1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №86 (16272) 26 қазан, бейсенбі 2017
26 қазан 2017
Медсақтандыру қызмет сапасын қалай жақсартпақ

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде ем қабылдаушылар жоғары технологиялы операциялар жасатуға, ауруханаға жатып емделуге, анализ тапсыруға мүмкіндік алады. Денсаулық сақтаудың жаңа үлгісі ауруды ерте анықтап, оның алдын алуға ден қояды» дейді мамандар. Денсаулық сақтау саласындағы белгілі сарапшы Серік Тәңірбергеннің айтуынша, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін дәрігерлер пациенттерге сапалы көмек көрсетуге мүдделі болады. Медицина мамандары алдына келген адамды емдеп жазуға, тиісті дәрігерге жолдама беруге тырысады. Өйткені ақша ем алушының соңынан жүретін жаңа жүйе ұлт денсаулығын жақсартуға және аурудың алдын алуға негізделеді.
«Жасыратыны жоқ, қазір «МӘМС енгізілгеннен кейін ота жасатуға немесе тексеруден өтуге жолдама алу қиындайды» деген пікірлер де жоқ емес. Мұндай пікірлердің еш негізі жоқ» дейді маман.
Сақтандырудың қазақстандық үлгісінің әлеуметтік аталу себебі де тегін емес. Өйткені бұл жүйеде МӘМС қатысушыларының төленген жарна мөлшеріне қарамастан, бірдей пакет ұсынылады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры табыс табуды көздемейді және жинақталған қаражат дені сау ұлт қалыптастыруға жұмсалады.
«Жалпы, сақтандыру жүйесінде адамдардың денсаулығы мықты болғаны маңызды. Бұл денсаулығы дұрыс адамдардың есебінен сырқаттарды емдеуге көбірек мүмкіндік береді. Оның ортақ жауапкершілікке негізделген әлеуметтік сақтандыру атануы да сондықтан. Мәселен, қазір бізде балалар медициналық көмекті мемлекет есебінен тегін алып отырады. Қазірден бастап өскелең ұрпақтың денсаулығына көңіл бөліп, оларды салауатты өмір салтын ұстануға баулитын болсақ, ауырмай өседі. Есейгенде жұмыс істеп, өзі үшін ақы төлегендердің алдындағы қарызын өтей бастайды», – дейді С.Тәңірберген.
Ортақ жауапкершілік дегенді қазақтың ежелден келе жатқан асар дәстүріне теңеуге болады. Адам болған соң «бас ауырып, балтыр сыздамай» тұрмайды. Бүгін сен біреу үшін төлесең, ертең сенің еміңнің ақысы басқалардың жарнасы есебінен өтеледі. Азаматтардың бәрі жарнаны шама-шарқынша төлейді, бірақ білікті медициналық көмекті жасына, жарнасының көлеміне, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, теңдей ала алады. Тек медициналық сақтандыру қорына жарнаны уақтылы төлеп тұрса болғаны. Және жаңа бағдарламаға қаншама көп адам қатысса, медициналық қызметтерді де соншалықты көп сатып алуға мүмкіндік туады.
«Дәрігерлер пациенттерге қолдан келгенше көмек көрсетуге, тиісті жолдамасын жазып беруге тырысатын болады. Өйткені жүйе пациенттерді емдеп жазуға мүдделі. МӘМС-тің мақсаты – аурудың алдын алу арқылы салауатты ұлт қалыптастыру. Қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаған. Шынында, меңдеген сырқатты емдегеннен гөрі оның алдын алған әлдеқайда тиімдірек. Көрсетілген қызметке ақы төлеу тәсілдері сынды қаржылық реттеу құралдарының да сапаның артып, дәрігерлердің пациентке жылы қабақ танытуына ықпал етері даусыз», – дейді маман.
Сарапшының пікірінше, дәрігер «пациент жарна төледі ме, төлеген жоқ па?» деген сұраққа бас қатырмауы тиіс. Медицина қызметкерінің міндеті – көмек көрсету, қалғаны басқа мамандардың мойнындағы шаруа.
«Әркім өз шаруасын білуі керек. Дәрігер «ақша азайып кетпес үшін пациенттерден айырылып қалмау» жағын ойламауы керек. Бұл басқа деңгейдегі мамандардың міндеті», – дейді Серік Тәңірберген.
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Хатиджа Алиева | 29 қазан 2017 21:47
біздің қазақтардың бір жаман жері - ауруымыз асқынып, ең ауыр жағдайына жеткен кезде ғана больницаға барамыз, аурудың алдын-алып врачқа каралу, профилактикалық емделуден өту әдеттері әлі қоғам арасына таралмаған. Медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін бәрі керісінше болады деген үлкен үміт бар
Айжан | 31 қазан 2017 15:20
Медициналық сақтандыруға әрбір жетілген мемлекет келеді деп ойлаймын. Біздің қазіргі таңда осы мәселені көтеріп отырғанымыз орынды. Медицинамыздың сапасвын жақсарту үшін оны нарық замамына сай ету керек. Осы салық дәл соған үлгі.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті