастап қана араласа бастағанын айтты. Демек мемле­кеттi төңкергелi жүрген адамның республика тұрмақ, аймаққа әлi толық танылып болмаған адамға сенiм артуы тым нанымсыз. Екiн­шiден, оған ақша бергенiн дәлел­дейтiн еш құжат жоқ. Тiптi Төле­шовтiң өзi сотта оған “бердiм” деген ақшасының жеткен-жетпегенiн айта алмады. Және Талғатқа ақша апарып беруi тиiс серiктерiнiң атын атаудан да бас тартты.
Сондай-ақ, сотта Т.Аян наурыз айында өткен парламент сайлауында қалалық мәслихатқа өз кандидатурасын ұсынғанын, бiрақ құжат тапсырған кандидат төлеуi тиiс жүз мың теңгенi төлей алмағанын да айтты. Төлешевтен 100 мыңдап доллар алып жүрген адамның 100 мың теңге таппай қалуы мүмкiн бе?
Сотта Төлешовтiң қаржыгерi Волков та сұралды. Макс Боқаевтың денсаулығы сыр беруiне байланысты оған қойылатын сұрақтар кейiнге қалдырылып, сот отырысында үзiлiс жарияланды.
Осы тұстан бiрқатар сауал туады. Мемлекеттi төңкерiп кетпек бол­ған адамды Астанадан Атыраудағы сотқа жеткiзу қиын ба? Әлде оның Жер реформасына қатысы бар-жоғы маңызды емес пе? Интернет арқылы байланысатындай Төлешов АҚШ түрмесiнде жатқан жоқ қой. Ендеше сот барысын соншалық күрделендiру не үшiн қажет? Неге айыпталушылар куәмен бетпе-бет кездесiп, оның жауаптарын өз аузынан естiмейдi? Оны неге экраннан тыңдауы керек? Жалпы, балағынан битi домалаған миллиардер Төлешовтiң 100 мың доллармен дүниенi төңкермек болғанына және оны қарым-қабiлетiнiң қандай екенiн бiлмейтiн, танымаған, көрмеген жалғыз Т.Аянға сенiп тапсыр­ғанына денi сау адам илана ма? Мiне, бұл сауалдар қазiр халық көңiлiнде кiлкiп тұр.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар