1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №69 (15527) 1 қыркүйек, сәрсенбі 2010
"Жас Алаштың" музыкалық қосымшасы.
1 қыркүйек 2010
«Терiскей» әнi қалай жазылды?

Шәмшi Қалдаяқовтың туғанына – 80 жыл

“Қазақ вальсiнiң королi” Шәмшi Қалдаяқов Созаққа жиi келетiн. Осындай сапарларының бiрi 1986 жылы болды. Сәуiр айының орта шенiнде: “Ауданға Шәмшi келiптi, ел аралайды екен”, – деген сөздi естiп елеңдестiк. Сөйтсек, Шәкең мен досы ақын Сабырхан Асановты сол кездегi аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Досыбай Шерiмқұлов: “Созақ-Терiскей елi туралы бiр жақсы ән шығарып берiңiз”, – деп шақырған екен. Ол кезде сырттан келген меймандарды озат шаруашылықтарға апаратын әдет бар-тын. Аудан басшылары мал төлдетуден қатарынан үш-төрт жыл озат болып тұрған Энгельс атындағы совхозға бағыттапты. Сөйтiп, Шәкең мен Сабырхан ақын 19 сәуiр күнi түске таяу совхоз директоры Айтбек Есен­құловтың үйiне түседi. Айтекең менiң ағам, кiсiлердi мен қарсы алдым. Меймандар дайындалған бөлмеге жайғасқан соң ағам: “Кiсiлердi танитын шығарсың”, – дедi менi сынаған сыңаймен. Қай кезде де ағамның алдында имене сөйлейтiн едiм. Шәкеңнiң рухы көтерiп жiбердi ме, әйтеуiр арқаланып: “Бұл қай сөзiңiз көке! Шәкең дегенде бүкiл Тұран тiк тұрмай ма? Асықпасаңыз, әлi әлем мойындайды. Сәкең де солай”, – деп қойып қалғанымды өзiм де сезбей қалдым. Жастыққа қисайып жатқан Шәкең түзелiп отырды. Менiң “Тұран” деген сөзiм ерекше әсер еттi ме, бiр сәт үнсiз қалды. Шәкеңнiң ықыласын сезген ағам менi таныстырып, бiр көтерiлiп қалды. Менiң “Лениншiл жас” газетiнде, қазақ радиосында қызметкер болғанымды есiткен екеуi менi еркiн әңгiмеге тартты.
– Әй, жорналшы бала, басқаға айтқан басқа, саған айтқан басқа. Ана тiлiмiзде “ата”, “көке”, “әже” деген тамаша сөздер бар екенiн бiлесiң. Сен әлгiде ағаңды “көке” дедiң. Сiрә, әкеңдей болған болу керек. Тiптен жарасып тұр. “Көке” деген көк дегендi бiлдiредi ғой. Ал көкте тәңiрi, сонда “көке” дейтiн әкемiз көктегi тәңiрден кейiнгi адам болып көрiнедi. Бүгiнгi бала осыны ұмытты, “папа” дейдi. Осы “папа” ақсақал болғанша қалмайды. Тағы да “ассалаумағаликум – Алланың нұры жаусын, уаликмсалам – сiзге де Алланың нұры жаусын” деген мүлдем қолданудан шығып барады. Оның орнына “саламат па?” деймiз. Бай­қаймын, тiптен кейiнгi жастар “қалайсыз?” деп амандасады. Мұғалiм екенсiң ғой, осыны мектептен бастау керек, – дедi жаймен. Осы кезде совхоз басшылары, ауыл адамдары сау ете қалды. Бәрi де: “Саламатсыз ба, Шәке?” – деп амандасып жатты. Амандық-саулық сұрасып, келгендер жайғасқаннан кейiн: “Үлгiнi үлкеннен алады жастар. Мiне, көрiп отырсың ғой, әй, бала! Әлгi айтқанымды есiңе мықтап ұста...” деп ду-ду әңгiмеден Сабырхан ағаның қасында қалып қойған маған бұрылды. Кiрiп-шығып, сапырылысып жатқандар мұны елей қоймады. Әлгiде өзiм де: “Саламатсыз ба?” – дегенiм есiме түсiп, ұялғаннан төмен қарап шығып кеттiм.
Шаймен келген жеңiл тамақтан кейiн басшылар меймандарды Қарақұрдың тамаша табиғатына серуендеуге алып кеттi. Олар таудан түс ауа оралды.
Сырбаз бен Сабырхан аға сабырлы, ерекше көңiлдi екен. Дабырласқан көпшiлiктен сытыла, бөлiнiп шыға бердi. Қолпаштағысы келген кейбiреулердi Сәкең ыммен қайтарды. Түсiнгендер үйге кiрiп кеттi. Есiктiң алды жемiс ағаштары егiлген бақ болатын. Таза ауамен кең тыныстанып, сол жаққа аяңдады.
– Дәм дайын болғанша дем ала тұрсын таза ауада, сосын үйге әкелерсiң. Байлаулы ит босанып кетпесiн, абайла, – деп Шәкеңдi ағам маған тапсырды да өзi үйге кiрiп кеттi. Мен ол кiсiнi аулақтан байқадым. Бiр сезiм тебiрендiрiп жүргенiн бiлдiм.
Шәкең бақ iшiнде жай сейiлдеген кейiпте. Байқағаным – екi бетi алаулап тұрған секiлдi. Кейде екi қолын тарақтап, кейде байсалды қалыппен зеңгiр көкке көз жiбередi. Ендi бiрде менiң көзiме вальс билеп жүргендей көрiнедi. Осылай жүрiп үлкен алма ағашының түбiнде ұзақ тұрды. Тағы да аяңмен жүрiп бақтың тау жақ шетiне шықты. Бұл жерден Қарақұрдың ең биiгi Айыртау тиiп тұрғандай едi. Шығысқа қарай бұл тау созыла барып Мыңжылқыға ұласады. Осы тау жақтан көз алмаған Шәкең ұзақ тұрды. Бiрде екi қолын артына ұстайды, ендi бiрде құшырлана тарқатады. Мен бiлсем, бiр сырлы сезiмдi әдемi әуен теңселтiп, тербелтiп тұр. “Ән шiркiн осылай туады екен-ау”, – дедiм тасада Шәкеңнен көз алмай тұрып. Осы кезде совхоз партия ұйымының хатшысы Бәкен Сәдуақасов: – Шәкең қайда, дәм дайын болыпты, – дедi есiк алдынан дауыстап.
– Қазiр Сәке, алып кiрем, – дедiм. Ол кiсi үйге қайта кiрiп кеттi. Осылай бiр уақ өттi. Сабасына түстi ме, Шәкең бiр кезде барып үйге қарай беттедi. Дәл маған қарай келе жатыр. Сасқанымнан алдынан шыға бердiм. Көңiлi көтерiңкi, жүзiнде үлкен бiр iс тындырғандай өзiне-өзi ризашылық кейiп бар.
– Әй, жорналшы бала, менi iздеп жатыр ма? – дедi күлiмсiреп.
– Иә, – дедiм қатарласа берiп.
Қонақтар үлкен бөлмедегi ұзына бойы қойылған үстелге жайғасты. Шәкең қақ төрде. Дәм келдi. Шәкеңе алдымен бас тартылды. Шәкең бас тартыл­ған тәрелкенiң шетiнен ұстап, сәл ойланып отырды да: “Директор жолдас, сiздiң тоқалыңыз бар ма едi?” – дедi қатарласа отырған адамға қарап. Мына тосын сауалға аңтарылып қалғандар, бiр сәт тым-тырыс бола қалды. Бәйбiше, тоқал деген сөздер қолданыстан шығып кеткеннен кейiн бе, бұл сөз жұрт құлағына жағымсыздау тиген болуы керек, бәрi аңтарылып Шәкеңе қарады. Ағам да сасыңқырап қалып “Жоқ, Шәке” дедi.
– Онда мына бастың бiр құлағы қайда? Дастар­қан басы тым-тырыс.
– Шәке, бiздiң оңтүстiк бастың бiр құлағын алып қоятынын бiлесiз ғой, – деп сөзге партком хатшысы араласты.
– Иә, бiлем. Мына солтүстiк жақта екi құлағымен қояды екен. Бiр үйде осындай қонақта бас маған екi құлағымен қойылды. Үй иесiнен мәнiсiн сұрадым. Сонда әлгi кiсi былай дедi:
– Бұрын байлардың бәйбiшесi, тоқалы болады. Бәйбiше би болғандықтан оның балалары да еркiн жүрiп тұрады ғой. Үйге қонақ келiп, бас тартылғанда мейман құлақты балаларға бередi. Тоқал баласы мейман үйдiң босағасынан да сығалай алмайды ғой. Содан құлақтың екеуi де бәйбiше баласына тиедi екен. Бiрде ызаланған тоқал:
– Қазанды асатын мен, жақты жейтiн бәйбiше, құлақты жейтiн баласы, – деп бастың бiр құлағын кесiп алып, баласына берiптi. Артынша-ақ: – Құлақ қайда? – деген дау шығады ғой. Тоқал тапжылмай әлгi сөзiн көпке айтып салады. Сонда үлкендер ақылға келiп: – Әйел кiмнен кем? Қазан иесi кiм? Сол не берсе, соны жеңдер. Тоқалдiкi уәж деген екен.
– Шәке, тоқалым жоқ едi. Бас бiр құлағымен бүтiн келiп тұр, түсiнбедiм, – дедi күлiп үй иесi. Шынында да иланатын сөз ғой. Өмiрде болған оқиға сияқты. – Мынаның құлағы жоғына қарағанда тоқалыңыз бар, әйтпесе жоқ құлақтың мәнiсiн айтыңыз, – деп Шәкең күлiмсiрей жан-жағына қарады.
– Шынында да себебi не деп жұрт аңтарыла бiр-бiрiне қарасты. Ешкiм жауап айта алмады.
– Мiне, ешқайсысың себебiн айта алмадыңдар онда менiң сөзiм дұрыс болғаны ғой, ә! – деп Шәкең кеңкiлдей күлдi.
– Шәке, Айтекең жасырып отыр. Тоқалы бар деп үй иесiмен әзiлдесетiн қатар-құрбылары шуласып жатты.
Шәкеңдi шығарып салар сәтте Айтбек аға қоштасу сөз сөйлеп тұрып:
– Құрметтi Шәке, Сәке! Қай кезде келсеңiздер де есiгiмiз ашық, төрiмiз дайын. Көп кешiкпей өздерiңiз уәде берген Терiскейiмiз туралы әндi тамылжытып алып келетiндерiңiзге сенiмдiмiз. Бiрақ осы өлеңнiң iшiне Қарақұр туралы ұмытпай қосуларыңызды мына ел сiзден сұрап отыр, – дедi. Жиналғандар дуылдаса қостады.
Ақын Сабырхан сөзге араласып:
– Блокнотыма үлкен әрiппен жазып қойдым. Мiндеттi түрде қосылады, – деп жұртты шын көңiлiмен сендiрдi.
Шәкең аса ризашылықпен бата бердi. Екi арыспен ауыл қимай қоштасты. Көп ұзамай-ақ республикалық “Лениншiл жас” (қазiргi “Жас Алаш”) газетiне “Терiскей” әнi нотасымен жарияланды. Ақын Сабырхан жазған ән өлеңiнiң екiншi шумағындағы:
Мыңжылқы, Келiншектау, Шолаққорған,
Қызылкөл босамайды қонақтардан.
Қарақұр Сарыарқаға сәлем айтар,
Қаратаудан, бұлақтардан, –
деген сөздердi оқып, төбемiз көкке жеткендей болды. Осыдан кейiн белгiлi әншi Нұрғали Нүсiпжанов осы өлеңмен “Терiскейдi” шалқыта шырқады. Айта­йын дегенiмiз, қазiргi әндi айтушылар “Қарақұр” сөзiн өзгертiп “Ақбикеш” деп айтып жүр. Мұның мәнiсiн сұрасақ:
– Жақсы әннiң сынын “Қарақұр” деген сөз кетiрiп тұр. Ақбикеш сөзi әнге келiсiмдi, – дейдi. Ал Нұрғали аға әлi күнге бұрынғы бiрiншi қалпымен айтады.
Ән – көңiлдiң ажары. “Терiскейдi” тыңдаған сайын әннiң алғаш шығу сәтiне куә болғаныма, қуанам. Шәкең машинаға мiнiп жатып қоштасқандарға:
– Қуана берiңiздер, әндерiңiз шықты деген болатын. Бұл күн бiздiң Шәкеңдей ұлы жүректi адаммен Сабырхандай терең сырлы ақынмен соңғы кездесуiмiз екенiн кейiн бiлдiк.
 
Ескермес Жақсымбетұлы.
Қарақұр ауылы,
Созақ ауданы,
Оңтүстiк Қазақстан облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті