1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №78 (16160) 29 қыркүйек, бейсенбі 2016
29 қыркүйек 2016
Құзырет пен “құдiрет”
  • Қыжыртпа
Асып-тасқаннан ба, әлде әлдебiреуге әлдененi меңзегiсi келе ме, әйтеуiр Қазақстанның полицей­лерi “өнер” шығарып жатыр. Соңғы бiрер күннiң өзiнде екi бiрдей құзырлы органның өкiлi ел назарына ерекше iлiндi. “Суы қызып кеткен” бiрi көлiктен түспей-ақ, кiшi дәретiн көшеге ытқыта салуды жөн санапты. Екiншiсi қызметтiк көлiгiн өзге көлiктiң артына “шаптап” тастаған. Суретi мен бейнебаяны әлеуметтiк желiнi кезiп жүрген екi оқиға да жұрттың жағасын ұстатты. Бiрақ бiздi ойлантып отырған басқа мәселе. Естерiңiзде болса, жуырда ғана елге аса танымал жоғары лауазымды бiр кiсi полицейлердiң құзыретiн кеңейту жөнiнде ұсыныс жасаған болатын. Ал мынау не? Қалай ойлайсыз, құзыреттi қай тұрғыда кеңейту қажеттiгiне жасалған меңзеу емес пе, өзi?
Бiздiң полицейлер жедел қимылдайды екен негiзi. Бiр тәулiктiң шамасында құқық қорғаушылардың абыройына нұқсан келтiрген екеудiң кiм екенiн анықтады. Бiр қарағанда, анықтамауға амалдары да кем. Өйткенi сурет пен бейнебаяндағы бейнелер ап-анық. Тапайдың тал тү­сiнде “көшенi былғаған” полицей – Алматы қаласының Түрксiб ауданында қызмет атқаратын болып шықты. “Қазiргi уақытта осы дерек бойынша қызметтiк тексерiс жүрiп жатыр. Қоғамдық тәртiптi бұзу және iшкi iстер органдарының абыройына нұқсан келтiру деректерi рас­талған жағдайда, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады”, – дейдi Алматы қалалық IIД. Көзге ұрып тұр­ған оқиғадан қоғамдық тәртiптiң бұзылған-бұзылмағанын iздеу не үшiн қажет болғаны түсiнiксiз.
Ал сылқия тойып алып, көлiк жүргiзген және жол көлiк оқиғасын туғызған капитан Жамбыл облыстық IIД өкiлi екен. Қазiр оның “ерке­лiгi” бойынша қызметтiк тексеру жүргiзiлiп жатса керек.
Ендi келесi мәселеге көшейiк. Жуырда ғана Халықаралық қатынас, қорғаныс және қауiпсiздiк бойынша сенат комитетiнiң төрайымы Дариға Назарбаева: “Полицияның мәртебесiн қайта қарау керек деп санаймын. Оларға оқыс жағдайларда белсендi тойтарыс бере алуы үшiн көбiрек құзiрет беру керек. Алматыда қаза болған полицейлер барлық қажет шараларды қолданғанымен, адам шығыны болды” – деген едi 18 шiлде күнi Алматыда болған қайғылы оқиғаны еске ала отырып.
Негiзi, полицияны керек ететiндер жаман ұсыныс айт­пайды. Қаржы министрi Бақыт Сұлтановтың ой-пiкiрi де сенатордың ұсынысымен ұштасып жатыр. Ол жақында депутаттардың алдында алдағы үш жылдың бюджетiнiң жай-жапсарын түсiндiре оты­рып, азаматтардың қа­уiп­сiздiгiн күшейту мақсатында күштiк құрылымдарға қосымша 70 млрд теңге бөлудi сұраған.
Алайда бiзге түсiнiксiз бiр нәрсе бар. Жарайды, полицейлердiң құзыретiн кеңiтiптi дейiк, бiрақ одан қылмыс азая ма? Қылмысты ашпақ түгiлi, өздерi қылмыс жасап жүрген полицейлерге құзыреттiң кеңейгенi әсер ете ала ма? Құзыретi “шек­теулi” кездiң өзiнде түрме­дегi әйелдi зорлап жүргендер құзыретi артқан соң не iстемейдi? Неге АIIБ маңы жабыла қыз зорлайтын (Есiктегi оқиға – ред) орынға айналды? Қаржы министрi қосымша сұрап отырған 70 млрд теңге не үшiн қажет? Бұл қаржы полицияның санын көбейтуге жұмсала ма, бiлiктiлiгiн арттыруға бөлiне ме? Саны көбейiп, бiлiктiлiгi артқанның өзiнде тәртiп түзелмесе, ондай полицейден не үмiт, не қайыр?
Ал тәртiптi қалай түзеуге болады? Бiздiңше, оның жауабын осы соңғы екi оқиға айтып тұр. Бiрақ оны жеткiзу үшiн дерек келтiруге мәжбүр­мiз. Аңшылардың тiлiмен айт­қанда, Қазақстанда полиция дегенiңiз “жүнiн жейдi”. Яғни, өте көп. 2014 жылғы есеп бойынша елiмiз полиция саны ырғын мемлекеттердiң алғашқы алтылығына енген. Әр 100 мың адамға шақққанда 444,8 полициядан келедi.
Сонда полицияның саны мен олардың тәртiбi арасында қандай байланыс бар? Мiне, жоғарыдағы қос оқи­ғаны ендi есiңiзге түсiрiңiз. Тараздық полицей неге iшiп алып, көлiк жүргiздi? Негiзi бұл сұрақ дұрыс емес. Дұрыс сауал: “iшiп жүрген ол ғана ма?” Мiне, бұл өте орынды сұрақ. Мұндағы кiлтипан – сол баяғы полиция санының көптiгiне барып тiреледi. Бiрiншiден, қызметкер көп жерде жауапкершiлiк азаяды. Екiншiден, адам көп жерде туған күн де көп. Әрiп­тесiңнiң туған күнiнде “алып қоймасаң”, несiне “погон” тағып жүрсiң?! Iш, сiлте, тек абай болсаң, болғаны. Осы түсiнiкпен қарасақ, көлiк соққан капитан шырық бұзған заң қызметкерi емес, “жолы болмай қалған” полицияға көбiрек келiңкiрейдi. Iшкен­нiң әсерi ғой, әйтпесе “мигалкасын” қосып қойып, құй­ғытса, өзге көлiктер одан алты метр аулақ жүрмес пе едi?!
Түрксiб ауданының “көше былғағыш” полицейi ше? Ол да сiлтеген. Әрiптесiнен айырмашылығы, ол арақ пен сыраны араластырып iшкен. Ендi не iстеу керек? Бой жазып, жеңiлдеу керек. Бiрақ өмiрi ығы-жығы болып жататын полиция бөлiмiнде қай есiкке кезексiз кiре алғандайсың?! Қыл аяғы дәретханаға дейiн – кезек. Онсыз да басы әңкi-тәңкi болып тұрған полицей осыны ойлаған да, “жолда “бүлiнгенше” көшенi былғағаным артық” деген пейiлмен “тәуекел деп тас жұтқан”.
Осы жерде тағы бiр сауал туады: құзыреттi кеңейткен дұрыс па әлде дәретхананы кеңiткен жөн бе? Бұл жағын сiз ойлана тұрыңыз, бiз ары қарай кеттiк.
Шыны керек, мұнымыз полицияның бәрi бiрдей iшедi, шетiнен мас болып жүредi деген сөз емес. Арасында татып алмайтындары, iшсе де, өз шамасын бiлетiн­дерi кездесуi бек мүмкiн. Тiптi полиция атаулы тегiс iшiмдiкке “терiс қарап” ке­тетiн кездер де бар. Мәселен, 21 мамырдағы митингiнi еске алыңызшы. Сол күнi бiрде-бiр шерушi “қызу жүрген” полицейдi көре алған жоқ. Бәрi сұстиып-сұстиып алған. Бәрi сап-сау. Алдынан кемпiр шыға ма, шал шыға ма, бәрiбiр, шетiнен ұстап, автобусқа тиеп жүр. Құдды, өмiрi iшпеген адамдар сияқты. Оны айтасыз, олар жоғары билiкке төнген кез келген қауiп-қатердi сезсе, дәретханаға баруды да ұмытады.
Неге? Өйткенi полицейлер билiктi құдiрет көредi. “Құдiреттiң” пәрменiмен көбейдiк деп түсiнедi. Олары рас та шығар. Бiрақ құзырет­тiң бұл жерге қандай қатысы бар деймiз де. Әлде битiне семiрген әлдебiреулер полицей “былғаған көшенi” халыққа сүрткiзсек деп армандап жүр ме?!
Сансызбай НҰРБАБА
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар