1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №86 (16272) 26 қазан, бейсенбі 2017
26 қазан 2017
Жазу реформасы – ұлттық жаңғырудың бастауы

ХХ ғасырда адамзат тарихтағы алапат зұлматтармен қатар, технократтық өркениеттің шарықтау шегіне жеткен кезеңіне айналды, жақ-жақ болып бәсекелескен қырғиқабақ жүйелердің тайталасы аяқталды, сөйтіп, жаһандану заманына қарай жаппай ойысты. Бұл орайда, қазақы ораммен айтсақ, «асығы алшысынан түскен» тағы да батыс елдері болды. Ғасырдың орта шенінде әлемдегі отар елдер билігін өз қолына алу мүмкіндігі туса, ғасырдың соңын ала советтік (оны кеңес деп қазақтың асыл сөзін қор қылудың қажеті шамалы, «совет» күні келмеске кеткен қоғамның бет-бейнесін толық бере алатындықтан, әлемдегі қалыптасқан үрдіс бойынша қалдырудың мәні үлкен) жүйе лай-топырақтан қаланып, тозып-мүжіліп, жаңбырда омала-опырылып құлаған лашықтай омалып түсті. Ең алдымен советтер ықпалындағы шығысеуропалық мемлекеттер, іле-шала Одақ құрамындағы елдер жаңа экономикалық, саяси түрленіске ұмтылды. Жаңа елдер шынайы ұлттық мемлекеттілікті дамытуға мүмкіндік алды. Бұл орасан үлкен бақты қайсыбірі оңтайлы еңсере отырып, озық өркениеттің есігінен сығалай бастады. Ал советтік кеңестікте жағдай өзгеше: экономикалық, қаржы, өнеркәсіп, технология, инфрақұрылым саласында қордаланған тауқыметтер мен советизмнің салдары біртіндеп мысқалдап шығып, өз шешімін тауып жатыр (табысы мен опық жеген тұстары, оған әсер еткен ішкі және сыртқы факторлардың өзара үйлесімін теңгере отырып жеткен жетістігі де жоқ емес). Соның бірегейі әрі маңыздысы – десоветизация үрдісі.

Алайда әлемдік үрдістің көшіне ілесу үшін мемлекет басшысы ұстан¬ған экономикалық реформалардан соң, кезекті бір сатысы – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ұлттық стратегиялық қадам екендігі даусыз әрі тарихи үлкен міндет жүктейтін іс. Сол ұлы үлкен мұраттың басты әрі бірегей міндеті – қазір Қазақстан қоғамының қызу талқысына айналып отырған жазуды алмастыру мәсе¬ле¬сі. Тарихқа көз жүгіртсек, орта ға¬сыр¬ларда мемлекеттіліктің жаңа сапа-лық деңгейіне ұмтылған елдер дін және календарь реформасына мән берсе, жаңа кезеңдегі елдердің рухани құндылыққа, дәлірегі жазу мен тіл реформасына, барынша ден қоятындығын байқаймыз. Демек, жазу мен тіл реформасы мемлекет дамуының эволюциясынан туында¬ған, пісіп-жетілген, көкейкесті, өске¬лең қоғамның сұранысы екендігінде дау жоқ. Ол әрі өркениетке жақындау, ең бастысы – ХХ ғасыр ортасында зорлықпен таңылған советтік қитұр¬қы саясаттың зардабынан арылу, яғни десоветизация шарасының бірі. Шынтуайтында, бұл үрдісті деколонизация деуге лайық. Себебі түсінік¬ті, қызыл жүйе патшалық отарлаушы саясатты өзгеше сипатта ары жал¬ғас¬тыр¬ғаны өз алдына, кезінде орыс миссионерлері біртіндеп қолға алса да, толық еңсеріп үлгермеген кириллица немесе әлемдегі қалыптасқан түсінік бойынша, славян жазуына өткізе алмаған еді. Советтер онсыз да күйіп тұрған халық наразылығымен санаса отырып, алдымен латынға, онан соң қазіргі жазуға өткізіп тынды. Оның сан алуан себептерімен қатар, ең бастысы, латын мен славян жазуы бір-біріне етене жақын негізгі таңбалардың сұлбасы, жазылу бағы¬ты жақын болып келеді. Сондықтан латын жазуына өтсек, сауаттылығы¬мыз төмендейді деген ағайынның уәжі мүлдем орынсыз.
Латынға өттік екен деп 75 жыл бойы жарық көрген әдебиеттерден бас тартудың реті жоқ және оларды қайтадан басып шығарудың қажетті¬лігі шамалы. Себебі латын мен славян жазуы арасында, жоғарыда айтып өткеніміздей, бар болғаны бір¬не¬ше қаріптің елеусіз ғана айырма¬шы¬лығы бар. Демек, екі жазу біраз уақыт қатар қолданыста болатын сыңайлы, ресми болмаса да, білім, ғылым саласында. Латын жазуын сауатын жаңа ғана ашқан бала болмаса, ересек қазақ контексте оп-оңай түсініп, бірнеше жол оқығаннан соң төселіп кетері анық. Себебі латын мен кириллица жазуы армян, гүржі (груз), корей, қытай, жапон, корей жазуы, араб, иудей сияқты мүлдем өзгеше жүйедегі жазу емес, бір-біріне өте жақын.
Қолданыстағы жазуда қала бермей, латын жазуына өту қажеті қанша деген сауалдың жауабы өте қарапа¬йым әрі әлемге аян жайт – адамзат¬тың озық ғылым мен техникалық ба¬сымдылыққа, ақпараттық техноло¬гия¬лар¬дың зор қарқынмен қарыштап отырған батыстық стандарттарға икем¬делуге мәжбүр екендігімізді пікір білдірушілер айтудай-ақ қадап айтып жатыр. Латын жазуы әлемнің 112 елінде, бес құрлығында жаппай қолданыста, тіпті иероглифтер пен араб жазуы қолданыстағы елдердің өзінде ресми екінші жазу ретінде мой-ындалған. Ал славян жазуы бар болғаны шығыс славяндар мен бұ-рынғы Югославия құрамындағы бірнеше елде және Моңғолияда ғана қолданылады.

ПЕРНЕТАҚТА ӘЛЕГІ НЕМЕСЕ ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДАРДЫҢ УӘЖІ
Жуықта латынды клавиатураға негіздеп енгізуді қолдайтын бір техника маманы мынадай уәжін алға тартты: егер айтқанымыздай қабылданса, типографиялық 825 шрифт үлгісін базалық латын әліпбиімен сол күйінде қолдана береміз-мыс. Яки «дайын асқа тік қасық» болып тоғышарлық сана. Бұл ана тілімізге үлкен қиянат болатын салдарымен санаспаймыз ба? Салыстыру үшін қараңыз: Балтық бойы, Скандинавия және Шығыс Еуропаның шағын мемлекеттерінде мұндай пікірге қарсы өре түрегелер еді. Ал бізде ше, әлі де жаңғыра алмай отырған, әлсіз ғылыми орта мен солғын зиялылық ондай қадамға бара алмай отыр. Екінші жағынан, медиакратия үстемдік құрған тұста ақпаратшылардың пікірі өтімді. Жұрт байыбына бара алмай аңтарылып отыр. Тағы бір фактор – ұлы Абай заманындағы «Николайдың иісі осы елде тұр». Демек, жаңғыру керек, тағы да жаңғыру.
Мәселе, қалай жаңғыруда. Прагматик Еуропа құрлығының 1,5-10 млн тұрғыны бар шағын елдер пернетақта үшін деп ешбір артық шығынға бармай қалған жоқ. Мысалы, мадияр (венгр) тілінде 40 әріп, оған қоса, кірме сөздерде кездесетін төртеу, барлық 44 (!) әріпті пернетақтада таңбалау, типографиялық, ақпараттық мәселелерді шешіп отыр. Елдің ішкі жалпы өнімі мен халық саны Қазақстаннан төмен екендігін ескерсек, бұл мәселеде ажиотаж жасап, алауыздық танытып, тартысудың реті жоқ. ХХ ғасыр соңында жазу реформасын жасаған Өзбекстан сол кездегі ақпараттық технология мүмкіндіктерінің шектеулігіне байланысты біршама қиындықтарға тап болды. Естуімізше, тіл зерттеушілерімен санаспаған. Әрі ол кезде шрифт шектеулі, тіпті компьютер бағдарламасы әзір ұмыт болған Пентиум-1, 2 дегенде, қуаты да шектеулі еді, дискет деген ұғым бүгінде архаизмге айналды.
Тағы бір ескерілетін мәселе, Қазақстанның халықаралық қауымдастықта өзі бастамашы болған істерден туындаған міндеттерін ескерген жөн. Бұл орайда, 1990 жылдардағы түркітілдестердің ортақ қарекетінің нәтижесі есептелінетін – 34 таңбадан тұратын ортақ түркі әліпбиін ұмытпауымыз керек. Еуразияның орталық белдеуіндегі апайтөс өңірдің иесі, көшпелілер өркениетінің мұрагері, исі түркінің «қарашаңырағы» деп мақтанатын тарихи-мәдени миссияны тәрк етпеуді ойластырған жөн сыңайлы.
Үшіншіден, жаһандану үрдісіне ұлттық бет-бейнемен кіретіндігіміз анық болса, онда, амал жоқ, ана тіліміздің табиғатын даралайтын Ә, Ү, Ұ, Ө, І сияқты дауыстылар мен Ң, Ғ сияқты дау туындатып отырған дауыссыздарды олардың фонологиялық ерекшелігіне, тұтынуға қолайлы, ең бастысы, лингвистикалық заңдылықтарға сай етіп таңбалаудың танымдық мәні үлкен. Бұл орайда, президенттің ширек ғасыр бойы әспеттеп келе жатқан «түркі әлемінің бірлігі мен ынтымақтастығы саясатын ескере отырып, осман түркілерінің латын нұсқасындағы аталмыш дыбыстарға лайық Ö, Ü нұсқадан әріптерін қабылдауға мәжбүрміз. Бағымызға қарай, қазақ тілінде басқа тілдердегідей A, Á, I, Í, О, Ó, Ö, Ő, U, Ú, Ü, Ű сияқты созылыңқы дауыстылар жоқ. Әйтпегенде тіл дауы тәрізді жазу таңдау мәселесі ширек ғасыр болмаса да, бірнеше жылға созылып кетуі кәдік.

ҚАЗАҚЫ ЖОЛМЕН ШЕШУ НЕМЕСЕ «ШЫМШЫҚ СОЙСА ДА, ҚАСАПШЫҒА» ЖҮКТЕГЕН АБЗАЛ
Ең алдымен латын әліпбиі емес, жазуы екендігін, ал оның қазақы әліпби нұсқасы туралы сөз болып отырғандығын айтып өтелік. Тіл мәселесі қоғамдық-гуманитарлық пәндердің зерттеу нысаны екендігі аян болса, ең алдымен технарлар тура тұрып, кәсіби мамандардың, айталық Әлімхан Жүнісбек сынды өмірін тіл біліміне арнаған ғалымдардың уәжімен келісу абзал. Әйтпегенде тіл деген киелі құбылыстың қаһарына ұшырасақ, онсыз да шатқаяқтап тұрған ана тіліміз бен діліміз солғын тартатындығы өз алдына, туыс халықтардан алшақтағанның үстіне алшақтап, орны толмас қателіктерге жол беруіміз бек мүмкін. Тілдік заңдылықты техникаға (немесе клавиатураға) икемдеуге болмайды, керісінше, «техниканы тілге икемдеу керек» деген ғалым Анар Фазылжанованың шырылдаған айқайын ең алдымен ескеру керек.
Түркітануда әлем көп салада (этимологиядан басқасында) қазақ тіл зерттеушілерінің уәжімен санасады. Себебі 10 томдық түсіндірме сөздік, кейінгі 15 томдық әдеби тілінің сөздіктері тек қазақ тілінде ғана бар. Олар тағы да 20, тіпті 25 томды жоспарлап отырғандығы, қазақ тілінің корпусына қатысты өте ауқымды ғылыми-зерттеуді қолға алмақ екендігі туралы әңгімелер айтылып жатыр. Жазу алмастыру, сапалық деңгейін жақсарту дүкендердегі витрина алмастыра салатындай «таңба алмастыру емес» екендігі аян. Оның артында толып жатқан ұзаққа созылатын (Еуропа елдерінде тіл жаңарту үрдісі ондаған жылдарға созылған) тіл реформасы тұр. Емле, терминология, орфография, тіл әуезділігі, транскрипция, лексография (үлкен ағылшынша-қазақша сөздіктің жоқ екендігін айтудың өзі ұят) және т.б. салаларға ауыр жүк артылмақ. Тіпті атау сөздерді орыс-славяндық нұсқадан өзгеше нұсқаға икемдеудің өзі бір машақат туындатары сөзсіз. Мәселен, ономастикада үлкен өзгерістер күтіледі, жер-су, адам аттарын түпнұсқада жазуға көшеміз. Ал халықаралық терминдерді жазу ережесі мүлдем өзгереді. Айталық, реконструкция деген ұғымды reconstruction деп ағылшынша немесе реконструкцион деп қабылдаймыз ба, бұл келесі мәселе... Жуықта Ш.Ш.Уәлиханов атындағы институт ұйымдастырған алқалы басқосуда айтқан пікірімізді қайталауға тура келеді: көптеген тіл мамандарының, соның ішінде академиялық тіл білімінің ұстаханасына айналған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының кәсіби мамандарының ұсынысын, ғылыми дәйектелген пікірін қолдаудан басқа амал жоқ.

ДИГРАФ ПЕН АПОСТРОФТЫҢ ӘЛЕГІ МЕН САЛДАРЫ
Тағы да, ұлы Абай айтқандай, «қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» екендігін тілшілер мен сөз ұстағандар, аудармашы тәржімандар жақсы біледі. Қазақша екі бет мәтінді орысшаға аударсаңыз 10 пайызға, ал ағылшынға тәржімаласаңыз 15 пайызға шолтиып кетеді. Себебі өзге тілдер нормаланғаны өз алдына, тілімізде агглюнативті сипаты мен сингормонизм үйлесімділігіне байланысты деп түсінеміз қарабайырлап. Олай болса Тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік орталығы деп аталатын МЕО ұсынған жобаның бұқараның ой үдесінен алшақ қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігі мен сөздің әуезділігіне, тіпті ары кетсе халықаралық транскрипция ережесіне сай келмейтін тұстары шаш етектен. Мысалы, әңгүдік әңгіме деген тіркесте әлгі нұсқа бойынша aengguedik аеngime болып шығады. Бұл таңба түгіл, сөздің буынын ажыратуға қиындық тудыратыны, сөйтіп, оның танымдық әуселесін азайтатыны (бұл сауатсыздыққа бастайтын тенденцияға айналуы кәдік) өз алдына, қазақтың онсыз да ұзын сөзін одан бетер ұзарта түседі. Себебі белгілі, тілімізде дауыстылар, соның ішінде төл дыбыстар сингармонизм заңдылығы бойынша жиі қайталанатындықтан, көп дауысты дыбыс таңбаларынан көз сүрініп, түсіну түгіл, оқуға, буынын ажыратуға қиындықты үстемелей түседі. Салдарынан бір-екі ұрпақ алмасқан соң, өткен ғасырдың қазағын түсінбейтін күйге түсуі бек ықтимал...
Оның айқын мысалы осыдан ширек ғасыр бұрын Моңғолияда қолға алынған (қазақтар секем алып, атажұртқа көбірек ағылуына себепкер болған) көне ұйғыр жазуына көшу науқаны көп ұзамай тығырыққа тірелген еді. Себебі сөз болып отырған жайтқа ұқсас, созылыңқы дауыстыларды таңбалауда қосарланған дифтонг, тіпті трифтонгларды алмастыратын буындар қазіргі моңғол тіліне жат себепті түсінуге, оқуға екіталай қиындық тудырды. Нәтижесінде 2-сынып оқушысы минутына кириллицаға қарағанда екі есе аз сөз оқитын, түсінуі екіұдай халге жеткен соң, бұл жазу реформасынан бас тартты. Дегенмен көне жазу да өз маңызы мен қолданысын жоғалтқан жоқ. Тіпті мадияр руна жазуы Венгрияда кең қанат жайып келе жатқандығын айтуымыз керек. Демек, түркі рунасын да қосарлай жанама қолданысқа енгізетін заман да алыс емес деуге болады.
Тіл ұлттық прогресс кепілі болса, жазу алмастыру оның тетігі екендігі аян. Сондықтан салқын ақылмен мың ойланып, қырық рет кесіп талқылап, тәжірибе жасап, оңтайлы шешімді күткен істе мынадай тәжірибе жасап көрсек деймін. Газет бетіндегі белгілі мәтінді ұсынылып отырған әліпби нұсқаларымен беріп отырса дейміз. Жұрт оқып, талқылап, пікірін айтсын және тіл білімі мамандарымен қоса, социолог, философ, педагог, психолог және т.б. кәсібилер тәжірибе жүргізіп байқасын. Нәтижесі сонда шынайы болмақ. Пікірлердің дәйектілігі мен уәжі сонда ғана белгілі болады.
 

Бабақұмар ХИНАЯТ, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Моғол | 29 қазан 2017 10:25
Қазақстстан билігі еліміздің ғалымдарымен қазақ халқымен санасуы керек.Кезіндегі жазу реформалары(1929 ж. латын жазуы және 1940 ж. кирилица) қазақ халқына жоғарыдан жүргізілді,бүгінде солай болып тұр.Апострофпен берілген екінші нұсқа жазуға ыңғайсыз,сөзді ұзартып жібереді.Жаңа латын алфавитінде қазақтың 4-5 дыбысы диакретикалық таңбамен таңбалануы керек,қалған 3-4 дыбыс диграфпен таңбалануы керек.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті