1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №77 (16159) 27 қыркүйек, сейсенбі 2016
27 қыркүйек 2016
Бастықтан ұят кетсе... қарауындағылар қарпып қалады

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Масалимов, оның екi орынбасары және екi бөлiм басшысы пара алу үстiнде қолға түстi. Сәуiр айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл Ұлттық бюросының Жамбыл облысы бойынша департаментi таратқан осы мәлiмет елдi елең еткiздi. Байқайсыз ба, соңғы кездерi жемқорларды осылайша топ-тобымен, үйiр-үйiрiмен ұстау жиi­ледi. Бiрақ дүбiрлеп басталған осындай шулы iстердiң ақыры күбiрлеп аяқталатыны да жасырын емес. Облыстың бас дәрiгерi қарамағындағы төрт қызметкерiмен қоса құрыққа түскен кезде жоғарыда атал­ған департаменттiң басшысы Мақсат Қожабаев журналистерге берген сұхбатында Е.Масалимовтың каби­не­тiнде отырып, бас дәрiгер­лер­ден 500 доллардан 5 мың долларға дейiн пара алғанын айтқан едi. Әсiресе, оның стоматологтарға субсидия бөлдiру үшiн қарамағындағы екi бөлiм басшысынан 5 мың доллар пара алғаны туралы мәлiмет жаңалық құмар журналистердiң қызығушылығын тудырған. Бiрақ дәл осы фактiнi қылмыстық iске шығарылған үкiмнен таба алмадық. Әуел баста сұхбатта айтылған паралардың көлемi үкiмде жазылғанда өзара сәйкессiздiктi, өзгерiске ұшырағанын байқап, “ортада жоғалған” ақшаны неге жорырымызды бiлмедiк. Жем­қорлықпен күресушiлер бұл iстi соңына дейiн жеткiзе алмады ма, ол жағы белгiсiз. Белгiлiсi мынау ғана.

Жалпы, Масалимовтың қарамағындағылардан үздiксiз пара алатыны туралы ақпаратты тиiстi орындағылар алдын ала бiлген сияқты. Наурыз айында Меркi аудандық ауруханасында қарапайым мейiрбике болып iстейтiн Ж.Бабижанова Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы iс-қимыл Ұлттық бюросы Жамбыл облысы бойынша департаментiне Е.Масалимовтың жемқорлыққа жол берiп жүргенi жөнiнде арыз жазады. Таңғаларлық жағдай. Бұл азаматшаның аты-жөнi қылмыстық iсте мүлдем жоқ. Ол не жәбiр­ленушi, не куәгер емес. Ендеше, ол неге арыз жазады? Арыздан кейiн департамент қызмет­керлерi Е.Масалимовтың басқан iзiн аңдуға көшкен. Кабинетiне жазу құралдарын қойған. Оның әрбiр сөзi таспаға басылған. Гәп мiне қайда жатыр десеңiзшi? Бiр айдан астам уақытқа созылған осындай жасырын тергеу амалдары барысында Е.Масалимов заңға томпақ келетiн мынандай әрекеттерге барған: Е.Масалимовтың бұйрығымен басқарманың бас акушер-гинекологы Г.Жақсыбекова басшының орынбасары қызметiн атқаруға ауыстырылады. Оның орнына маман iздеу басталады. Осы кездерi Г.Жақсыбекова облыстық диагностикалық орталық басшысының орынбасары қызметiн атқарып жүрген Сәуле Конкашеваның кандидатурасын ұсынған. Әрине, құр аяққа бата жүр­мейтiнi белгiлi ғой. Басшының “сырын” жақсы бiлетiн Г.Жақсыбекова 2 наурызда Е.Масалимовтың кабинетiне кiрiп, оған конвертке салынған 50 мың теңгенi тастап шығады. Масалимов ләм-мим деместен ақшаны қалтаға басқан. Артынша С.Конкашеваны басқарманың бас акушер-гинекологы қызметiне тағайындау туралы бұйрық бұрқ ете қалады. Сотта Масалимовтың өзi ештеңенi мойындамайды. “Г.Жақсыбекова жұмыс бабымен кабинетiме кiрiп едi, кетер кезде ұлының тойына шақыру қағазын берген, Сәуле деген әлдебiр азаматшаның атын айтты, мен оны келiнi шығар деп түсiндiм” дейдi мiз бақпастан. Ал Г.Жақсыбекова басқаша сөйлейдi. Ол Сәуленiң кандидатурасын өзi ұсынғанын, бiрақ бұйрық шығарудың ұзап кеткенiн алға тартады. Кейiнiрек әлдебiр адамдар арқылы басшының қиқаңдап жатқанын түсiнедi, осыдан кейiн пара беру керек деп шешiптi. Ал С.Конкашеваның өзi «Жақсыбековаға ешқандай ақша бергенiм жоқ» дейдi. Ал түсiнiп көрiңiз.
Биыл Тараздағы №6 қалалық емханаға 368,2 миллион теңге бөлiнедi. Алайда бұл қаржы жеткiлiксiз болғандықтан, қосымша ақша қарастырудың қажет­тiлiгi туындайды. Обалы не керек, бас дәрiгер Д.Керiмбаева ары-берi шапқылап,   басқармаға хатпен шығады. 24 ақпанда облыстық мәслихаттың шешiмiмен қосымша қаржы қаралады. Е.Масалимов осы қосымша қаржы – 10 миллион теңгенiң 1 пайызын дәметедi. Ол уысына түскенше тыным таппаған кө­рiнедi. Бiрде облыстық ауруханада өткен жиналыстан кейiн Масалимов Керiмбаеваға қойын кiтап­шасын ашып, ондағы “10 млн №6” деген жазуды көрсе­тедi де, дәл сол арада қаламсабымен “рахмет қайда?” деген жазуды жазады. Осыдан кейiн амалы құрыған бас дәрiгер бастығының кабинетiне 300 АҚШ долларын (теңгеге шаққанда 103 мың теңгенi) апарып берген. Ақшаны алған бойда қырсықтығы ұстап жүрген Масалимов мәслихаттың шешiмiмен бөлiнген қосымша қаржыны емханаға аудару жөнiндегi бұйрығын өтiп кеткен датамен шығарған. Бiрақ сотта Масалимов ештеңенi мойындамайды, “мен бас дәрiгерден ақша емес, қарапайым рахмет сұрадым” дейдi мүләйiмсiп.    
Бұдан бөлек басқарма басшысы 10 наурызда қаладағы №2 емхананың бас дәрiгерi Ж.Тойшыбековадан 100 мың теңге алады. 17 наурызда қалалық перинаталдық орталықтың бас дәрiгерi К.Сағынғалиевадан 150 мың теңге, 26 наруызда Ана мен бала оңалту орталығының бас дәрiгерi Г.Әзiмқұловадан 15 мың теңге алады. Сотта Масалимов алған қаржыларды ауырып жатқан әкесiнiң қажеттiлiгiне жұм­сап жiбергенiн ашық айтады. Бiр қызығы, Е.Масалимов тергеу барысында өзiне тағылған айыптың бәрiн мойындаған, сотқа келгенде жауаптарынан күрт айныған. Оның себебiн тергеу барысында Ұлттық бюро қызметкерлерiнiң қамап қоямыз деп қорқытқанымен байланыстырады (айыпталушы тергеу барысында үйқамақта отырған).  
Тараз қалалық сотының үкi­мiмен лауазымдық өкiлеттiгiн терiс пайдаланды және қорқытып пара алды деген айыппен Е.Масалимовтың заңсыз жолмен табылған мүлкi тәркiленiп, 10 миллион 767 мың 50 теңге көлемiнде айыппұл төлеуге сотталды. Е.Масалимов ендi өмiр бойы мемлекеттiк қызметте iстеу құқығынан да айырылды. Ка­бинетiне кiрген адамның алақанына қарайтын, ақшаға құныққан ендi атқарушы билiктiң маңына да жоламайды. Бiрақ әкiмдiкте, министрлiкте Масалимов сияқтылардың әлi қаншасы жүр? Кабинеттен тыс алынып жатқан ақшаның көлемi қанша? Жуырда қайта құрылып, өзiнiң бұрынғы атауына қайта оралған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi жемқорларды аулаудың қандай әдiс-тәсiлiне жүгiнер екен?
Жалпы, Жамбыл облысының денсаулық саласында соңғы уақытта даулы тiрлiктер тым көбейiп кеттi. Жаңадан салын­ған аурухана толық пайдалануға берiлмей тұрып нысанды қабылдау актiсiне көзжұмбайлықпен қол қоя салған құрылыс басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиевтiң де үстiнен қылмыс­тық iс қозғалып, ол да қызметi­мен қош айтысқанына көп бол­ған жоқ. Әрине, бiтпеген тiрлiкке қол қоя салудың арғы жағы айтпаса да түсiнiктi. Оның жасаған жағымсыз әрекетiне өкiнгенi ескерiлiп, қылмыстық iс тоқ­татыл­ған, ендi қайта мемлекеттiк қызметке келмейтiндей шешiм шығарылған. Деннiң саулығын ойлайтындар, соған қызмет ететiндер “асап қойып”, дерттi болу әдетiнен қашан айығар екен?
Ғалымжан ЕЛШIБАЙ,
Жамбыл облысы
 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар