1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №89 ()16275) 7 қараша, сейсенбі 2017
7 қараша 2017
Әліпби Құран емес

Қаны – қазақ, жаны – қазақ, тілі, ділі – қазақ қауымның қанын басына көтерген бүгінгі бір мәселе – әліпби. Латын қарпіне көшу туралы осыдан 25 жыл бұрын қозғалған әрі-сәрі әңгіменің түйіні елжанды, ұлтжанды әрбір пенденің төбесіне жай түсіргендей болды. Бір анығы, аталған салаға тікелей қатысы бар бірден-бір тұғырлы мекеме – А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты әліпби ауыстыру әлегі басталғаннан-ақ бұл шаруаға білек сыбана кірісіп, күні кешеге дейін жүздеген нұсқа дайындаған. Қорыта келгенде, оның барлығы қосәріпті (диграфты), дәйекшелі (апострофты) және осы екеуінің біріккен түрі күйінде үш нұсқаға топтастырылған. Ең сорақысы, жеме-жемге келгенде тілші-ғалымдардың ойын онға, санасын санға бөле жүріп жасаған үш нұсқасы да далада қалып, көлденеңнен киліккен тосын жоба топ жарып кетті.
Егер, әлдекімдер айтып жүргендей, латынға көшу шын мәнісінде қазақ тілінің көсегесін көгерту, орыс тілінің, тіпті орыс билігінің ықпалынан шығару, түркі әлемімен бір болу, қазақ дыбыстарының компьютерде таңбалануын жеңілдету мақсатын көздесе, не себепті білікті ғалымдар әзірлеген ғылыми жоба айдалада қалды? Тосыннан пайда болған шикі әліпбидің авторы кім?
Кілең апострофқа құрылған бұл нұсқаның тиімсіздігін, өрескел тұстарын көзіқарақты қауым ертеден кешке дейін талмай талқылап жатыр. Осы әңгіме қозғалғаннан-ақ «Жазуды емес, жүйені ауыстыру керек. Бұл – бүгінгі биліктің қазақ тілінің түбіне жету жоспары» деп шырылдаған діл дертінің білгірі, білікті публицист Сәкен Сыбанбай Facebook-тегі бір жазбасында дәйекшеге толы нұсқаның Табылды Каюпов атап көрсеткен төмендегідей кемшіліктеріне баса назар аудартты да. Қайталап айтсақ, ең бастысы:
«1) сөзді буынға бөлу заңдылығы бұзылады;
2) дыбыстардың үндестік заңы бұзылады;
3) қазақтың «екі дауысты дыбысы қатар келмейді» деген заңы бұзылады;
4) қолданылу мақсаты әртүрлі болғандықтан, дәйекшесі бар сөзді оқу үшін әрбір әріпті ежіктеп бас қатыру керек болады;
5) баспа көлемі шамамен 30% ұзаратынын болжауға болады;
6) ғаламтордың іздеу алгоритмі дәйекшені (апострофты) әріп ретінде қабылдамайды (алып тастайды), яғни ғаламтордан қазақша дерек іздеу мүмкіндігі болмайды;
7) ’ таңбасы – барлық программалау тілдерінде ерекше рөл атқаратын таңба. Мысалға C, Assembler, Pascal, Delpһy тілінде “A” – мәні A-ға тең тізбектік айнымалы болса, ’A’- ның мәні 65-ке тең сан болады. BASІC тілінде бұл таңбадан кейінгі кез келген жазу комментарий түрінде қабылданады. Компьютерде сөйлемді сөзге жіктегенде бұл таңба еш уақытта сөзге қосылмайды. Мысалға «a’lem» деген бір сөзді «a» және «lem» деген екі сөзге бөліп қояды. Сонымен қатар бұл таңбаны көптеген программалар қос таңбаның бірі деп есептеп, сөздің басында ‘, ал соңында ’ қылып автоматты өзгертіп отырады. Бірақ, ’, ‘, ’ таңбаларының кодтары әртүрлі. ’ таңбасы тыныс белгісі емес әріп екенін компьютерге ұқтыру қиын».
Сәкен Сыбанбайдың: «Мұның бәрі біздің балаларымызды мәңгүрт қып бітеді; онсыз да үштұғырлы тіл, жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқыту сияқты «реформалармен» былығып жатқан білім саласы біржола тоқырайды; қазақ мектебіндегі оқушылар апострофты латын қарпімен – қазақ тілін, апострофсыз латын қарпімен – ағылшын тілін, кирилл қарпімен – орыс тілін оқып, миы ашиды. Үш тілді үш түрлі қаріппен оқитын баланың миы ботқа болмай не болады?» – деген қаупі де негізсіз емес.
Лингвистикалық кем-кетігі өз алдына, тағы бір сұмдығы – бұл бүкіл ұлттың, тіпті тұтас мемлекеттің екіге жарылуына жол ашқалы тұр. Өйткені латынға тек қазақ мектептері ғана көшеді, ал орыстілді топ кириллицада қала бермек. Ал бір мемлекет, бір әліпби болмаған жерде не тірлік, не бірлік болады?! Яғни бұл – тәуелсіздік алғалы бері көсегесі бір көгермей келе жатқан тіл мәселесін одан бетер тұралатады деген сөз. Өйткені бұған дейін қазақ тілін, қазақ жазуын өздеріне үйреншікті кириллицамен оқып-үйреніп, меңгеріп жарытпаған өзге ұлт өкілдері енді оны қазақтың өзіне қораш көрініп отырған латын қарпімен игеріп оңдырмасы анық. Мұның сыртында біз күні бүгінге дейін еліміздегі орыс мектептері мен аралас мектептерді көбейтпесек, азайта алған жоқпыз. Яғни сонда білім алып жатқан қаракөздеріміз де кириллицада қалады. Осыдан келіп орыстілді қазақтың төл жазуын түсінбеуі, мақұрым қалуы туындайды. Тіпті бұдан кейін шала қазақ түгіл, нағыз қазақтың өзі баласын қазақ мектебіне беруден бас тартады. Себебі қанша жерден ұлтжанды болса да, ешкім ондай күлдікөмеш, балдыр-батпақ әліпбимен баласының басын қатырғысы келмейді. Басқа – басқа, академик Асқар Жұмаділдаевтың өзі: «Егер бұл әліпби енетін болса, ешкім қазақша жазғысы келмейді. Бұл әліпби қолданылатын болса, мен балаларымды орыс мектебіне ауыстырып жіберемін. Өйткені бұл нұсқамен білім алу мүмкін емес», – деп ашық айтты. Одан басқа да қаншама адам әлеуметтік желіде осы сыңайлас пікір білдіруде. Бірақ шаш ал десе бас алатындардың оған қарайлайтын түрі байқалмайды. Әліпби жөніндегі қайшылықты жағдайды құлағына да қыстырмаған еліміздің бас мұғалімі қабылданған осы латын қарпінің нөлінші және бірінші сынып оқушыларына сынақ түрінде енгізіле бастайтынын жариялап үлгерді. Бас-аяғы жоқ солақай реформалармен онсыз да сынақ алаңына айналған соры қалың мектептің бақытсыз бейбақтары осылайша тағы да «подопытный кроликке» айналмақ. Сонда қашанғы бұлай бола бермек?! Қараша халықтың үні, талап-тілегі ескерілер күн бар ма?
...Дегенде бір үміт жылт етті. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ әліпбиін латынға көшіру кезінде қоғамдағы мардымды ұсыныстар ескерілуі тиіс екендігін айтты. Ендігі міндет – бүкіл ел болып бір пікірде тұру, әліпби бойынша А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мамандары дайындаған ұлттық жобаны қабылдатуға күш салу, кем-кетігі болса бірлесіп түзетуге тырысу. Рас, президент жарлыққа қол қойды, әзірге бір нұсқа қабылданды. Бірақ, Айдос Сарым айтпақшы, әліпби Құран емес. Оны өзгертуге болады. Және өзгертілуге тиіс.
 

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (4)
Мұқағали Манаптегі | 7 қараша 2017 23:25
Мында дұрыс айтылған. Расында да мына реформаны, мына әліпбиді ұлтымызға оң әсер етеді деп болмайды. Қателігі емес-ау, қасқөйлігі көп реформа бұл.
Қонақ | 8 қараша 2017 00:39
Елге жанашырлық білдіру жақсы-ақ! Бірақ орыстың кириллицасынан кетіп, ағылшындырдың латыншасына көшу - қазақты құрту " деп түсіну мұлде артық, жаңсақ пікір. Қонақ. 08.11.2017
Моғол | 8 қараша 2017 16:29
3-4 дыбысты диграфтармен және 5-6 дыбысты диакритикалық таңбасы бар алфавитті қабылдау керек.Әйтпесе бұл латын алфавиті қазақ тілінің мәртебесін көтерудің орнына керісінше құрдымға апарады.Биліктегілер қазақ халқымен санасу керек,әйтпесе арты жақсылыққа апармайды.
Қасқырбай Мәдиев | 9 қараша 2017 11:11
Қазақыланған кириллицадан айырылу, жүздеген жылғы тарихтан,әдебиеттен айырылу.Қазаққа енді латынды үйренуге 1930 жылғыдай "сау-жой"мектебі керек. Балаларды орыс мектебіне беру көбейеді.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті