1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №82 (16164) 13 қазан, бейсенбі 2016
13 қазан 2016
Батырлардың соты басталмай жатып сынға ұшырады

Атырау қалалық №2 сотында кеше азаматтық белсендiлер Макс Боқаев пен Талғат Аянның үстiнен қозғалған “билiктi күшпен басып алу” айыбы бойынша соттың алдын ала тыңдауы басталды. Оған құқық қорғаушылар, облыс тұрғындары, аудан-ауданнан арнайы келген жанашыр азаматтар қатысуда. Сот өтетiн ғимаратта бақылау күшейтiлген. БАҚ өкiлдерiне фото және бейнежазба түсiруге 5 минут қана уақыт берiлiп, одан кейiн журналистер бөлек бөлмеге шығарылған. 

Сотта Боқаев пен Аянның адвокаты Төлепқали Аянов судья Гүлнәр Дәулешованы iстен шеттету туралы өтiнiш жасады. Мұның себебiн үзiлiс кезiнде адвокат журналистерге былай түсiндiрдi:
“Тергеу аяқталғаннан кейiн Аяновтың iсiн қысқарту туралы өтiнiшiмдi тергеу басқармасының бастығы қанағаттандырусыз қалдырды. Соған байланысты тергеу басқармасының бастығы Әбуғалиевтiң үстiнен облыстық прокуратураға Аяновтың iсiн қыс­қарту туралы қаулыны бұзып, iстi қысқарту туралы шағым берген болатынмын.
Қылмыстық кодекстiң 297-бабына сәйкес, аталған шағымды прокуратура қарап, содан кейiн iстi сотқа жiберуi керек. Ол шағымды қарамай тұрып iстi сотқа жiберуге болмайды. Облыстық прокуратура менiң шағымымды қарамастан, ол жөнiнде бел­гiлi бiр шешiм қабылдамастан iстi 29 қыркүйек күнi Атырау қалалық №2 сотына жолдаған. Осыған байланысты 3 қазанда мен сотқа өтiнiш жiберiп, iстi алдын ала тыңдауды, Қылмыстық кодекстiң 297-бабының 7-тармағы бұзылғандықтан iстi облыстық прокуратураға қайтарып, Талғат Аянды қамаудан босату туралы өтiнiш жасадым. Өйткенi оның қамауда отыру уақыты қыркүйекте өтiп кеттi. Осыған байланысты қалалық сот мiндеттi түрде алдын ала тыңдау өткiзiп, тергеу кезiн­де заң нормалары бұзылды ма, бұзылмады ма, не себептен сотқа шағым түстi деген мәселелердi қарап, сол баптың талабын орындау үшiн iстi облыстық прокуратураға қайтарып, Талғат Аянды қамаудан босатуға тиiс едi. Мiне, Талғат Аянды босатпау үшiн сот әдейi 30 қыркүйек күнi сот процесiн тағайындау туралы қаулы шығарған. Бiрақ бұл қаулы заңсыз”.
Төлепқали Аяновтың заңсыз дейтiнi, сот тергеуiнiң айыптау актiсi 30 қыркүйекте дайын болғанымен, ол сол күнi емес, 3 қазанда жариялан­ған. Судья айыптау актiсi шыққан соң оны бiрден реестрге енгiзбеген. “Сондықтан бұл –сот iсiн бұрмалаушылық. 73 томнан тұратын iс материалдарын 5-6 сағаттың iшiнде оқып, танысып, белгiлi бiр қорытынды шығару еш мүмкiн емес. Сондықтан судьяны iстен шеттетудi сұрадым” дейдi адвокат.
Бiрақ оның өтiнiшi қанағаттандырылмады. Бес минуттық үзiлiстен соң сотқа Дүйсебалиева деген судья келiп, адвокаттың өтiнiшi қанағаттандырылмайтынын айтып, сот залынан шығып кеттi. Алайда оның сөзi соттағыларға дұрыс естiл­медi. Макс Боқаев “Ешнәрсе естiлген жоқ, судья дұрыс оқымады” деп өз наразылығын бiлдiрдi. Тiптi тым жай сөйлеген судьяның сөзiн сот барысын монитор арқылы тыңдап отырған журналистер де ұқпай қалған.
Құқық қорғаушылар мен сотқа қатысқан жанашыр азаматтар алдын ала тыңдауының өзi бұлай болған соттың әдiл өтерiне күмәндана бастады. Естерiңiзге сала ке­тейiк, Мақс Боқаев пен Тал­ғат Аян қазақ жерiн шетел­дiктерге жалға беруге қарсылық танытқан атыраулық жұрт­тың арасында белсендiлiгi­мен көзге түскен едi Халық оларды батыр, ел мен жердiң жанашыры деп таниды. Сот барысы “Жас Алаштың” назарында болатынын оқырманның есiне саламыз.
 
Қ.Баян.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар