1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №88 (16274) 2 қараша, бейсенбі 2017
2 қараша 2017
Шал

Ойлап тұрсаң, он қой айдап, айдалада адасқан Тұрсыновтың шалы бақытты екен. Бақытты болатыны – бір өзі адасады. Ал біздің шалдар жалғыз өзі емес, бір қауым елді адастырады ғой кейде. Көңілшектікке салып кейде деп отырмыз ғой, әйтпесе әр ауыл-аудан, өңір-аймақта өріп жүрген шалдардың әрекетін көрсеңіз яки бақсаңыз, жас жаныңыздан түңіліп, «құдай-ау, сонда мені де осындай болашақ күтіп тұр ма?» деп түн ұйқыңыз төрт бөлінеді. Ал шалдарға бәрібір.
Мәселенки, бізде бір шал бар. Ол кісіні енді маңайындағы жалпақтаған жантық топ яки болмаса күні түскен қулар «абызымыз, асқар таудай ақсақалымыз» деп әспеттеп жатады. Сол кісінің ақ сақалының қадірі біраз жылдан бері кетті. Ақ сақалының деппін-ау, о кісіде сақал түгіл, мұрт жоқ. Қойшы, сол шал қазір баяғы үш бидің, қала берді, Бұхардың – бәрі-бәрінің рөлін бір өзі иемденіп алған: сайлау болса ақ серкедей топ бастап, үкіметтің үгітін айтып жүреді; емтихан болса төр басында отырады; ән-күй, би, өлең-сөз, той-томалақ, ас-су бәрінде қазы сол кісі. Әділін қайдам, қазысы – өзі. Бұ кісіге сіз бен біздің сөз жетпейді. Жетпейтіні – биліктің баптап, аялап алақанына салып отырған аяулы шалы. Енді бері қарай түсейік. Әдебиет, театр және басқа өнер салаларында да бір-бір шал бар. Бәрі қудай. Мәлкілдеп, алды таяққа сүйеніп, қырылдап-сырылдап әрең жүр. Сырт көзге жасы еңкейген, бір қарт сықылды көрінгенімен, бұ шалдардың әрекетін көрсеңіз «астапыралла» дейсіз. Мысалы, осы өнердегі шалдар мөлдір тұнық бұлақтың көзін бітеп жатқан бір көлденең дүние сықылды.
Өнердегі сыйлық, сый-сияпат, түрлі дәрежедегі атақ-даңқ, жылы-жұмсақ, жайлы қызмет, жақсы орын, қыл аяғы өнерде бар болуың, жоқ болуың осы шалдарға тікелей байланысты. Солардың көңілі түссе көгересің, жерлесі болсаң желбірейсің, шалдың руынан болсаң тіптен бағың бес елі. Ал шалдардың билігі жүріп тұрған кез келген жерге жаңашылдық, тума талант, адал еңбек, әділ бәсеке, әділ төрелік, еңбектің әділ бағалануы, өнердегі салымына қарай сыйлықтың әділ үлестірілуі дейтін нәрселер мүлдем жат. Содан ба, ел өнердегі жаңашылдыққа, шынайылыққа, бәсекеге, содан шығатын тұшымды дүниеге зар. Ал шалдарға бәрібір. Есебі түгел.
Әдебиетте пәлендей тындырған ештеңесі болмаса да, жоғарының тізіміне ілініп алып, содан түспей жүрген көп шалдың бірі өзінің кезекті бір мерейтойына әкімнің келмегеніне қатты қапаланып, қабағын ашпағанын көрген едік. Сөйтсек, әкімқараға, шен-шекпендіге, министрге жақын болу шал біткеннің бұ дүниедегі ең ұлы мұраттары екен. Бәлкім, бұл жалғаннан алар еншілері де осы шығар, кім білсін.
Әкімдер мен шалдар, асылы, ұзақ әрі қызықты тақырып. Күні кеше әлде ақын, әлде жазушы шал келді. О кісіні осы күнге дейін ақсақал деп жүргенбіз. «Бақсақ, бақа екен» демекші, ақсақал деп құрметтеген адамымыз шал болып шықты. Сондағы шалекеңнің бар мұңы мынау: кейінгі жас әкімдер шалды шақырып, асты-үстіне түсіп күтіп, ат мінгізіп, шапан жаппайды екен. Әкімдер менсінбей кеткен. «Ондай әкім елді қай пұшпаққа шығарады?» деп кейиді. «Елдің қандай қатысы бар?» деп ойланып біз қалдық. Сөйтсек, шалдардың ұғымында елге жақсы қарау шалдарға жақсы қараумен бірдей нәрсе екен ғой. Осындайда еске түседі, бірнеше жыл бұрын әйгілі әртіс шал сахнадан әріптесіне ақшалай сыйлық беріп тұрып: «Алып үйренген адамға берген біртүрлі екен», – деп жұртты ду күлдірген. Шындығында, сол сөздің астарында бүгінгі елдің мойнына мініп алған көп шалдың анық бейнесі жатыр. Елде де ес жоқ қой, ақсақал деп жүргендері әншейін қу құлқынын, атақ-даңқын ғана ойлаған бір тобыр шалдар екенін қайдан білсін!
Анау бір жылы көзі тірі президентке Алматыдағы саябақтың аты беріліп, бақ ішіне ескерткішін орнатты. Ескерткіштің ашылуына бір топ шал келді. Құрдастарын әбден мақтады. Мақтауды асырғандардың ішінде соның алдында ғана депутаттықтан айырылып қалып, қабағы ашылмай, өмірден түңіліп жүрген шал болды. Ай, сол кісінің мақтағанын естіген адам өзін Құдайдан бір кем емес сезінер еді. Мақтау объектісі өзін солай сезінген де болса керек, іле әлгі шал депутат болып кетті. Содан өзінің өлмей кетпейтін депутаттық мансабын қайта жалғады. Қазір парламентте.
Жоғарыда сипатталған шалдарды қоғамдық, елдік деңгейге шығып алған шалдар болсын, баяғы бір жас кезіндегі жақсы артистігін яки болмаса тәуір бір кітабын, я болмаса бір көрімдеу картинасы, тағы сондай бір шын өнер деңгейіне жетпейтін, бірақ жетеғабыл дүниелерін қырық жыл бұлдап жүрген бір топ делікші. Ал енді аймақтағы, одан әрідегі аудандағы белсенді шалдар да айға бата жасап, аспанға қарап жүрген жоқ. Қайбір жылы бір ауданның белсенді шалы өңірдегі тілшіге әкімнің үстінен шағымданып, жер-жебіріне жетіп жамандапты. Тілші шағымды естіп, әкімге хабарласса, әкім шалды танитынын, мінезіне қанық екенін айтыпты. Араға күн салып, әлгі шалға тілші қайыра хабарласса, өзі өлердей жамандаған әкімді жер-көкке сыйғызбай мақтап отыр дейді. Сөйтсе, әкім ол шалды орташалау бір қызметке қойған екен. Шалдардың мұндай «ақсақалдықтарын» айта берсең, «Манас» жыры оның қасында тым шолақ шығарма болып қалады.
Айтпақшы, қоғамдық белсенді шалдардың да өз қызықтары өзінде. 2000 жылдың басында Астана ортасындағы мұсылман зираты сүріледі деген әңгіме шығып, оны қорғап қалуға бір топ белсене кірісіп, жиналып, президентке, үкіметке, қала әкіміне ұжымдық хат жазыпты. Хатқа қол қоюға келгенде белсенділердің бәрі түрлі сылтау айтып, тартыныпты. Ақыры бір-екі қария қол қойыпты. Кейін хатқа қол қойған екі қарттың құлағы естімейтін, саңырау екені анықталады. Міне, шалдардың «қылығы». Оларға замандасын, өзімен бірге жүргендерді табан астында сатып кету, тайқып, жеме-жемге келгенде жалт беріп шыға салу дегеніңіз түк те емес, сөз емес. Осы бірер мысалдың өзі бүгінгі шалдардың сегіз түрлі бейнесінің бір жағын ашқандай болар.
Әйгілі ақын Есенғали Раушановтың бір өлеңінде:
«Ертең шалдар өледі оған дау бар ма?
Сонда біздер айналамыз тауларға», – деп келетін жолдар бар. Сол Есенғали шайырдың өзі алпыстың асқарына шығып, ақсақалдыққа бет алды. Ал тауға айналуға тиісті талай талантты азаматтарды шал уақыт мүжіп, сындырып, алдын аттандырып, артын тіршіліктің көк өгізіне айналдырды. Біз бейнелеп айтқан шалдар болса сол қалпы, ел мен ердің мойнында аяқтары салбырып, сарнап әлі отыр... Сондықтан да қазіргі көзі ашық жұрт сақалын сатқан советтің шалдарын емес, еңбегін сатқан тәуелсіздіктің жастарына сенеді.
Айтпақшы, шалдардың тәрбиесін көріп, өнегесін бойына сіңірген жастау шалдар да бар. Олардың алды елуді еңсерді. Қызмет десе қу жанын сатуға даяр, ас пен тойдың, жиын мен шараның есігін бермей, елге ақыл айтуға келгенде еріндері жыбырлап, бірдеңе дегісі келіп құлшынып тұрады. Мұндай жасамыс шалдар туралы алда тағы жазармыз, тауға айналамыз деп жүріп шау тартып кетпесек...
 

Таңатар ТАҒАН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (6)
1234567890 | 2 қараша 2017 18:39
Əңгімеңіздің басындағы бил-тің аялап отырған "шалын"танып қойдық...өте тамаша жазылған.
шал | 3 қараша 2017 11:07
Таңатар-ау, ат төбеліндей тірі қалған шалдарда не шаруаң бар? Шалдардың бәрі сен айтқандай емес. Жазсаң кемпірлер туралы жаз, себебі олар көп. Статистика бойынша 65 жастан асқан кемпірлер саны тірі шалдар санынан үш есе көп. Ал нағыз шабытың келіп тұрса екеуін қосып жаз.
Парламент | 3 қараша 2017 16:05
"Бәрімізді балапандай баптап, қызғыштай қорғап..." дейді ме?
Есенғали, Антакиядан | 4 қараша 2017 11:15
Əңгімеңіздің басындағы бил-тің аялап отырған "шалын"танып қойдық...өте тамаша жазылған.

Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов деп, ол қырмасақал, кемпірбеттердің аты-жөндерін толық жазғанда, олардың мордиялары қисайып кете ме, я өттері жарыла ма ? !
ҚҚМ | 6 қараша 2017 23:51
Бала-шағасын бұзық болса да ,қызметке өсіріп, келген басшыларды қорқытып жүретін кемпірлерде бар. Аузы жететін жерлерге бұрынғы басшыларды жамандап, ұпай жинап жүретін кемпірлер де бар біздің ҚҚ-да.
Байбөрі | 7 қараша 2017 09:21
Таңатар, дұрыс айтасың, біздегінің көбі кемпірауыз шал, ақсақал жоққа тән.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті