1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №86 (16272) 26 қазан, бейсенбі 2017
26 қазан 2017
«Алтын безгегі» келе жатыр немесе біздің елден үш жылда рокфеллер шыға ма?

Көзі ашық оқырман «алтын безгегінің» не екенін «Жабайы батыс» сериалдарынан, Сібір кеніштеріндегі байлық іздеген жанкештілер туралы орыс киноларынан жақсы біледі. Ондағы адамдарды адам деудің өзі күнә сияқты. Байлық пен алтын іздеген, ар-ұятты ұмытқан өңкей азғындар ғана. «Бәрі де байлыққа құмарлық¬тың әсері» дейді оны салауатты сана. Яғни алтынның буы. Алтынның буынан есі ауғандар түрлі жауыздыққа, азғындыққа ойланбастан барып жатады. Бұл жағымсыз құбылысқа өркениетті әлем «алтын безгегі» деген ат қойды. Ал безгегіңіз – қатерлі эпидемия, бір басталса жаппай қырғынға ұшыратпай басылмайтын кесел екенін адамзат жақсы біледі.
Сонымен, соңғы дәуірде жақсылы-жаманды небір оқиғаны бастан кешкен Қазақ елінің тағы да бір бұқаралық си¬пат¬тағы оқиғаның қарсаңында тұрғаны аңғарылып қалғандай.
Ол – безгек. Жай ғана безгек емес, кәдімгі көрден тұрған аруақтай ХVІ ғасырдағы конкистадорлардың рухымен тірілген «алтын безгегі».
Шынтуайтына келгенде, сонау испан конкистадорлары дәуірінен басталған астыртын алтын өндірісінің күні бүгінге дейін бір сәт тоқтамағаны және рас. Әрі бұл солақай құбылыстың Қазақстанға да қатысы бар. Қанша күш салса да, үкіметтің жасырын алтын өндірісіне тоқтау сала алмағаны да белгілі жайт.
Оның мысалы да жеткілікті. Ақмола облысында кезінде топырағын түртсең алтын шығатын Бестөбе, Байүлесті деген кеніштер болған. Соңынан жабылған. Ақиқатында, «жабылған» деген жай ғана сөз. Жергілікті старательдер, яғни жасырын алтын өндірушілер жабылған кенішке астыртын түсіп, кәсіптерін бұрынғыша жалғастыра берген.
Қазіргі нарық билеген заманда «қар¬ға¬ның қара сирағын қаржыға айналдыру» сияқты небір амал-айлалар жасалып жатады. Сол сияқты Қазақстан үкіметінің де таяудағы болашақта алтын браконьерлігінің алдын алу үшін жасырын алтын өндірісін заңдастыруы мүмкін.
Оның үстіне жақында ғана банк салым¬шы¬ларының қаржысын алтын құйма түрін¬де сақтауы да заңдастырылды. Қа¬зіргі қаржы дағдарысы жағдайында ол қисынды, әлбетте.
Қазіргі таңда «алтын безгегіне» әкеліп соғуы әбден ықтимал жасырын алтын өндірісін заңдастыру мәселесі салауатты сананы әрі-сәрі ойға жетелеп отырғаны өтірік емес.
Десек те, әңгіме көтеріліп қалды. Бас¬қаша айтқанда, алдағы уақытта жеке старательдердің алтын өндіру лицензиясын алу процедурасы жеңілдетілмек. Сол арқылы браконьерліктің алды алынбақ.
Алда-жалда мәселе оңтайлы шешілсе, алтынды жеке өндіру лицензиясын үш-ақ күннің ішінде алуға болады. Әрі оны беретін өкілетті орган – жергілікті әкімшілік. Қазақстан әкімшіліктерінің жайы және белгілі. Ақша берсең болды, оларда бітпейтін шаруа болмайды. Бұған дейін алтын өндірісіне лицензия алу үшін бақандай жеті жыл уақыт кететін. Себебі процедура жан-жақты тексеріліп, заңдастырылатын.
Жасырын алтын өндірісін заңдастыру мәселесі шешілсе, лицензия иесінің бір жылда салық төлеместен 50 келі алтын өндіруіне мүмкіндік ашылмақ. Ал рұқсат етілген өндіріс орнының аумағы бес гектар шамасында болмақ.
Бұл жерде 2002 жылдан бастап Лондон қор биржасындағы нарқы ресми доллардан асып түскен сары алтынның қазіргі бағасы мен бағамын айта кету парыз. Соңғы деректер бойынша, бір келі алтынның қазіргі құны теңгеге шаққанда 14,2 миллионға жетіп жығылады. Ақша ма? Болғанда қандай!
Соған қарағанда ықтимал жағдайда алдағы уақытта алтын өндірушілер табысы¬ның қасында қазіргі мұнайшының табысы да түк болмай қалатын түрі бар сияқты.
Әзірге мәселе «Табиғи шикізаттарды пайдалану туралы» кодекске енгізілер ұсыныс түрінде ғана. Дегенмен билік мә¬селені оңтайлы шешуге бел буғанға ұқсайды.
Дәл осы жерден туындайтын тағы да бір сауал бар. Әрине, алтын – сирек кез¬десетін металл. Жер бетінің бәрі тұнып тұрған сары алтын емес. Мәселе алтыны бар өңірлерге ғана қатысты. Ал сонда Қазақстанның қай өңірлерінде алтын көп?
Іс жүзінде қазақ топырағының кез келген тұсын түртіп қалсаң алтын табылады деседі білетіндер. 2014 жылы жасалынған Қазақстандағы алтын кеніштерінің картасына көз жүгіртсек, елімізде алтыны мол негізінен үш аймақ барын аңғаруға болады. Оның біріншісі – түсті металы көп Шығыс Қазақстан. Ондағы алтын қоры 533,5 мың келі, яғни 22 миллиард доллар тұратын бағалы металл.
Екінші орында 259,9 мың келі алтыны бар Ақмола облысы тұр. Ондағы алтын қорының жобалы бағасы 11 миллиард долларды құрайды.
Алтын Қарағанды өңірінде де бар¬шылық. Бас-аяғы Қазақстан бойынша алтын қоры 1159 тонна деп есептелінеді. Ал оны қаржыға айналдырсақ, 50 миллиард долларға жуық болып шыға келмек. Қазақ елінде барлығы 293 алтын кеніші бар деген есеп келтіріледі. Алтын өндірісіне лицензия берілген жағдайда ондай кеніштердің саны арта түсетін түрі бар.
Жасырын алтын өндірісі заңдастыры¬лып, бағалы металл алуға жол ашылса, оған әлемнің әр қиырынан жұмыссыз жүргендердің ағылуы да әбден мүмкін. Оны да жоққа шығаруға болмайды. «Табиғат байлықтарын пайдалану туралы» заңның 29-бабында «Табиғат пайдалану құқығын алған субъектілердің қазақстандық және шетелдік жеке және заңды тұлғалар болуы мүмкін» деп жазылған.
Демек, жасырын алтын өндірісі заңдас¬тырылса, келімсектердің астында қалатын түріміз бар-ау.
Осы мәселеге байланысты жұртшылық пікірінің екіге жарылып отырғанын да айта кетуге тиіспіз. Біреулер мұндай жағдайда заңсыз алтын өндірісі, яғни мемлекетке кіріс бермейтін өндіріс азаяды, одан мемлекет ұтады, сондай-ақ аймақтардағы жеке старательдердің жұмысы жанданады десе, енді біреулердің аузы «ресурстарды игерудің мұндай еркін механизмі ел экономикасының әлсірегенін көрсетеді» дегенге дейін қисаяды.
Ондайлардың алға тартар бір уәжі – елдегі уран мен мұнай сияқты пайдалы шикізаттардың шетелдіктердің басқаруында екендігі. Оны да жоққа шығару қиын. Есесіне қазақ алтыны әзірге шетелдік байлардың анау айтқандай назарын аудара қойған жоқ.
Айтылған мәселе заңдастырылған жағдайда, алтынмен қоса, басқа да бағалы металдардың жасырын өндірісі заңдастырылуы мүмкін. Дәл осы жерде «біздің елде бағалы металдар санатына қандай пайдалы қазбалар жатады?» деген сауалдың туындауы да заңды. Қазақстан Республикасының «Бағалы металдар мен бағалы тастар туралы» заңында бағалы металдар санатында алтын, күміс, платина және платина тобындағы палладий, иридий, родий, рутений мен қорғаныстық маңызы зор осмий көрсетілген.
Жасырын алтын өндірісінің заңдасты¬ры¬луына қарсы топтың айтар тағы да бір уәжін көрсетуді парыз санадық. Олар «алтын өндірісі заңдастырылған күнде де оны жаппай жүзеге асыратын экскаватор немесе механикалық қазу аппараттары екінің бірінде бола бермейді. Сондықтан алтынды қолмен өндіретін ұсақ старательдер мәселесі бұл арқылы да шешіле қоймайды» деген пікірде.
Оның үстіне лицензия берілген күнде де оның заңды күшін жоймайтын уақыты өте қысқа. Яғни үш-ақ жыл. «Ал мұндай жағдайда өндірісті өркендетуге уақыт жетпейді» деп есептейді олар.
Қысқасы, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайында өзіндік орны бар тағы бір мәселенің шеті көрінген жайы бар, ағайын. Басқаша айтқанда, байығың келсе – жер түрткілеп алтын ізде, қазақ! Бүгінгі қоғамдағы ең басты әңгімелердің бірі осыған саяды. Әсіресе ондай тенденция Ақмола, Шығыс Қазақстан сияқты өңірлерде басым болып тұр.
Браконьерлік алтын өндірісін заңдас¬тыру туралы әңгіме былтырғы жазда бір шығып басылған. Онда өзендердегі алтын құмын қолмен шаюға рұқсат берілуі туралы әңгіме болды. Әрі ол алтынды өңірлерге ғана қатысты еді.
Қазіргі жағдайда экология мен топы¬рақ қабатын қорғау жайы да ескері¬летін сияқты. Атап айтқанда, алтын өндірушілердің жерді үш метрден терең қазуына әрі қандай да бір химиялық тәсіл қолдануына рұқсат етілмейтін көрінеді.
Міне, соңғы кездегі елеулі жаңалық¬тардың бірі осы. Несі бар, бұл да төл валютасы құнсызданып, экономикасы сыр бере бастаған елдің жандалбаса әрекетінің бірі болуы әбден мүмкін.
 

Өмірзақ МҰҚАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
негізінде | 27 қазан 2017 12:23
Алтын-асыл металл. Азбайды. Көз тартымды. Ол ғаламшар үшін қажетті құрамдас бөліктің бірі.Асыл тастар шыны сияқты, тек құлпыруымен құнды.Жалпы,жерді боршаламай да аштан өлмей тұқым қалдыруға болады.Дейді.Ақырзаманға асығудың амалы-жерді боршалау, сату, жын-ойнақ.
Рамзан | 30 қазан 2017 10:03
Бәрінен бұрын табиғат және сол жерлерде тұратын халық зардап шегеді.Бұл рұқсатты бермес бұрын аудандарда жабылып қалған экология бөлімдерін ашу керек әр ауданда кемін бес алты маман мықты техникамен жабдықталған және құқық қорғаушылармен біріккен топтар құрылуы керек. Химиялық неше түрлі қосындыларсыз алтынды ешкім айыра алмайды және ол көрінген жерге төгіліп жер асты сулары арқылы халықты жануралар әлемін улайды, қылмыс әлемі өкілдері бақылауға алуға ұмтылады
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті