1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №89 ()16275) 7 қараша, сейсенбі 2017
7 қараша 2017
«Нұр Отан» жаңара ма?

Билік партиясының саяси кеңесінде президент Н.Назарбаев Қазақстан экономикалық, саяси және рухани салаларда жаңғырып жатқанын айта келіп, «Нұр Отанның» өзі де жаңаруы керек дегенге тоқтады. «Модернизация ешқашан қарапайым болмайды. Ол үлкен қарсылық тудыруы мүмкін. Партия бұл жерде ең алдымен модернизация бағытында саяси қолдау тетіктерін құруы керек. Не туралы айтып жатқанымызды алдымен өзіміз түсініп, азаматтарға түсіндіре алуымыз керек», – деді президент.
Осы біз жаңғыру мен жаңаруға мәжбүр болған осы күнге қайдан тап болдық? Осы біз рухани жаңғырғанымызды, билік партиясының жаңарғанын қалай біліп, қалай түсінеміз? Қайтіп бағамдаймыз? Қашан жаңғырып, қашан жаңарып бітеміз? Президент «жаңаруға үлкен қарсылық тудыруы мүмкін» дейді. Ал олар, қарсы шығатындар, кімдер? Халық па, әлде билік партиясының өз мүшелері ме? Қызық, шынымен де «нұротандықтар» жаңаруды қалай түсінеді? Жаңа кәстүм, жаңа кеңсе, қызметтік жаңа көлік пе? Жақында ғана мәжіліс төрағасының орынбасары В.Божко тілшілерді «Шенеуніктер қымбат көлікке неге әуес?» деген сұрағына бола уытты тілімен қуырып алды. Сөзіне қарасақ, шенеунік, яғни мемлекеттік қызметкер, айдаушысымен арбада жүрмеуі керек екен. В.Божконың бұл ойы «Нұр Отанның» биліктегі кез келген мүшесінің басында қорғасындай құйылып қалғалы қашан. Мәселен, Астана әкімі Әсет Исекешов ақшаның бетіне қарамай, бақандай 52 миллион 678 мың теңгеге Mercedes-Benz/S500 көлігін алыпты. Әрине, өз ақшасына емес. Сіз бен біздің салығымыздың есебінен. Сағатына 250 шақырымға жүйткитін жүйрік көлік қала әкіміне не үшін қажет болғанын бір итім білсін. Дегенмен осындай қымбат көлік, жайлы орындық, дайын қызмет, сақадай күзетке үйреніп алған билік партиясының мүшелері «Нұр Отанды» қалай жаңартады? Жалпы, билік партиясы жаңғыра ала ма?

Зәуреш БАТТАЛОВА, ЖСДП саяси бюросының төрайымы, саясаткер: ШЫНАЙЫ БӘСЕКЕ БОЛМАЙ, БӘРІ БЕКЕР

– Жаңару үшін бәсеке керек. Ал ондай бәсекенің ережесі анық әрі әділ болуы шарт. Қазір саяси партиялардың бәріне тең ереже бар ма? Жоқ. Алдымен осы мәселенің жігін ашып алған дұрыс. «Нұр Отан» іштей өзімен-өзі жаңарамын десе, онысы жаңару емес. «Нұр Отанды» жаңарту үшін бүкіл саяси жүйені жаңарту керек. Ең алдымен саяси партиялар заңын өзгерту қажет. Ол заңда саяси партияның тіркелуі оңайлап, жұмысына кедергі келтірмеу керек. Мәселен, қазіргі заңда жаңадан саяси партияны тіркеу тіпті мүмкін емес. Небір қиындықтарды енгізіп, ережені күрделендіріп тастаған. Екіншісі – қазіргі сайлау заңы өзгеруі шарт. Саяси партия парламентке өту үшін кемінде халықтың 5 пайыз дауысын жинауы міндет дегенді 3 пайызға түсіру керек. Сосын қазір парламентке өткен партиялар ғана бюджеттен қаржы алады. Парламенттік емес партияларға бәсеке алаңында белсенді боп тұруы үшін шетелдердегі сияқты белгілі бір мөлшерде бюджеттен қаржы берілуі тиіс. Міне, саяси партиялардың анық бәсекесіне қажетті осындай алғышарттарды жасамай, «Нұр Отанды» жаңарту мүмкін емес. Ал олар «пәленбай мың жиын өткіздік» деп мақтанудан арыла алмай жүр.

Серікбай ӘЛІБАЕВ, саясаткер: ...СӨЗСІЗ ЖАҢАРАДЫ

– Билік партиясына жаңару өте қиын. Себебі «Нұр Отан» саяси партия емес. Ол – билік жүйесі. Яғни билік пен «Нұр Отанды» басқарып отырғандарды өзгертпей, ештеңе шықпайды. Шындығына келгенде, олар Ата заңды бұзып отыр. Конституцияның 5-бабында мемлекет қоғамдық бірлестіктің жұмысына араласпайды дейді. Ал бұлар быт-шыт қылды. Егер президент партиядан кетсе, әкімдер кетсе, партия таза сайлаумен билікке келсе, онда сөзсіз жаңарады. Ал президент президент болған соң, барлық партияға бірдей тең қарауы керек. Ерекше бір партияға бүйрегін бұруы дұрыс емес. Мұндай жағдайда билік партиясын қанша сүйресең де, ол өрге баспайды.


Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: ЕСКІ КАДРМЕН ЕШТЕҢЕ ЖАҢАРМАЙДЫ

– Кез келген ұйым мен қоғамдық үрдістің жаңаруы дұрыс. Қазір рухани жаңғыру деп жатыр. Ал оны жүзеге асыратын кім? Негізінен, билік орындары, билік партиясы. Елдегі бүкіл саяси, қаржылық, ұйымдастыру тетіктері осылардың қолында. Демек, рухани жаңғырудың іске асуы, бос сөз болып қалмауы биліктің өзіне байланысты. Осы ретте көп мәселе «Нұр Отанға» келіп тіреледі. Халық бұл партияны шенеуніктер партиясы деп біледі. Ел алдында соншалықты сүйкімді де емес. Себебі биліктегі партия мүшелері жемқорлық, қызметін асыра пайдалану істерімен аттарын шығарып жатыр. Осындай жағдайға жеткен соң, жаңармаса болмайды. Бірақ бұл қаншалықты мүмкін? Өздері оған қаншалықты дайын? Менің оған күмәнім басым. Себебі бұған дейін де партия ішінен таза, ашық, айқын, халыққа жақын болу тұрғысынан бірталай науқандар өткізді. Бірақ олары кереметтей іске асып, тәртіп орнап, жемқорлар саны азаймады. Өткен тәжірибені ескеріп, билікке, билікшіл партияға мемлекеттік мүддені қара басының қамынан жоғары қоятын, заман көшінен қалмай, жаңаша ойлайтын азаматтар енбесе, партия халыққа шын мәнінде ашық болмаса, жаңғыру да, жаңару да мүмкін емес. Себебі партияны әдемі құжат, баяндама, жиындар жаңартпайды. Іске берік нақты тұлғалар керек. Билік пен «Нұр Отанның» басында ұзақ жылдан бері бір топ адам өзгермей келе жатыр. Олар керемет болса, жаңғыру мен жаңаруды өткен онжылдықта атқарып тастар еді ғой. Қысқасы, ескі кадрмен жаңашылдық жасау – бірін-бірі жоққа шығаратын түсінік. Жаңару керек болса, айтары бар, ұсынары бар, елге танымал, қолы таза, ары таза, қоғамдық пікірдің басы-қасында жүрген азаматтар билік пен билік партиясына келуі тиіс.
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Тоқтар | 7 қараша 2017 22:42
"Рухани көнеру" деген дұрыс шығар.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті