1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №41 (15499) 25 мамыр, сейсенбі 2010
"Жас Алаштың" музыкалық қосымшасы.
25 мамыр 2010
Лесбек АМАНОВ, сазгер: Қара бауыр қасқалдақ — Қонаев, қаңғып келген шүрегей — Колбин

Жүрекке сөзбен жетпеген дүние әнмен жетедi. Музыканың құдiретi де осында ғой. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастар туралы елдiң арасында екiұдай пiкiр қалыптасып, билiк көтерiлiсшiлердi нашақорға, маскүнемге теңеп тұрған сәтте бiр ғана ән халықтың рухын көтерiп, iштегi бұғып жатқан ұлттық намысты қамшылады. Ол ән “Қара бауыр қасқалдақ” едi. Желтоқсан оқиғасынан тұп-тура бiр жылдан кейiн дүниеге келген әннiң тарихы туралы, әннiң авторы, белгiлi сазгер Лесбек Амановтың өзiнен сұрағанды жөн көрген едiк.

— Әннiң мәтiнiн жазған белгiлi ақын — Есенғали Раушанов. “Жұл­дыз” журналын қарап отырып осы өлең жолдары көзiме оттай басылды.
Қара бауыр қасқалдақ
Қайда ұштың пыр-пырлап?
Сазың қалды сәбидiң
Еңбегiндей былқылдап.
...Ұя қалса иесiз,
Айдын үшiн сол қайғы.
Қаңғып келген шүрегей,
Көлге пана болмайды, — деп ойын астарлап жеткiзген өлеңде автор қасқалдақ деп — Қонаевты, ал Колбиндi қаңғып келген шүрегей деп отырған астарын бiрден түсiндiм. Өлеңдi оқып отырып ән өзiнен-өзi шыға келдi. Бұл — 1987 жылдың 18 желтоқсаны болатын.
Алғашқыда әндi домбырамен, баянмен өзiм айтып жүрдiм. Кейiннен Шардара ауданында Асқар Момынов деген жiгiт жетек­шiлiк ететiн “Наз” тобы орындады. Топтың әншiсi Елiк деген қырғыз қызы болатын. “Қас­қалдақты” ол сахнада құлпыртып, тiптен тамаша етiп айтты. Осы кездерi Шым­кенттегi музыка мектебiнiң директоры Қайрат деген жiгiт (тегiн ұмытыппын) әндi алғаш рет “Тамашада” орындады. 1989 жылы “Арқас” тобы Шардараға гастрол­ьдiк сапармен келдi. Осы сапарда “Арқастықтар” “Наз” тобының орындап жүрген “Қара бауыр қасқалдақ” әнiн өздерiмен Алматы сахнасына ала кеттi. Көп ұзамай топтың әншiсi Болат Құсайынов оны “Тамашада” айтты. Ән бiрден халық арасына тарап кеттi.
 
“ЕСЕНҒАЛИДЫ ҚАТЕРДЕН ТАПҚЫРЛЫҒЫ ҚҰТҚАРДЫ”
— “Қара бауыр қасқалдақ” әнi саяси астармен жазылғаны Кол­биннiң де құлағына жеткен екен. Содан ол әннiң сөзiн жазған Есенғали Раушановты дереу шақыртып алады. КГБ-ның адамдары алып кетiп бара жатқан ақынның iшкi жан-дүниесi, әрине, әп-сәтте әлем-тапырық болған ғой.
— Мына өлеңнiң астарында не жатыр? — деген бiрiншi хатшының сұрағына ол:
— Геннадий Василевич, бұл өлең Арал теңiзiнiң проблемасына арнап жазылған. Қасқалдақ деген құс­тың­ қаны – тоқсан түрлi дертке шипа. Ал қазақтың түсiнiгi бойынша, шүрегей деген құс сол қас­қалдақты түрткiлеп көлден қуып жiбередi екен, — дептi.
— А-а, солай ма, жарайды онда, өте тамаша жазылған өлең екен, — дептi сонда Колбин. Есенғали бiр қатерден өзiнiң осындай тапқырлығымен құтылған көрiнедi.
Бiрақ қауiп бұлты мұнымен сейiлген жоқ. Сол бiр қиын кездерде Есенғали ақын Шардарадағы маған “Заман құбылып тұр, ертеңгi күннiң не болары белгiсiз” деп, телефон шалған соң, мен Қызылқұм­ның қойнауына сiңiп, мал бағып кеткен күндерiм де болды.
 
“ҚАСҚАЛДАҚҚА” БИЛЕУГЕ БОЛМАЙДЫ”
— “Қара бауыр қасқалдақ” әнiнiң мағынасын бiреу түсiндi, бiреу түсiнген жоқ. Бiрақ жаңа стильдегi ән болғандықтан, ол жас­тар арасында кең тарап, оған той-жиындарда жаппай билеу кең етек алды. Сол бiр кездерi газет-журналдарда журналистер, өнер адамдары, жалпы зиялы қауым өкiлдерi “Бұл әнге билеуге болмайды. Халықтың рухын көтерген, нағыз патриоттық әнге билеу – кешегi Желтоқсанға қатысқан жастардың төгiлген қанының үстiнде билеу” деген мағынадағы мақалаларын жазып жатты. Содан берi бұл ән көбiне Желтоқсан оқиғасының қарсаңында айтылып келедi.
1991 жылы Дiнмұхаммед Қо­наев­ ақсақал Түркiстанға зиярат етуге келген сапарында
— “Қара бауыр қасқалдақ” әнiн шығарған сазгер осы Шым­кенттiкi көрiнедi. Сол жiгiтпен кездессек, — деген тiлегiн айтыпты. Димкеңе жолықтыру үшiн менi Шардарадан арнайы алып барды. Қазығұрт ауданында жолықтық. Осындағы аудан басшысының үйiнде отырып әндi Димекеңе бiрнеше мәрте орындап бердiм. Димекеңнiң көңiлi толқып: “Қазақтың қай қиырына барсам да менi “Қара бауыр қасқалдақ” әнiмен қарсы алып жүр. Өзiң де қазақтың қара баласы екенсiң, рахмет саған!”, — деп ризашылығын бiлдiрдi.
Ал Есенғалимен 1993 жылы Алматыда досым әрi жерлесiм, ақын-ғалым Бауыржан Қарабеков жолықтырды. Оны Ұлықбек Тұң­ғышбаев деген азаматтың үйiне арнайы шақыртты. Есенғали кездесуде өзiнiң жаңадан жарыққа шыққан “Қара бауыр қасқалдақ” деген кiтабын маған сыйға тартты.  
 
“ХАЛЫҚ ӘННIҢ АВТОРЫН КЕШ ТАНЫДЫ”
— Алғашқыда әннiң авторының кiм екенiн жұрт бiлген жоқ. Түрлi кештерде “Қара бауыр қасқалдақ” авторы белгiсiз, халық әнi ретiнде айтылып жүрдi.
Тоқсаныншы жылдардың басында “Арқас” тобы Өскемендегi гастрольдiк сапарында өздерi шыр­қап жүрген “Қара бауыр қасақалдақ” әнiн “өзiмiз шығарғанбыз” деп, жариялап жiберiптi. Сол жер­дегi бiр топ шымкенттiк азаматтар бұған ренiш бiлдiрiп: “Жоқ, бұл ән сендердiкi емес, оны шығарған өзiмiздiң шардаралық сазгер Лесбек Аманов”, — дептi. Сол жерде “Арқастықтар” көпшiлiктен кешi­рiм сұрапты.
Осыдан кейiн ән теледидардан айтылса, менiң аты-жөнiмдi жазатын болды. Тоқсан төртiншi жылдары ақын Әкiм Ысқақ Шардараға арнайы iздеп барып, менен сұхбат алды. Кейiннен “Лениншiл жас” газетiне “Қара бауыр қасқалдақ әнiнiң авторы кiм?” деген мақала суретiммен бiрге жарияланды.
   
“ПСИХОЛОГИЯ МЕН ФИЛОСОФИЯНЫ ОҚЫМАЙ-АҚ САЗГЕР БОЛҒАНМЫН”
— Домбыраны қолыма бес жасымда алдым. Әкем жарықтықтың ақындығы болатын. Әкем Анас — бiр әулеттегi соғыстан аман-есен оралған жалғыз тұяқ едi. Екi ағасы майданда шейiт болған. Мен дүние­ге келген Қызылқұм ауданы Әжемсеңгiр деген жер қазiр Шардара су қоймасының астында жатыр. Ағам дүниеге келген кезде әкем “артынан тағы серiк болар бiр бала келсiн” деп, атын Серiк деп қойыпты. Мен туған кезде “Серiктiң артынан iлесiп жүрсiн” деп атымды Лесбек қойыпты.
Анам Маржанкүл дүниеден ерте қайтты. Мен ол кезде бес жаста едiм. Көксу кеңшарының          С. Ерубаев атындағы мектебiне барып, оны 1972 жылы бiтiрдiм. Әкемнiң жолын қуып (ол кiсi орман шаруашылығында жұмыс iстеген), Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға құжат тапсырғанмын. Бiрақ, түсе алмадым. Содан Алматы құрылыс техникумына түсiп, бiр жылдан кейiн оны тастап кеттiм. Себебi, өнер қайда жүрсем де, менi қол бұлғап шақырып тұрғандай болды.  
Бұдан кейiн Шымкенттегi әл-Фараби атындағы мәдениет институтына түстiм. Бiрақ оным қателiк болыпты. Мен о баста не консерваторияға, не музыкалық училищеге баруым керек едi. Ал мәдениет инс­титуты мәдениет қызметкерлерiн даярлайды екен. Бiр жағы оқуға той-жиындардан да қол тимедi. Қысқасы, көп ұзамай институттан шығып қалдым. Осыдан кейiн “Психология, философияны оқы­май-ақ сазгер боламын” деп, қолымды бiр сiлтеп ауылға тартып кеттiм. 1983 жылдан бастап 2002 жылға дейiн сонда аудандық мәдениет бөлiмiнде жұмыс iстедiм, — дейдi Лесбек Аманов.
Лесбек Аманов қазiр Шым­кент­тегi халық шығармашылығы орталығында жұмыс iстейдi. Расында да психология мен философияны оқымай-ақ, жоғары оқу орнын тәмамдамай-ақ, халық мойындаған сазгерлердiң қатарына қосылды.  Қазiр 100-ден аса әнi бар. Көпшiлiгi халық әнi болып кеткен. “Оралыңның барында ойна да күл”, “Ба­уырлар” тобының орындауындағы “Бiздер де ғашық болғанбыз”, Күләш Ахметованың сөзiне жазыл­ған “Қыз ұзату”, Мұқағалидың сөзiне жазылған “Әйелдер-ай, қандайсыңдар”, “Шолпанға” (“Жiгер” тобының орындауында), “Ақторғыным” әндерi – бүгiнде тойдың да, сахнаның да сәнi.
 
Ғалымжан ЕЛШIБАЙ.
Оңтүстiк Қазақстан облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті